Главная /

Новости

Елордада «Жасыл экономика» көшбасшыларының форумы өтті

29 Апрель 2017
177
3

Елордада «Жасыл экономика» көшбасшыларының форумы өтті

«Жасыл экономиканы қолдау мен G-Global-ды дамыту коалициясы» мұрындық болған құрылтай аясында өнертапқыштар қоршаған ортаны қорғауға бағытталған жаңа технологияларын ел назарына ұсынды. Үздіктер арнайы сертификатпен марапатталды. EXPO-2017 халықаралық көрмесі «Жасыл технология» концепциясын ұстанатыны белгілі. 2013 жылы қарқын ала бастаған бұл түсінік жаһандық экологиялық ахуал аясында өзекті саналады. Осы мәселелерді назарға алған «Жасыл Қазақстан» атты «Жасыл экономика» көшбасшыларының І республикалық форумына отандық өнертапқыштар мен кәсіпкерлер жиналды. Жиын аясында ұйымдастырылған көрмеде ғалымдар келушілер назарына қоршаған ортаны қорғауға арналған технологияларын ұсынды. Бүгін жұрт назарына қойылған 25 технологияның тек бесеуі ғана EXPO-2017 халықаралық көрмесінің арнайы павильонынан орын табады. Солардың бірі мына сүзгіш мұржа. Көпшілік назарына іліккен ноу-хаудың әлемде баламасы жоқ, дейді химия ғылымдарының докторы Александр Борисенко. Профессордың айтуынша, бұл мұржа түтін шығару үшін емес, керісінше ауаны зиянды қалдықтардан тазартуға арналған. Александр Борисенко, «Absolut Ecology» ЖШС құрылтайшысы: - Бұл жобаға 15 жыл уақытымыз кетті. Сол аралықта жүргізген тәжірибеміз бен сынақтарымыз текке кетпеді. Көрмеге қойған өніміміз ауадағы лас қалдықтарды сүзгіден өткізіп, цех мұржаларынан шыққан улы газдарды залалсыздандырады. Бұған дейін Нұрсұлтан Назарбаевтың өзіне таныстырылған жоба бірден қолдау тапты. EXPO кезінде бұл технологиямызды әлемге еш қымсынбастан таныстыра аламыз. Инновациялық экспонаттар көрмесіне қойылған технологиялардың тең жартысы қуат көзін күннен, судан және желден алады, дейді форумды ұйымдастырушылар. Салтанат Рақымбекова, «G-Global» дамыту коалициясы» Заңды тұлғалар бірлестігінің басқарма төрайымы: - Сол технологияларды енгізіп отырған әлеуметтік нысандар бюджетке көп үнем жасап отыр. Бір жыл бойы осы бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, журналистерге «Жасыл баспасөз» деген байқау ұйымдастырған едік. 5 номинация бойынша. Сол номинациялар бойынша 70-тей жұмыс берілген. «Жасыл баспасөз» байқауына қатысушы 35 журналистің арасынан топ жарған 15 тілшінің қатарында «Хабар» агенттігінің қызметкерлері де бар. «Хабар 24» телеарнасына тиесілі «Жасыл экономика» бағдарламасының жүргізушісі Раухан Тоғымбаева түсірілім тобымен бірге еліміздің 14 облысындағы жүздеген инновациялық технологияларды жарыққа шығарып келеді. Раухан Тоғымбаева, «Жасыл экономика» бағдарламасының жүргізушісі: - Жалпы осы 5 жылда жүздеген стартап жобалар телеарнаның арқасында қолдау тапты деп ойлаймын. Себебі стартап иелерінің өздері бізде осындай жоба бар еді деп бізге хабарласып жатады. Түсірсеңіздер, біз оны жай ғана түсіріп қана қоймаймыз, болашақта оның қандай қолдау алды, шынымен нарыққа енгізілді ме, коммерцияландырылды ма, соның барлығын әрі қарай біз оны бақылап жүреміз. Ал «Үздік сюжет» аталымы бойынша «Хабар 24» арнасының Қостанайдағы меншікті тілшісі Игорь Нидерер топ жарды. Ол өзінің материалында қуат көзін үнемдеу инновациялары туралы тұщымды деректер келтіре білген. Игорь Нидерер, «Хабар 24» телеарнасының Қостанай облысындағы меншікті тілшісі: - Мен өз сюжетімде 3 тақырыпқа тоқталдым. Оның ішінде суды қайнатқан кезде электр қуатын үнемдейтін технологияға баса мән бердім. Өйткені су – өміріміздің қайнар көзі. Осы тақырыпқа арналған бейнематериалдың көп болғанын қалаймын. Бұл жұмыс еш уақытта бәсеңдемеуі керек. Кәрі құрлықта қуат көзін желден алады. Бір қаладан екінші қалаға бара жатқанда жел диірмендерін жиі көруге болады. Ал қолымдағы марапатыма келсем, байқауға қатысқан барлық әріптестерімді жеңістерімен құттықтағым келеді. XXI ғасырда экологияны қорғау мәселесі бүкіл дүниежүзінде өзекті екені белгілі. Күллі әлем болып қоршаған ортаны қорғау адамзаттың кемел болашағына кепіл бере алады. Ал жаңа энергетика өнімдерін шығару бұл осы мақсатқа жетудің басты тетігі. Cол тетікті ойлап табушы өнертапқыш-ғалымдарды кәсіпкерлермен табыстырып қана қоймай, олардың еңбегін нарықтандыру форумның негізгі мақсаты, дейді ұйымдастырушылар. Жуырда есігін айқара ашатын EXPO көрмесі енді осы мүмкіндікті бұрынғыдан да әлдеқайда қолжетімді етпек.



Источник: http://24.kz/kz/zha-aly-tar/o-am/item/174979-zhasyl-ekonomika-k-shbasshylaryny-forumy-tti
 

Версия для печати
29.04.2017 12:19:26
Экспо көрмесінде көрсетілетін баламалы энергия көздері, экологияға зияны аз технологиялар, "жасыл экономика", телеарналар қолдау тапқандары қуанарлық іс. Ал, сонда, екінші индустрияландыру бесжылдығын іске асыратын ИИД министрлігі, НАТР институттері не бітіріп отыр? Әлде, -"Президент нұсқау берген жоқ"-деп, Н.Ә.Назарбаевтың "айтуын" тосып отыр ма?
10.05.2017 12:42:04
құптарлық іс екен......
ХХI ғасырда экологияны қоршау мәселесі бүкіл дүниежүзінде өзекті. Күллі әлем болып қоршаған ортаны қорғау адамзаттың кемел болашағына кепіл беретіндігіне, осы мақала айқындап тұр