Басты бет /

Жарияланымдар

КАСПИЙ ӨҢІРІ ЕЛДЕРІНІҢ ЭКОНОМИКАЛЫҚ ЫНТЫМАҚТАСТЫҒЫ МЕН ИНТЕГРАЦИЯСЫНЫҢ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРІ

23 Қаңтар 2017
199
2
Авторлар: Сабирова Р.К. экономика ғылымдарының кандидаты, доцент

Каспий өңірі елдерінің заманауи дамуы мен және олардың экономикалық ынтмақтастығының негізгі анықтаушы фактор аймақтық экономиканың стратегиялық ресурстарға, атап айтқанда, мұнай мен газға әлемдік сұраныстан, демек, сыртқы саяси халықаралық қатынастарға тәуелділігі болып табылады.

Каспий – өте маңызды страте­гия­лық аймақ. Географиялық орналасуы оны Еуразиядағы ғана емес, дүние жүзіндегі ықпалды теңіздердің қатарына қосты. Каспийдің қойнауынан мұнай мен газдың мол қоры табылғалы бері мәселелер туындап келеді. Бес мемлекеттің үлесі бар теңізде 68 миллиард баррель қара алтын қоры бар екендігін геологялық барлау арқасында анықталып отыр. Ал әлемдегі мұнайдың барланған қоры – 150 миллиард баррель. Ендеше, Каспий маңындағы мемлекеттер үшін теңіздегі үлесті тиімді бөлудің маңызы зор.

Каспийдің құқықтық мәртебесін анықтау мәселесі КСРО ыдырағаннан бастап өзектілігін жоймай келеді. Бұрынғы біртұтас құрылымнан жаңа тәуелсіз мемлекеттер – Қазақстан, Әзірбайжан, Түркіменстан бөлініп шыққан соң теңізді бұрынғыдай екі мемлекет (КСРО мен Иран) емес, бес ел бөліске салуы керек болды.  2007 жылы Тегеранда өткен II Саммитте Әзербайжан, Иран, Қазақстан, Ресей, Түркіменстанмен қол қойылған Декларация әлемдік экономиканың жаңа субъектісі ретінде Каспий өңірлік әлеуметтік-экономикалық жүйенің қалыптасуына негіз болды және ол Каспий өңірі елдерінің мұнайгаз мәселесін дербес реттеуге мүмкіндік жасады.

Каспий өңірінің әлемдік геосаяси және геоэкономика субъектісіне айналуы бір жағынан, аймақ елдерінің халықаралық байланысы мен Кавказ, Орталық Азия, Таяу Шығыс аймақаралық қатынастарының нығаюына, екінші жағынан, аймақтық нарықта қарама - қайшылықтардың туындауына алғышарт болып табылды. Өз кезегінде, Қазақстанның өңірдегі халықаралық экономикалық қатынастардың қалыптасуына елеулі ықпал етуі елдің ресурстық әлеуетімен, сыртқы сауда географиялық ерекшеліктерімен, өңірлік интеграция мәселелеріне айрықша көзқарасымен негізделеді.

Қазақстан экономикасы мен сыртқы сауда құрылымында Каспий өңірі басты рөл атқарады. Негізгі сауда әріптестері ондығына Қытай мен еуропалық елдерден басқа, Каспий мемлекеттері – Ресей мен Иран кіреді.

Қазақстан-Иран арасындағы сауда-экономикалық ынтымақтастықта тауар айналымы 1992 ж. 229 мың АҚШ доллары болса, 1995 ж. бұл көрсеткіш 58,9 млн. АҚШ долларын құрады. 2005 ж. 900 млн. АҚШ доллары, ал в 2007 ж. 2,495 млрд. АҚШ долла­рына тең болды. Әлемдік қаржы-экономикалық дағдарысқа байланысты тауар айналым көрсеткіші 1,3 млрд. АҚШ долларына дейін төмендеді.[1]

Бүгінгі таңда әлемдік ахуалға байланысты Қазақстан-Иран арасындағы тауар айналымының көрсеткіші төмендеген. 2015 ж. 2 млрд. АҚШ долларына дейін жетті. Осы орайда, Қазақстан-Иран бизнес форумы бағдарламасы арқылы екі мемлекет арасындағы тауар айналымын жоғарлауына және екі елдің арасындағы экономикалық ынтымақтастықты жаңа сапаға көтеруге мүмкіндік береді.Бизнес форум аясында Қазақстан мен Иран жалпы сомасы 500 млн.АҚШ доллардан астам жобаларды бірлесе жүзеге асырмақ. Бұлар геология, металлургия, агроөнеркәсіптік кешен, көлік, туризм, логистика, құрылыс материалдарын өндіру салалары бойынша жобаларды жүзеге асыруды қарастырады. Соның ішінде гидрометаллургиялық зауытын салу, мыс кен орнын ашуды қарастыру жөніндегі ынтымақтастық туралы келісімдер, Гүлістан провинциясында астық терминалын салу, Оңтүстік Қазақстан облысындағы керамикалық зауыт бойынша ынтымақтастық туралы құжаттары, сондай-ақ травертин өндіру жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумына қол қойылды. 2017 жылға дейін Иран тарапынан Қазақстанға жасалынатын инвестиция көлемін 1 млрд. АҚШ долларына дейін жеткізу жоспарлануда. Көлік-логистика, фармацевтика саласы және мұнай–химия өнеркәсібі бойынша әріптестік нығайтылмақ.

Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Назарбаев пен Иран Ислам Республикасының Президенті Хасан Руханидың мен Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердымұхамедовтің қатысуымен 2014 жылғы 3 желтоқсанда Инчебурун шекарасында ашылған Қазақстан – Түрікменстан – Иран үшжақты теміржолының салынуымен, Каспий теңізі шығысындағы өнеркәсіптік және мұнайлы аймақтардың ашық теңіздермен ең жақын байланысына жаңа бағыт орнады. Темір жол құрылысы бойынша арнайы келісімдер жүзеге асырылып қойды. 2007-ші жылдың желтоқсанында үш жақты үкіметаралық мәмілеге қол қойылды. Бұл бағыт Өзен (Қазақстан) - Қызылқая - Берекет - Этрек (Түрікменстан) - Горган (Иран) теміржол желісінің жалпы ұзындығы - 934,5 шақырым құрайды. Жолдың ең ұзаққа созылатын бөлігі - 722,5 шақырым - Түрікменстан арқылы өтеді. Қазақстан аумағына 130 шақырымы, ал Иран аумағына - 82 шақырымы кіреді.Жоспар бойынша осы жол арқылы өтетін тасымал көлемі бірінші жылы 9,6 млн. тонна болады деп күтілуде. Аталмыш жобаның іске асырылуы Қазақстан мен Иран арасындағы сауда-экономикалық байланыстың дамуына үлес қосады деп жобалануда. Иран қазақстандық бидайға қызығушылық танытып отырған елдердің бірі болып саналады. Қазақстан – Түрікменстан – Иран бағытындағы теміржолдың ашылуына байланысты, біздің еліміздің бидай экспортының көлемі 5 есе ұлғаюына мүмкіндік береді. Аталған бағыт Қазақстанның Парсы шығанағына ғана емес, Оңтүстік және Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка елдерімен сауда-экономикалық ықпалдастығын кеңейтуге мүмкіндік береді. Дегенмен, бұл жақын келешекке межеленген міндет. Ал бұған дейінгі ынтымақтастықтың нәтижесі деп «Қазақстан-Түркіменстан-Иран-Парсы шығанағы» теміржолын айтуға болады. Теміржол транзитінен бөлек, «Батыс Еуропа-Батыс Қытай» транзиттік желісі аяқталып келеді. Ал бұл автобанды Иран да өз тарапынан пайдалана алады. Қытай шекарасынан Каспий теңізіне дейін жететін осы транзиттік дәліздің екі ел үшін де маңызы зор. Осының өзі Иранның өз тауарларымен Қазақстан арқылы Қытайға, Ресейге шығуына үлкен мүмкіндік туғызады.[2]

Қа­зақ­стан мен Иранның түрлі саяси, экономикалық және мәдени салалардағы екіжақты байланыстары сындарлы ырғақпен дамыды. Соңғы жылдары оның екпіні көптеген себептермен, тәуелсіздіктің алғашқы он жылындағыдай болмағанымен, екі мемлекет зор әлеуеті бар екендігін түсіне отырып, алдағы мүмкіндіктерді пайдалануға мүдделі.

Дегенмен, жалпы алғанда, Ресейді есептемегенде, Каспий өңірі елдері Қазақстанның сауда саясатына әсер етпейді. Қазіргі күнде Каспий өңірі елдерінің ҚР тауар айналымындағы үлесі 20% -дан сәл ғана асады. Ал Қазақстанның  Каспий өңірі елдеріне тауар экспортының 84%-ы, импорттың 99% -ы Ресейге тиісті. Қазақстандық экспорт өнімдері ЕО елдері мен Қытайға жіберілсе, негізгі импорттаушы Ресей болып саналады.

Каспий өңірі экономикасын интеграциялау үрдісіне қазақстандық қатысу ерекшелігі болып оның Еуразия елдерінің ынтымақстастығы мәселелеріне белсенді қатысуы табылады. Қазақстан өңірдегі экономикалық ынтымақтастық пен интеграцияның өзекті мәселелерін шешуге ықпал ете алуға қабілетті: өйткені, біріншіден, Еуразиялық интеграция стратегиясына сүйенеді; екіншіден, каспийлік экономикалық жүйенің тұрақтылығына мүдделі барлық өңірлік одақтарға кіреді: ТМД, Кеден Одағы, ЕУрАзЭО, ОЭС, ШОС, ЕАО; үшіншіден, АҚШ, ЕО, Орталық Азия елдері, Қытай, Үндістан және өңірдің басқа елдері арасында БҰҰ және басқа халықаралық одақтар мүшесі бола отырып делдал бола алуы мүмкін; төртіншіден, Каспийдің экономикалық және экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған бірқатар бастамалардың авторы ретінде Қазақстанды өңір елдерінің көпшілігі қолдайды.

Біздің ойымызша, жеке аймақтық одақ шеңберінде өңірдегі елдердің жақындасуы; ТМД, ЭҚДҰ, ШЫҰ форматында «каспийлік мәселені» қарастыру; Каспий өңіріне қатысты олардың ортақ позициясын қалыптастыру арқылы Қазақстан Каспийдегі интеграциялық үрдістерді белсенді ету үшін нақты мүмкіндіктерге ие.

Каспий өңірі экономикасының болашағын анықтайтын энергетика нарығының дамуындағы негізгі ғаламдық үдерістерге жататыны: энергоресурстардың әлемдік тұтынылуының өсуі; энергия ресурстарымен жабдықтаушылардың арасындағы бәсекенің күшеюі; көмірсутек нарығында басты ойыншылар-американдық және еуропалық компаниялардың рөлінің өзгерісі; каспийлік көмірсутек  тасымалдануы мен бақылауға ресейлік  монополияның жойылуы; Орталық Азияда батыс энергетикалық компаниялардың алдыңғы позицияларының жоғалуы, аймақ көмірсутегін тұтыну нарығы ретіндегі Қытайдың қалыптасуы.

Энергетика сферасында Қазақстан келесідей бағытта ынтымақтастықты дамытып келеді: ӨБК (СРП) шеңберінде Қарашығанақ, Қашаған және Теңіз кен орындарында жұмыстарын жалғастырып келе жатырған американдық, еуропалық компаниялар; географиялық, тарихи және экономикалық факторлармен шартталған Ресей және Қытай елдерімен ынтымақтастық, Қазақстанның аймақтық интеграциялық топтануға, Кеден одағына, ШЫҰ-на қатысуы және ғаламдық және аймақтық әріптестікті кеңейту тұрғысынан алғанда Қазақстан мен Каспий өңірі мемлекеттерінің экономикалық сферадағы ынтымақтастығы.

Сонымен қорытындылайтын болсақ, аймақ елдерінің экономикалық интеграциясының бірінші кезектегі мақсаты маңызды мәселелерді шешу болып табылады: Каспий өңірі отын-энергетикалық жүйесін жаңғырту (модернизациялау); әлемдік нарыққа энергия жеткізушілердің экспорттық маршрутын диверсификациялады.

Әдебиеттер тізімі
Пайдаланылған әдебиеттер: 1 Нефтегазовые ресурсы Казахстана в системе мировых и региональных отношений [Текст] : научное издание / ред. М.С. Ашимбаев . - Алматы : Изд-во КИСИ при Президенте РК, 2002. - 215 с. –ISBN 996545806X : Б. ц. 2 Акумбаева Д. Қазақстан-Иран екі жақты қарым-қатынастары/ http://group-global.org/kk/publication/
Пікірлер 2 Пікір қосу
25.01.2017 14:16:59
Қазіргі таңда актуальды болып отырған тақырып кеңінен қамтылған екен. Өте түсінікті тілде жазылған
26.04.2017 11:29:48
kazakh