Главная /

Публикации

ТЕҢГЕНІҢ ҚҰБЫЛМАЛЫ ЕРКІН АЙЫРБАС БАҒАМЫНА ЖІБЕРІЛУІНІҢ ТЕОРИЯЛЫҚ ЖӘНЕ ПРАКТИКАЛЫҚ МӘСЕЛЕЛЕРІ ХАҚЫНДА

23 Январь 2017
94
0
Авторы: Мамбетов Убайдулла Есенулы, Сейфоллин Ізгілік, Ақмұратова Нұрлыайым

Мұндай құбылыстың өзіндік терең тарихи тамыры бар. Айталық, екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында АҚШ, Англия мемлекеттерінің үкіметтері халықаралық нарықта өздерінің монополияларының бәсекелестік қабілетін жасанды жолмен көтеру үшін валюталық курспен әртүрлі айла-шарғыға барды. Экономикалық өмірде «валюталық соғыс» деп ат алған бұндай шара арқылы ұлттық валютаның курсы басқа елдердің валюталарына қатысты жасанды түрде төмендетілді. Нәтижесінде бұл елдердің экспортерлері халықаралық нарықта өздерінің тауарларын өз елдерінің ішкі нарығында сатылатын бағадан төмен бағамен сатуға мүмкіндік алды. Осыған байланысты орын алған шығын-шетелдік валютадағы түсімді ұлттық валютаға айырбастау барысында өтелді. Басқаша айтқанда, бұл валюталық демпингтің дамуына себеп болды. Сонымен бірге, ішкі нарықты шетелдік экономикалық экспансиядан қорғау құралы ретінде кейбір елдердің үкіметтері бір емес, тіпті бірнеше валюталық курстарды ( экспорттық, импорттық, туристік т.с.с ) орнықтырды. Айталық, соғыстан кейінгі жылдарда ( 1950-1960ж.ж ) Халықаралық Валюта Корының мүшесі болып табылатын 38 елде, соның ішінде Латын Америкасының-12, Еуропаның-13, Орта және Қиыр Шығыстың-13 елінде көптеген валюталық курстар қолданылды. [1]

Халықаралық Валюта Қорының директоратымен келісілген валюталық паритеттің ағымдық операциялар бойынша төмен немесе жоғары 1% ауытқу талабы, шын мәнінде, орындалмады десе де болады. Себебі төлем балансының жағдайына әсер ету және ұлттық шаруашылықтарын жат елдердің әсерінен қорғау үшін кейбір елдер өздерінің сыртқы есеп айырысуларында, валютаға сұраныс пен ұсыныс негізінде қалыптасатын құбылмалы валюталық курсты қолдануға басымдық берді. Айта кетуіміз керек, өздерінің төлем балансын теңестіру мақсатында валюталық курсты пайдалану қажетттілігі, көбінесе  сыртқы экономикалық қатынастары шикізат ресурстарының экспортынан тәуелді дамушы елдерге тән болды. Негізінен, құбылмалы валюталық курс, ХХ ғасырдың 70-шы жылдарының ортасынан бастап Халықаралық валюта қорының Ямайкадағы сессиясының шешімінен кейін кеңінен тарады. Шындығын айтуымыз керек, қазіргі кезде де көптеген елдер құбылмалы валюта курсы жағдайында «күшті» валюталарға тәуелділігінен бас тарта алмай отыр. Дегенмен, қазіргі заманғы ғалым-экономистердің пікірінше елде тіркелген курста емес, құбылмалы валюталық курста емес, «басқарылатын құбылмалы» валюталық курс әрекет етеді, оны үкімет қатаң бақылап отыруға және реттеуге тиісті. Соның бір айғағы - елімізде соңғы апталарда бірнеше мәрте жасалған валюталық экспансия. 2015 жылдың 20 тамызында теңгенің еркін құбылмалы курсына жіберілгенінен кейін теңгенің 1долларға шаққанда 188,38 теңгеден 308 теңгеге дейін құнсыздануы ішкі нарықтағы тауарлар бағасының елеулі өсуіне әсер етті. Бұндай жағдайды реттеу мақсатында Ұлттық банкпен 5млрд.доллар валюта нарығына шығарылды. Бұл теңгенің доллорға шаққандағы бағамын белгілі бір шамада ұстап тұруға, тұтыну тауарларына бағаны тұрақтандыруға қолайлы жағдай жасады.

Мойындауымыз керек, бұл шараның уақытша ғана тұрақтылықты қамтамасыз ететіні, еркін валюта бағамы жағдайында валюта нарығының заңдылықтарына қайшы келетіні айқын болатын. Соның айғағы – Ұлттық банктың жаңа басшылығының валюталық интервенциядан бас тартуы, нәтижесінде теңгенің долларға шаққандағы бағамының 308 теңгеге дейін көтерілуі, нарықтағы тауарлар бағасының өсуі болып табылады. Бірден ескертейік – осыған бола жағдайды ушықтырудың қажеті жоқ. Себебі бағаның шұғыл өсуіне негіз жоқ, ол тек  қана тенденция сипатында болады, және де оны экономикалық тұрғыдан алғанда қалыпты ситуация деп түсіну керек. Сөзіміз дәлелді болу үшін мынандай мәселелерге назар аударайық. Айталық, импортталатын тауарлар бағасын есепке алмай-ақ отандық тауар өндірушілердің тауарларының өзіндік құнында долларлық үлестің (көп болсын, аз болсын) болатынын жоққа шығара алмаймыз. Сөз жоқ, бұл бағаны жоғары қарай «сүйрейтін» фактор. Қазақстандық қаржы сараптамашысы Айдархан Құсайыновтың әділетті пікірінше бағалардың өсуі тек қана импорттық үлестің болуында емес, сонымен бірге теңгенің долларға шаққандағы кесімді бағамының ұлттық тауарлардың бағасына қысым жасауының жойылғанымен де байланысты. Шындығында арзан импорт, кесімді бағам жағдайында отандық тауар өндірушілерді елеулі шығынға ұшыратып, есеңгіретіп тастады. Керісінше валютаның еркін бағамы жағдайында шығынды өтеп қана қоймай, пайда алуға да мүмкіндік беріп отыр. Осындай дәлелдерді ескере отырып, отандық тауар өндірушілерді жазғырмай қолдау керек. Әрине қатардағы бұқара тұтынушылар үшін бағаның қандай деңгейге өскені абыржытарлық құбылыс, бірақ қасірет емес. Тек қана біреулер бұрынғыға қарағанда аздау тұтынуға мәжбүр болады.

Тіркелген валюталық паритет пен еркін құбылмалы валюталық курс жақтастарының арасындағы пікірталас әлі күнге дейін созылып келеді. Тұрақты паритет жүйесін жақтаушылар, мұндай жүйе инфляциямен күресудің сенімді құралы болып табылады, ол валюталардың бәсекелес құнсыздануын пайдалануға тосқауыл болады және халықаралық рынокта валюталық соғысқа жол бермейді деген уәж айтады.

Еркін құбылмалы валюта курсын қорғаушылар - бір немесе басқа бір валютаны бағалау, бірінші кезекте, нарықтық факторлармен анықталуға тиісті және валюталық курстарға өздерінің деңгейін сол валютаға сұраныс пен ұсыныстың әсері арқылы табуға мүмкіндік берілуі керек. Валюталық паритетті және төлем балансының тепе-теңдігін анағұрлым икемді және іскерлік белсенділікті іркетін дефляциялық шараларды қолдануға қарағанда, валютаның еркін бағамы елдің экономикасы үшін аз шығын жұмсалатынымен байланысты болып табылады. Құбылмалы валюталық курсты пайдалану елдің экономикалық ахуалын және сыртқы экономикалық есеп айырысуының жағдайын көрсететін нақты курсты біліп отыруға, сонымен бірге, елдің шетелдік өтімді ( ликвидный ) ресурстарға деген қажеттілігін жедел қысқартуға мүмкіндік береді.

Мойындауымыз керек, 1949 жылғыдай 2015 жылы орын алған валюталардың жаппай девальвациясы ( Ресей, ҚХР, Бразилия, Аргентина, т.б. ) алпауыт елдердің арасындағы күштердің арақатынасына елеулі өзгеріс әкелген жоқ, себебі девальвацияның артынан валюталық және сандық шектеулер жойылмады, ал девальвацияға ұшыраған валюталар, бұрынғыдай, қайтымсыз валюта күйінде қалып отыр және халықаралық рыноктағы орындарына елеулі әсер еткен жоқ. Жалпы жаппай девальвацияның салдары - импорттық, көтерме және бөлшек сауда бағаларының, пәтер ақының және коммуналдық қызмет тарифтерінің өсуі болып табылады. Әрине, бұның бәрі, жалақыны тұзақтау саясаты жағдайында халықтың нақты табысының төмендеуіне, олардың материалдық жағдайының нашарлауына әкеліп соқтырады.

Енді осындай теориялық тұжырымдарды негізге ала отырып Қазақстанда 2015 жылдың 20 тамызында ұлттық валюта теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамына жіберілуінің мәселелеріне тоқталайық. Теңгенің еркін құбылмалы айырбас бағамына жіберілуінің бірнеше себептері болды: мұнайға дүниежүзілік бағаның шұғыл төмендеуі, Ресей рублінің девальвациясы, кеше ғана орын алып отырған Қытай валютасы юяннің құнсыздануы т.с.с.. Егер мұнай-газ саласы ел экономикасының 25,7% бір жылдық экспортымыздың 69,8% құрайтынын, ал жыл басынан бері мұнай бағасының 18,5% арзандағанын, Қазақстан экспортының 44,4% түсіп кеткенін, мемлекеттік бюджетке салықтық түсімнің 14,2%, ұлттық қорға аударылатын соманың 46% кемігенін ескеретін болсақ осындай шараға баруымыздың қажеттілігі өзінен-өзі түсінікті болатыны айқын. [2]

Теңгенің еркін айырбас бағамына көшудің қандай оң және теріс салдары бар деген сұраққа жауап беріп көрелік. Терең теориялық талдауға бой ұрмай-ақ, халыққа ұғымды тілмен түсіндіруге талпыныс жасайық. Біріншіден, экспортқа шығарылатын өнімдердің бәсекелестік қабілеті жоғарылайды, нәтижесінде ондай өнімдерді шығаратын компаниялардың табыстары өседі. Айталық, мысалы, егер импортерлер 1 долларға бұрын 188,38 теңгенің өнімін сатып алса, енді 255,26 теңгенің өнімін сатып алады. Яғни импортер сол ақшаға бұрынғыдан қымбат тауар сатып алады, ал экспортер бұрынғыдан көп тауарын өткізеді және теңгеге шаққанда бұрынғыдан көп табыс табады. Мұндай жағдай экспорттық бейімділігі жоғары кәсіпорындардың рентабелдігін арттырады. Қазақстан Республикасы Президенті Н.Ә.Назарбаевпен өткізілген жиын барысында ірі бизнес өкілдерінің ризашылық білдіруінің астары осында жатыр.

Екіншіден, біз жоғарыда көрсеткеніміздей теңгенің долларға шаққандағы бағамы 20 тамыз күні 36% арзандады, ал бұл 1 долларға шаққандағы импорттық тауарлардың құнының бірсыпыра қымбаттауына әсер етеді (бұл арада валюталар бағамының пропорциясын ескерген жөн). Импорттық тауарлардың қымбаттауы отандық сатып алушылар үшін онша тиімді бола бермейді. Бірақ, олар тарапынан отандық сондай тауар өндірушілердің өнімдеріне сұранысты көбейтеді. Бұл ұлттық тауар өндірушілердің іскерлік белсенділігіне түрткі болады, олардың ішкі және сыртқы нарықтардағы бәсекелестік қабілетін күшейтеді. Сайып келгенде, еркін құбылмалы валюта бағамын енгізу экспорттың көбею, ал импорттың қысқару тенденциясын қалыптастырады, яғни сауда балансының теріс сальдосын азайтуға және оның оң сальдосына қолайлы ахуал жасайды.

Мойындау керек, осындай шаралар барлық мәселені шешпейді. Айталық, ішкі мүмкіндіктерімізді тиімді пайдалана алмауымыз жалпы баға деңгейінің өсуіне, яғни инфляцияның жандануына әкеліп соқтыруы мүмкін. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Ә.Назарбаев Үкімет отырысындағы сөйлеген сөзінде қалыптасып отырған жағдайға байланысты жаңа экономикалық саясатты жүзеге асыру міндетін қойды. Осыған орай Қазақстан Республикасының Үкіметі инфляция деңгейіне бақылау орнату ( таргетирование ) негізінде жаңа экономикалық саясатты іске асыру шараларын белгіледі. Бірден айта кетуіміз керек-бұл шараларды нарыққа толық бақылау орнату деп жаңсақ түсінбеу керек. Экономика барлық уақытта объективті заңдар әрекетінен тәуелді болады. Мақсат - экономикалық саясатты сол заңдарға бейімдеу қажет. Айталық, үкімет әлеуметтік маңызды тауарлар мен қызметтердің бәріне бағаны шектей алмайды ( қазірде Қазақстанда, олардың 33 түріне бақылау орнатылып отыр ). Ағылшын экономисі Альфред Маршалл айтқандай «төбе бағасы», яғни бағаның шекті деңгейінің табиғи кедергісі, ол халықтың төлем қабілеті бар сұранымы. [3] Бағаны одан әрі өсіру тауар өндірушілердің өздерін күйзеліске ұшыратады. Ондай жағдайға тап болмаудың, ішкі экономикалық және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етудің шарты: 1) экономикада терең және жедел құрылымдық өзгерістер жасай отырып, өндірістің шикізаттық бағдарынан шығу, одан тәуелділікті барынша азайту, өндірісті әртараптандыру; 2) индустриалды-инновациялық бағдарламаны жүзеге асыру барысында халықаралық рынокта бәсекелестік қабілеті жоғары, халықаралық стандарттарға сәйкес келетін, қосылған құны жоғары дайын өнімдерді шығару; 3) әлеуметтік мазмұндағы бағдарламаларды іске асыра отырып экономикада ысырапшылдыққа жол бермеу, үнемшілдікті және ұтымдылықты қатаң ұстану, өндірістің тиімділігін арттыру; 4) дәстүрлі өндіріс салаларын дамыта отырып еліміздің Ұлттық Қорын, алтын валюта қорын молайту арқылы экономикалық қауіпсіздігімізді қамтамасыз ету т.с.с. 

Список литературы
Әдебиеттер 1. Чижов К.Я. Международные валютно-финансовые организации капитализма. – Ленинград, изд. «Финансы», 1968г. с.68 2. Қазақстан Республикасы мерзімді басылымдар материалынан-2015 жыл. 3. Маршалл А. Принципы экономикс. Соч.т.1.с.157-М, изд. «Прогресс», 1993г.

Для того, чтобы оставлять комментарии, вам необходимо войти в систему.