Международный секретариат G-Global г.Астана, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Ақан сері туралы аз айтылып, аз жазылған жоқ. Бірақ әлі күнге дейін сырға толы ақтаңдақтар беттері бар екені шындық. Өмірінің соңғы кезеңі, жерге байланысты қайраткерлігі, суреттері т.б. мәселелер әлі де терең зерттеулерді қажет етеді. Соңғы уақытта Ақан сері Қорамсаұлының кесенесі «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасының тізіміне енсе, Ілияс Жансүгіровтың «Құлагері» ағылшын тіліне аударылып, бүгіндері Ақан есімі кәрі құрлықта да жаңғыратын болды. Сүйінші хабарлардың легімен, сері жайында аз-кем сөз қозғағанды жөн көрдік.

Ақан серi (шын аты – Ақжiгiт) Қорамсаұлы 1843 жылы Көкшетау уезiнiң Шалқар болысында Үлкен Қоскөл жағасында, қазіргі Солтүстік Қазақстан облысы, Айыртау ауданы, Антоновка ауылдық округінде дүниеге келген.

Жарқын қария немересіне есім беруі туралы Мәшһүр Жүсіп Көпеев былайша өрбітеді: «Күлік ішінде – Тілеуімбет – Наурыздың Тілеуімбетінен шыққан Бесімұлы Ақжігіт абыз Көкшетау маңайында өліп, топырағы сол жақта қалған екен. Ендігі жыл ел жайлауға барғанда, басына бата қыла барса, моласына үйрек жұмыртқалаған екен. Заманы жұрт:

* Мынау тегін жан емес, әулие екен! – дескен екен.

«Ақан серінің шын аты – Ақжігіт еді» - деген соң: «Сірә Ақжігіт моласы Қоскөл, Сарыкөл маңайында болады-ау!» -деп жүр едім. Айтушылардың айтуы: « Жарқын тоғыз қызын – жалғыз баласының қатыны – келінін молаға апарып, мал сойып, бала сұраған екен. Сол моланы «Ақжігіт моласы» - деседі екен. Сонан келе буаз болып, ұл туып, атын «Ақжігіт» қойған екен: «Ақан сері» атаныпты» дейді.

Ақжiгiт алғашқыда ауыл молдасынан бiлiм алып, хат таниды. Сонан соң Қызылжардағы Уәли медресесiнде оқыған. 16-17 жасында өнер жолына түседi. Тарихтың алтын парағына анасы еркелетiп қойған Ақан есiмiн мәңгi өшпестей етiп қалдырды.

ХІХ-ХХ ғасыр төл тарихымызда Қазақстан жеріне Ресейден қоныс аударушылар легі көшіп, жерлерімізден айырыла бастағанмен есте қалды. 1884-1905 жылдар аралығында Ақмола облысына қоныс аударушылардың саны 15 есе өскен. Ата қоныстан айырыла бастаған Ақан серінің ішіне де шер орнайды. Бұл уақытта Петербордан атақты Шөбектің шөбересі Сердалыұлы Мәмбет Әлі де елге оралған еді.

Мәмбет Әлiнiң әкесi Сердалы Ақанмен қоныстас, қатты сыйласқан дос және құдандалы болған. Құдандалы деп отырғанымыз, Шөбектiң ұлдарының бiрi, өз заманында қажыға барып, мешiт ұстаған, атақты бай атанған (Мырзалының iнiсi) Бегалы деген адам. Осы Бегалының үлкен ұлы Ералы Ақанның туған апасы Айшаға үйленген. Осы мәселеге тоқтай кетсек. Себебі, осы жерде екі ұдай пікір бар. 2013 жылы Фолиант баспасынан Илья Жақанов ағамыздың Ақан сері өміріне байланысты «Бір кезде Ақан едім аспандағы...»

атты құнды еңбегі жарық көрді. Зерттеуінде Илья ағамыз мынандай мәлімет келтіреді: «Айшаға тағы бір құда дәме қып, іле-шала сөз бастады. Бұл – Шөбектің Бегалысы! Айшаны үлкен ұлы Оразалыға алып бермекші...

Құдалық сөз басталғанда, екі жақ тағы да оп-оңай келісті. Бірақ, қисынсыз іске не дауа, қас қылғандай Бегалы мырза да Қоңыр атты сұрады. Бұған күйінген Ақан сері:

* Сіз осы адам алуға келдіңіз бе, жоқ, әлде ат алуға келдіңіз бе? Екеуінің сізге қайсысы қымбат, Бегалы мырза? – деп, тағы да бұлқан-талқан боп, шап ете түсті.

Ұлының мына сөзі Қорамсаны бүк түсіріп, үнін шығармады. Ешкімге дес бере қоймайтын Бегалы мысы құрып, сөзден тосылды. Құдалық сөз сабындай бұзылды» - дейді. Шежіреде Бегалының Оразалы деген ұлы болмаған. Бегалыдан Ералы, Әлібек, Жүсіпбек, Кенжеболат тарайды. Үлкен ұлы - Ералы. Айша осы Ералыға тұрмысқа шығады. Бүгіндері ұрпақтары Петропавл, Көкшетау, Айыртау өңірлерінде тұрып жатыр. Сондықтан Бегалы мен Қорамса құйрық-бауыр жеп, төс қағысқан құдалар болған.

Ресей патшалығының саяси өмiрi жайына қанық Мәмбет Әлi Ақан серiнiң айналада болып жатқан жағдайларға дұрыс көзқараспен қарауға әсер еткенiн байқауға болады. Мысалға алпысыншы жылдары шыққан Н.Оспановтың "Ақан серi хақында" деген мақаласында Ақан серiнiң Көкшетау қаласына жиi келiп, онда ол Александр Андреевич Тарличев үйiне тоқтайтындығы жайында айтады. А.А.Тарличевтiң Петербург университетiнде оқып, II Александр патшаның өлiмiне және студентер қозғалысына белсендi қатысқаны үшiн сотталып, қуылғандығы, Қызылжарда адвокат болып iстегенi, 1886 жылы Көшетауға келгендiгi жайында баян етедi. Тарличев қазақ тiлiн өте жақсы бiлiп, iс қағаздарын аударумен айналысқан. Оның үйiне қонақ ретiнде жас Мәмбет Әлi де жиi барып тұрады екен. Ақан серiнi Тарличевпен таныстырып жүрген Мәмбет Әлi болуы керек. Бұл әңгiменiң өзiн Тарличевтiң немересi айтып, сөз барысында ол: "Ақан серi келгенде менiң атама өзiнiң сүйiктi "Қаратайы" туралы өкiмет орындарына арыз жазғызып алып едi" – дейдi. Ақан серi ауылы қонысынан айрылып, орнына қазiргi Коморовка селосы орнағанда, ескi мекенге барып жүрген Қаратайды (Ақан серiнiң мiнген аты) егiнге түстi деген сылтаумен ұстап алып, сатып жiберiптi. Бiрақ ол выборнайға, сотқа арызданғанмен әдiлдiкке жете алмай, содан "Қаратай" өлеңiн жазған.

Мәмбетәлi мен Ақан серiнi 1906 жылғы Столыпиннiң жер реформасы қатты ойландырады. Олар қазақ жерiн орыс переселендерiнен сақтап қалу үшiн көп iс шаралар атқарған. Әсiресе Мәмбет Әлiнiң еңбегiн ерекше атап кетуге болады. Ол шұрайлы жерлердi Ресейдiң iшкi губернияларынан орыс мұжықтары мен шаруалары қоныстанып, жергiлiктi халықты ығыстырып жатқанға наразылық бiлдiрiп, жергiлiктi патша үкiметiмен қызу айтыс-тартысқа түседi. Нөгербек Мағзұмовтың мақаласында мынандай сөздерi

мысалға келтiрiледi: "Бұларың барып тұрған заңсыздық. Бұл жерлерден ештеңе ала алмайсыңдар. Өйткенi ата-бабаларымыздың зираттары бар. Ал, заң бойынша ата-бабаларымыздың зираттары орналасқан жерге қол сұғуға тыйым салынған", – деп талай шенеунiктердiң табалдырығын тоздырса керек. Степан Емильянович Герасимовтың аузынан жазылып алынған Ақан серi жайында мына дерекке назар аударсақ: «1906 жылы көшiп келетiн шаруаларға жер өлшеп кесiп беру үшiн жоғарғы жақтан келген Еличев, Мельников деген екi инженердi Ақан ауылы Қараталға (қазiргi Коморовка селосы) атпен алып бардым, бiз Баялы (Сердалының iнiсi – С.Б.) байдың үйiне түстiк, кешiкпей Ақан да келдi. Көркем, орта бойлы, қызыл шырайлы адам екен, басына құндыз бөрiк киген, жiбек шапан сыртына жiбек белбеу буынған. Ақан екi инженерге өзiнiң атамекен жерiнен көшiрмеудi, басқа жерге орналастыру керектiгiн айтты,» – дейдi. Бұдан байқайтынымыз, 63 жасқа келген қарт ақынның ата қонысының жайын ойлап тыныштық таппай жүргендiгi. Осы жылдары ол ел iшiнде патшаның сойылын соғып жүрген әкiм-болыстарға сықақ өлеңдер жазып және Столыпин ылаңы тұсында елдiң жер-судан, қоныстан айрылуына наразылық бiлдiргенiн азаматтық сарындағы әндерiнен айқын байқауға болады. Ақан:

Қор болып крәсиянның табанында,

Қалайша күн көремiз дәурен кешiп?

Темiр айыр, ақ балта қолдарында,

Тiлге келмей ұрады өңмендесiп…

Қасиеттi ата-баба зиратының

Үстiне егiн салды, жайлап есiп – дейді.

Қонысынан айрылған елдiң мұң-мұқтажын ақын халық атынан айтады. Осы жылдары өткiзiлген Мемлекеттiк Думадан әдiлдiк, үмiт күтедi. Ал Мәмбет Әлi Ақан ағасының шерiн мемлекеттiк деңгейге көтерiп, арманын жүзеге асыру жолында болды. Бұл ретте Мәмбет Әлiнi де, Ақан серiнi де жақын бiлген Хамит Тiлеубаевтың "Мен Ақан серiнi көрдiм" деген деректi-мақаласына сүйенсек: "…Мәмбетәлi Петербургте оқыды. Социал-демократтар қатарында болатын. 1903 жылы Думада Қазақ-Қайсақ жұртының халы туралы сөз сөйлептi,» - дейдi. Мәмбетәлi Сердалиннiң «Орыс өнеркәсiбi мен саудасының дамуына көмектесу қоғамының» отырысында жасалған «Мал шаруашылығы мәдениетi арқылы Батыс Сiбiр даласын пайдаға асыру» атты баяндамасында ол: «Ежелден мал кәсiбiмен айналысып жүргендердiң ең шұрайлы жерлерiн алумен қатар бiздерге мал шаруашылық мәдениетiн жалғастыруға үлкен кедергi келтiрiп отыр. Себебi суаттардың барлығын десе кесiп-жауып тастаған. Малдарымызды суару үшiн, бiздер жаңа келген крестьяндардан суатты қымбат бағаға жалға алуымыз керек» – деп Ақан серiдей мұңын шағады. Баяндамасын қорытындылай келе Мәмбет Әлi амалы құрыған адамдай туған жерi үшiн сол қоғамнан: «Мен сiздерден ғасырлар

бойы қалыптасқан далалық өмiр құрылысын рахым етулерiңiздi сұраймын…» – деп сөзiн аяқтайды.

Ақан серi мен Мәмбет Әлi екеуiнiң достығының мықты болу себебi – олардың ойлары мен мақсаттары бiр, көксегендерi – ел бостандығы. Хамит ақсақалдың мақаласына оралсақ: "Ақанның соңғы өмiрi Сердалының балалары – Мәмбетәлi, Жәмшитпен тығыз байланысты болды. Ата-қонысынан айрылған әйгiлi әншiге Сердалы балалары үй салып бередi, қасына бiр жiгiт күтушi қояды, – дей отыра мынандай қызықты жайтты айтады, – 1906 жылы Жәмшит жездемнiң үйiне бардым. Петербургтен Абылайханов Сұлтанғазы әйелiмен Мәмбетәлiнiкiне келiп дем алып, үй тiктiрiп жатыр екен. Сұлтанғазы Ақанды шақыртып алдырды. Ақан қазақтың екi зиялысына көсiлiп бiрқатар өлеңдерiн айтып бердi. Сонда киiз үйде Ақанды ортаға алып, Мәмбетәлi мен Сұлтанғазы суретке түстi.» Үш тұлғаның бiрге тұрған бейнесi қағаз бетiне түскенмен бiздiң күнге дейiн жетпеген көрiнедi. Ақан серінің басқа да түскен суреттерi болған.

2016 жылы Қайрат Байбосынов ағамыздың «Сыр сандық» қазақ әндерінің антологиясы атты еңбегі жарық көрді. Кітапта Ақан серінің жиырмадан аса әні еңгізілген, бірақ назар аударар жайттардың бірі Ақан серінің Әлкей Марғұланның қорынан алынған, бұрын жарияланбаған суреті.

Хамит Тiлеубаевтың шығармасының тағы бiр ерекшелiгi – ол Ақан серiнiң бұл дүниедегi соңғы күндерiнiң куәгерi болуында. 1913 жылы Жәмшит жездесiне барғанында Мәмбет Әлi мен оның iнiлерiнен Ақан серi ауыр күйде жатқанын естiп, көпшiлiкпен ақынның халын бiлуге барған. Ақан серi қайтарының алдында да есiн бiлiп, өлең ұйқастырып жатқан екен. Екi күннен кейiн атақты Ақан серi бұл фәниден озыпты. "Атығай, Қарауылдың ат жетер жерiне жаназа айтты. Ақанды арулап жөнелтудiң жауапкерлiгiн Мәмбетәлi өзi алды, – дей отырып, – Ақанның сүйегiне елдiң әншi, ақындарын түсiрдi. …Ақанның сүйегiн Мәмбетәлi бастаған елдiң игi жақсылары көтерiп үйден алып шықты. Зират басында Мәмбетәлi сөз сөйледi. Жай сөйлемедi, көзiнiң жасы омырауына тамшылап, жылап сөйледi. "Мың кiсiлiк Ақан ағам-ай, бiр кiсiнiң өлiмiнде кеттiң-ау",– деп көп жылады", – дейдi.

Ақан серінің шәкірті атақты Үкілі Ыбырайдың жоқтауы Айыртау өңірін күңірентіп жібергендей болды:

Көз қайда, айнадай боп жайнайтұғын,

Тіл қайда, бұлбұлдай боп сайрайтұғын?

Ән қайда, қанша естісең тоймайтұғын,

Ақыл қайда жер түбін болжайтұғын?

Айтысқанды аз сөзбен байлайтұғын,

Асыл қайда бұрқырап қайнайтұғын?

Өзің ақын, өзің би Ақан аға,

Күн туды-ау, саған жоқтау арнайтұғын.

Құлады тауым алдымда,

Есімнен танып қалдым ба?

Тойымсыз туған қара жер,

Ақанды да алдың ба?!

Жайлы болсын тұрағың,

Пейіште жансын шырағың.

Шұрқырап шығып қарсы алсын,

Құлагердей пырағың.

Салтыңа мәңгі ерейін,

Жабыққан жанды жебейін.

Ақан-аға, бақыл бол,

Одан артық не дейін.

Мәмбет Әлi Ақанның қасиетiн жоғары бағалап, туған ағасындай болып кеткен досы да сырласынан айырылу ауыр тиген көрiнедi.

Бiр жылдан соң, яғни 1914 жылы 49 жасында жерiм деп егiлген, елiм деп еңiреген Мәмбет Әлi Сердалин де бұл дүниемен қош айтысады. Ақан серi мен Мәмбет Әлiнiң бiзге белгiсiз шығармалары да көп болыпты, екi азаматтың өмiрлерi қалай ұқсас болса, еңбектерiнiң де тағдыры бiр. Ақанның артынан қалған жалғыз тұяқ Ыбан деген мылқау баласы әкесiнiң кiтаптары мен қолжазбаларын 1919-20 жылдарға дейiн сақтаған. Ол 1925 жылға дейiн Бегалының мешiтiнде тұрған. "Ақанның қолжазбалары араб, парсы, түрiк тiлдерiнде оқыған кiтаптары Ыбанның қолында, осы Бегалы мешiтiнде сақталды" деп жазады өз естелiгiнде Хамит ақсақал. Арпалыс заманнан қорқуы керек, Ыбан әке мұраларын мешiттiң iргесiне көмедi. 1921 жылы Бiләл Малдыбаев сұрап барғанында алып бермекшi болған. Бiрақ қолжазбалары мен кiтаптарын егеуқұйрық тышқанның түтелеп тастаған үгiндiлерiн табады. Осы Ақан мұраларының iшiнде халық арасына толық таралып бiтпеген көптеген өлеңдерi, бiрнеше құнды да үлкен дастандары болса керек. Ақан серіден қалған жалғыз ұлын Ыбанды туысқандары Бақыбайқызы Дәметкен деген кісіге үйлендірсе керек. Ыбан сөйлемесе де жазу-сызуды білген, сауатты болыпты. Ұнамаған адамдарына қағазға өлең жазып кететін, ақындығы да болған екен. Дәметкен апамыздан екі ұл сүйеді. 1932 жылдары Ыбанның екі ұлын да Ресей жерінде аштық жалмайды. Әрине, оған дейін Ыбан да бұл дүниемен қош айтысқан еді. Осылайша Ақан сері әулеті ұлы зұлматтың құрбандарына айналады.

Мәмбет Әлiге келетiн болсақ, ол қайтқаннан кейiн жары Айша, күйеуiнiң бiр сандық жазбаларын дүрбелеңнен қорқып, қарт туысына көмдiрiп тастапты, көп ұзамай қария да Айша да қайтыпты. Бiр өкiнiштiсi, Мәмбет Әлi мұрағатын қай жерге көмгендерiн ешкiмге айтпай кетуiнде.

Екi биiк тұлғаның бейiттерi Солтүстiк Қазақстан облысы, Айыртау ауданындағы "Карасевка" ауылының жерiнде орналасқан. Ақан серi қайтқаннан кейiн Сердалының балалары шебер жалдап, ағаштан айшықтап зират тұрғызды. Бiрақ 1932 жылы қатты өрт болып Ақан бейiтiн жалмап

кетiптi. «Ақ желкен» журналында қазақтың бір туар ақыны, жазушы Хамит Ерғалиев туралы естеліктен: Мұрат ЕРҒАЛИЕВ, ақынның ұлы: – Іссапармен тыңға кеткен ғой. Қасында Қайнекей Жармағамбетов бар. Бірнеше облысты аралаған сол сапарында жəй жүрмей, Көкшетауға арнайы соғып, Ақан серінің моласын тапқан. Алғашында Ақан серінің моласына белгі ағаштан қойылған екен. Ол жақта ағаш көп болғандықтан, қабірдің басына белгіні ағаштан қою дəстүрі болған. Кейіннен өрт түсіп, молалар өртеніп кетіпті. Бірен-саран білетін шалдар ғана ешкімді жуытпай қорғаштап жүргенмен, олар қайтқасын тапталатыны анық. Сол шалдар Хамитке: «Осында Ахаңның зираты жатыр. Сен басшылардың біреуіне айтып қорғамасаң, обал болғалы тұр», – деп тапсырыпты. Бос жерлерді жырта беретін кесапаттардың науқаны емес пе, шалдар тракторлардың алдына тұрып алып, техниканы өткізбей қорғайды екен сонда. Əкеміз Көкшетаудың бірінші хатшысы Клишовқа барып, ақша бөлгізіп, Ақан серінің мазарын қоршатып, белгі қойдырып сақтап қалған екен.»

Қорыта айтқанда, өз заманының нағыз ұлдары Ақан серi мен Мәмбет Әлi шынайы достықтың үлгiсiн көрсеткен, қиындыққа қайыспай, замана қиыншылығына төзе бiлген асыл жандар. Сөзiмен де, iсiмен де арттарында өшпес iз қалдырған ұлы аталарымызды ұмытпау – келер болашақтың парызы.

Партнеры G Global

  • 001_3.jpg
  • 002.jpg
  • 002.png
  • 004.jpg
  • 004_2.jpg
  • 009.png
  • 15.png
  • ASEF_HORIZONTAL_5C_PNG.png
  • Bloomberg_logosvg.png
  • IOFS_logo.png
  • Logo.png
  • Offizielles_Logo_des_Europischen_Forum_Alpbach.png
  • Silok.png
  • Без названия.jpg