Басты бет /

Жаңалықтар

ЖАРЫЛЫСТАН КӨЗ АШПАҒАН ДАЛАМ-АЙ…

31 Тамыз 2017
46
0

29 тамызда Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде «Көкейімде жанар жұлдыз» («Свет моей надежды») атты  Семей ядролық полигонының жабылуының 26 жылдығына және Халықаралық антиядролық сынаққа қарсы іс-қимыл күніне арналған қайырымдылық іс-шара өтті.

Аталмыш іс-шараға шақырылғандардың саны шамамен 500-ге жуық. Олардың ішінде Семей, Петропавл, Шымкент, Талдықорған қалаларынан ядролық жарылыстан зардап шеккен мүгедектер, барлығы   58 адам қатысады. Сонымен қатар бұл шараға көрнекті қоғам қайраткерлері, депутаттар, ядролық қозғалыстың өкілдері, кәсіпкерлер, журналистер, ардагерлер, студенттер, мәдени мекемелердің қызметкерлері, Қазақстандағы Семей ядролық полигонының бұрынғы әскерилері, волонтерлер де келмек.

Полигонның 40 жылдық тарихында Семейден 120 шақырым жерде 498 ядролық сынақ өткені белгілі. Оның 88-і ауада, 30-ы жер бетінде, 340-ы жер астында жарылған. Соңғысының қуаты 1,5 мегатонн мөлшерінде болған. Айта кетер бір жайт, сынақтан 1.5 миллион адам зардап шекті.
Бұдан кейінгі 25 жылда жер асты жарылысының салдарынан адамдар әртүрлі ауруларға ұшырап, сол сырқаттың қасіретін әлі де зардап шегіп келеді. Бұл сырқаттардың тұқым қуалайтындығы да ғылыми негізде дәлелденді, оның қасіреті 300 жылға дейін созылуы мүмкін.
Сол жылдары полигонға шаруашылық жайылымдар мен егістік жерлер тартып алынып беріліп, соның салдарынан аймақ экономикалық және әлеуметтік дағдарысқа ұшырады. Бастапқысынды адамдарға, жануарлар мен табиғатқа тікелей зардабын тигізген ашық сынақ жасалды. Халық өте ауыр және созылмалы сәулеленуге ұшырап, сынақ зардаптары Хиросима мен Нагасакидегі атомдық бомбалаудан 2,5 есе асып түсті. Семей маңындағы радиациялық әсер аймағында тұратын 500 мыңдай адам осы сынақтан азап шекті.

1989 жылы 28 ақпан күні  мемлекет қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының бірінші хатшысы Олжас Сүлейменов Семей ядролық сынақ полигонын жабу мақсатында халықты қозғалысқа бірлесуге шақырды. Бұл қозғалыстың аты Халықаралық ядролық апатқа қарсы «Невада-Семей» деп аталды. Осы бастаманың арқасында,  тұңғыш рет КСРО Үкіметі ядролық қа­руды сы­науға тыйым салу – мораторий жасау тура­лы ше­шім шығарды. Қазақстан Респу­бли­касының егемендігі туралы Декларацияда ел аума­ғы ядро­сыз аймақ деп жарияланды. Қазақ­стан Республикасының Пре­зиденті Н.Ә. Назарбаевтың Семей полиго­нын жабу туралы Жарлығы – 1991 жыл­дың 29 тамызы күні шықты. Сөйтіп тиянақтылық пен табандылық танытқан қазақ халқы өз мақсатына жетті.

–Менің қаулыммен Семей ядролық сынақ полигоны біржола жабылды. Бұл дата – ғаламдық және әлемдік масштабта тұрақтылық пен келісімді достық пен жемісті түрде нығайтудың рәмізі іспеттес. Бұл шешім Қазақстан жерінде сансыз қасірет пен шығынға әкелген жүздеген ядролық жарылыстарға тоқтау қойды. Әлемдегі төртінші ядролық арсеналды иелене отырып, одан ерікті түрде бас тартудың маңыздылығы одан кем емес. Семей ядролық полигонының жабылуына танымал қоғамдық қайраткер Олжас Сулейменов басшылығындағы «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы үлкен үлес қосты, – деді Президент Н.Назарбаев.

Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы шешім  –  болашақ әлемнің қауіпсіздігін ойлаған қадам. Бұл әрине Қазақстан Президенті Н.Назарбаевтың ерен еңбегі.

 

Аталмыш іс-шараға G-Global Халықаралық секретариаты, International Invest Company «МАК», «Expo&Women»халықаралық ұйымдастырып отыр. Сондай-ақ Bike of Peace Норвегиялық ұйымы IOLANA Халықаралық ядролық қару-жараққа қарсы адвокаттар ассоциациясы, Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университеті, «Ұлы дала қырандары» Республикалық  қоғамдық-әлеуметтік мәдени халықтық қозғалысының тең төрағасы Садыбек Түгел қолдау көрсетіп отыр.

Шара барысында Семей полигонының жабылуына арналған фильмдер мен слайдтар көрсетіледі. Форумға қатысушылар Астана қаласының суретшілері – Халықаралық конкурстардың жеңімпаздары  Гүлмира Телғозиева мен Рената Елубаевтың «Көкейімде жанар жұлдыз» – «Свет моей надежды» атты көрмесін тамашалады.

Іс-шара барысында Семей ядролық полигонындағы сынаққа қарсы халықтың наразылығынан туындаған танымал композитор Төлеген Мұхамеджановтың «Заман-ай» әні  орындалды.

Аталмыш іс-шара патриоттық әндер орындалатын концертпен аяқталды.

Еркін ҚАЛДАН

Ақпарат көзі: "Айқын" газеті

Версия для печати

Пікір қалдыру үшін жүйеге кіріңіз.