Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Елбасының «Кез-келген қазақстандық, тұтас ұлт, XXI ғасырға лайық қабілеттер  жиынтығына  ие болуы тиіс. Олардың,  сөзсіз, алғы шарттары қатарына  компьютерлік сауаттылық, шет тілін білу, мәдени  ашықтық сияқты факторлар жатады. Сондықтан да, «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы  да, «Үш тұғырлы тіл» бағдарламасы да, «Мәдени және конфессиалдық келісім» бағдарламасы да ХХІ ғасырда өмір сүруге ұлтты даярлау бөлігі» сөздерін  ой  елегінен  өткізер болсақ,  біздің еліміздің болашағы ұлттың мәдени сауаттылығына, жан-жақты болуына  тікелей байланысты. Әсіресе, жастарымыздың  жаңа технологияларды, бірнеше тілді білуі  қоғамымыздың өркениетті елдер қатарына қосылуына зор септігін тигізбек.   Бүгінгі күні қостілділік өзара қарым-қатынас жасаудың негізгі факторына айналып отыр. Бірнеше тілді  меңгерген адам өзге мәдениетті  танып-біліп,  пайдалысын  керегіне жаратады. Сондықтан  қостілділік  мәселесіне, билингвизм түсінігіне теориялық тұрғыдан талдау жасау - тілдерді оқытудың  тиімділігі мен  табыстылығын  анықтаудың  бірден-бір жолы. Осы тұрғыда академик Л.В.Щерба «Екінші тілді үйренуші адам, әртүрлі тілдік құралдар арқылы бірдей мазмұндағы (ұғымдар, шешімдер және т.б.) түсініктерді салыстыру үдерісін жүзеге асырады. Ана тілі  мен үйрену тілінің, көбіне шет тілдердің тілдік жүйесін салыстыру – жеке тұлғаның жаңа саналы түрде бақыланатын, басқарылатын билингвалдылығын анықтайды және билингваның мұндай жағдайы ойлаудың диалектикалығының дамуымен байланысты болады. Себебі, тілдерді оқыту жалпы білім беру  мазмұнына, ой талқысына  жасалым құралдары  арқылы дағдыланған  кезде ғана ие бола алады, ал ол үшін  тілдерді  меңгере отырып, сәйкес элементтерді  қатарлас және әрқашан іздеу арқылы ғана қол жеткізеді. Сонда тілдік дайындық ақыл-ойды дамытудың күшті факторына айналады» - деп өз зерттеуінде атап өткен [2]. Қазіргі қоғамдағы интеграциялау мен модернизациялау үдерістер, этносаралық және мәдениетаралық байланыстардың дамуы болашақ  мамандар даярлауды жетілдіру және  оларды билингвалды  қарым - қатынас жасауға үйретуді  талап етеді. 
143 
 
Ғылыми әдебиеттер мен ғалымдардың тұжырымдарына сүйенсек, «билингвизм - жеке адамның екі тілде ұдайы қарым-қатынас жасауы, сөйлеу, жазу тәжірибесі» дегенді білдіреді екен [3]. Егер  «билингвизм» ұғымын талдайтын болсақ, «bi» ( латын сөзі) – екі, «lingua» - тіл деген сөздер. Басқаша айтқанда, билингвизм – екітілділік, яғни бір елде тең дәрежеде екі тілдің болуы немесе бір адамның екі тілге  жетік  болуы, қажет жағдайларда  екі  тілді  бірдей дәрежеде қолдануы [4 ].  Билингвизм күрделі әрі көп аспектілі  құбылыс ретінде қарастырылып, екі тілділік түсінігінен көптеген анықтамалар пайда болды. Байланыс лингвистикасының негізін салушы У. Вайнрайх - билингвизм «екі тілді кезек қолдану тәжірибесі, ал тұлғалар екі тілділікті жүзеге асырушы» деп  анықтама береді [5,  22 ]. Сондай-ақ, екітілділік  түрлері жіктемесін Е. М. Верещагин жасады, оған билингвизмнің жалпы мойындалған үш түрі: психологиялық, әлеуметтік лингвистикалық және лингвистикалық кіреді деп көрсетті. Ал, Е. М. Верещагиннің пікірінше: билингвизм - бұл «адамға екі тілдік жүйеге тән сөйлеуді туғызатын және іске қосатанын психикалық механизм (білім, қабілет, дағды) [6,  134].  Психологиялық типология бойынша екітілділік  қабылдаушы, репродуктивті және продуктивті болып бөлінеді. Қабылдаушы билингвизм – бұл екінші тілде сөзді түсіну (мәтінді) немесе белсенді емес екі тілділік. Репродуктивті билингвизм – бұл тек қана түсіну емес, мәтінді басқа тілде (ауызша не жазбаша) түсіндіріп беру. Продуктивті билингвизм – бұл шығармашылықтың болуы, екінші тілде мәтінді ауызша немесе жазбаша мағыналы түрде жеткізу. Кейбір зерттеушілер игерілген сөйлеу әрекеттерінің санына қарай қабылдаушы және өнімді билингвизм айырмашылықтарын көрсетеді [4]. Екі тілде сөйлеу қатынасы механизмі  негізінде  билингвизм таза және аралас  болып бөлінеді. Таза  билингвизм деген жеке тұлға өзі сөйлейтін екі тілдің әрқайсысын түрлі жағдаяттарда, жеке жүйе деп қабылдайды, егер ол екі тілді де бір жағдаятта бір жүйеге біріктіре  қолданатын болса, мұндай билингвизм аралас болып табылады. Билингвизм түрлерін қарастыра отырып, психологиялықпедагогикалық әдебиеттерде табиғи және жасанды билингвизм болып бөлінетінін ескеру қажет. Табиғи екітілділік барысында адам туа бітті екі тілді игереді, билингвалды ортада өседі, ал жасанды билингвизм – бұл  адам екінші тілді бірінші тілді меңгергеннен кейін үйренуі. Бұдан өзге билингизм басқа өлшем бірліктері бойынша жіктеледі. Мысалы, тілді меңгеру деңгейі бойынша: субординативті - бұл бір тілді екіншісіне қарағанда жақсырақ білу, координативті немесе «таза», яғни бұл  екі тілді бірдей дәрежеде білу. Қабылдау билингвизмінде субъект өзге тілді түсінеді және оның мазмұнын өз ана тілінде жеткізеді. Репродуктивті билингвизмде субъект өзге тілде естігенін түсінеді және оның мазмұнын сол тілде жеткізеді. Продуктивті билингвизмде  субъект бірнеше тілде өз ойын жетік білдіру қабілетіне ие [4].    «Адамның жас ерекшелігіне қарай, екінші тілді игеру  ерте және  кеш болып бөлінеді. Ерте билингвизмнің шарты - балалық шақтан бастап екі тілді мәдениетке негізделген  өмір (мәселен, ата анасының екі тілде сөйлеуі немесе басқа елге көшу) болып табылса; кеш билингвизм бойынша  екінші тілді  ересек жасқа келгенде, бірінші тілден кейін үйренеді.  Тілдердің қолданылуына байланысты билингвизм белсенді (екі тіл бірдей үнемі қолданылады), белсенді емес (көбіне бір тіл қолданылады, екінші тілді біле тұра) [4]. Байланыс тілінің әрекет бағытына  қарай біржақты және екіжақты екітілділікке ажыратылады: біржақты екітілділік кезінде біреуі байланыс тілдерінен бір тілді ғана біледі, ал екіжақты болса, екеуі де екі тілді біледі. Билингвизмнің бұл түрлері тіларалық байланыс нәтижесінде туындайды. Тіл білушілер алатын ауқымына орай жеке (екі тілде сөйлейтін белгілі бір этнос мүшелерінің болуы), топтық (белгілі этникалық және әлеуметтік топтық),  бұқаралық (тұрғындардың басым бөлігінің екітілді болуы) және жалпыға ортақ екітілділік (барлық тұрғындардың екітілді болуы) болып та бөлінеді. Қазіргі уақытта көп тілді білу - өмір талабы. Осы қажеттілік негізінде қостілділік пайда болып қалыптасады және осы қоғамда ұлт саны қаншама көп болса, ол үшін қостілділік пен көптілділік соншама қажет [7]. Б. Хасановтың пайымдауынша «Екінші шет тілін үйрену өмір қажеттілігінен туындап, еркіндік, теңдік, ізгілік ниеттерімен жүрсе ғана ол – пайдалы. Қостілділік екі жақты (қазақша-орысша, орысшақазақша) болғанда ғана пайдалы. Негізінен, солай болуы тиіс. Өкінішке орай, бізде бір жақты  жүріп жатыр. Қостілділіктің адамның үйлесімді дамуындағы рөлі орасан, өйткені  ол көпұлтты қоғамда жанжақты дамудың және де өзін танытудың аса маңызды құралы. Қостілділік адамдардың рухани жағынан өсуіне жағдайлар жасайды. Адам үшін қостілділік – ойын жеткізу, шындықты тану құралы болумен бірге көпұлтты қоғамда қарым-қатынас жасау құралы да; бұл жерде оның негізгі компоненті (ана тілі) 
144 
 
ұлттық компонентін сипаттаса, басқа компоненті (екінші тіл) әртүрлі ұлт өкілдерін тану, басқа халықтардың мәдениеттерін игеру  құралы болады. [8]. Осыған орай жоғарғы оқу орындарында студенттерге қостілдік жүйені қатар енгізу мақсатында билингвизм әдістемесін игерту - бүгінгі күннің негізгі көкейтесті мәселелерінің бірі. Зерттеу жұмыстарын жүргізу барысында билингвалық оқыту саласында ғалымдардың теориялық зерттеулер нәтижелері (В.И. Байденко, Е.М. Верещагина, Г.М. Вишневской, М.В. Дьячкова, В.Г. Костомарова, А.А. Леонтьева, W. Mackey (У. Макки), E.C. Павловой, M.H. Певзнер, Дж. Равен, В.Ю. Розенцвейг, М. Сигуан, А.Г. Ширина, СВ. Шубина, Д. Алдабергенова, Б. Хасанов) және педагогика саласындағы методологиялық, жалпы теориялық зерттеу нәтижерінің әдістері  (Ю.К. Бабанский, В.И. Загвязинский, В.В. Краевский, М.И. Махмутов, A.M. Новиков, И.П. Подласый және т.б. қолданылды.  Қазіргі уақытта  билингвизм – көп таралған құбылыс болып қарастырылады. Зерттеушілердің мәліметтері бойынша жер шарының 70%  қандай да бір дәрежеде  екі не одан да көп тілде сөйлейді. Сондай-ақ, оның  белең алу  үдерісі  байқалуда [4]. Қазақстанның қазіргі білім беру жүйесінің стратегиялық міндеті, бір жағынан қазақстандық үздік білім беру дәстүрлерін сақтау, ал екінші жағынан түлектерді халықаралық біліктілік қабілеттерімен қамтамасыз ету, олардың тілдік санасын  мемлекеттік тіл, ана тілі және шет тілін  игерту негізінде дамыту болып табылады [9].  Студенттерді даярлау сапасы жаңа білім игеру, дағдыларды дамыту, қабілеттілікті арттыру және сол алған білімдерін нақты оқу мәселелерін шешуге және  оқыған пәннің мазмұнын игеруге қолдану даярлығын қалыптастыруға бағдарлануы қажет.  Билингвалды оқыту барысында қазақ тілі немесе орыс тілі қатынас құралы ғана емес, ана тілімен қатар, таным және кәсіби қызмет, мәдениетаралық байланыс пен көпмәдениеттілікке тәрбиелеу құралы ретінде қолданылады. «Ана тілінен басқа тілді білетін адам басқа халықтың мәдениетін, тарихын терең танып-білуге, көп адамдармен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік алады» [10, 33].  Жалпы айтқанда, қазіргі қоғам міндетін толыққанды шешу үшін болашақ мамандарды даярлауда билингвалды қарымқатынасты жетілдіру талап етіледі.    Қазіргі уақытта қазақстандық студенттерге көптілділік маңызды болып отыр, себебі  түрлі дерек көздерінен ғылыми әдебиеттер, ақпараттар алу мүмкіндігі бар.  Осы туындап отырған мәселелер бойынша С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің аграрлық саладағы студенттеріне тілдерді оқыту барысында  билингвалды қарымқатынастарын дамыту мақсатында  әртүрлі оқыту технологиялар кеңінен қолданылады. Атап айтсақ,  топтастыра  оқыту технологиясы. Мәселен, студенттерге екі тілді меңгеру барысында түрлі деңгейдегі карточкалар, ойын ауызша жеткізу, сөйлеуге дағдыландыру, кәсіби бағыттағы мәтіндер (сипаттама, хабарлама, пікір) жазу, БАҚ жарияланымдарынан сөйлеу қателіктерін табу, оларды түсіндіру мен түзету, ғылыми стильдің жалпықолданыстағы және кәсіби лексикасындағы сөздердің жасалуына талдау жасау және т.б. тапсырмаларды қолдану арқылы жүзеге асырылды. Бұл жаттығулар студенттердің шығармашылық қабілеттерін, тілдерін  дамытуға  мүмкіндік берді.  Сонымен бірге, тәжірибемізде студенттерге сюжетті-рөльдік және дидактикалық ойындар пайдаланылады. Рөльдік ойындардың басты ерекшелігі студенттер белгілі бір рөльді сомдайды. Рөльдік ойындар қиялды дамытып, креативті ойлау мен сөйлеуді шыңдайды және адамгершілікке тәрбиелейді.  Мысалы, публицистикалық жанр стильдерін оқытқанда, келесі ойын түрлері ұйымдыстырылады: «Пресс-конференция», «Аналитикалық бағдарлама», «Интервью», «Ақпараттық хабарлама» және т.б..  Сабақ барысында студенттерге материалды игерумен қатар, демалуға мүмкіндік беретін дидактикалық ойындар да қолданылады. Мәселен, «Сөйлеудің функционалды стильдері» тақырыбын бекіту барысында сөйлеудің функционалды стильдерінің жалпы сипаттамасы бойынша   сабақвикторина өткізілді, лингвистикадық кроссвордтар берілді. Оны құрастыруға да студенттер жоғары деңгейде өз үлестерін қосты.   Шығарма – студенттердің шығармашылық жұмысы, олардың өмірлік ұстанымын, ішкі жандүниесін білдіру құралы болып табылады. Себебі, шығарма студенттердің сөйлеу деңгейлерінің көрсеткіші ғана емес, оны қалай жазғаны арқылы өмірге көзқарастарын анықтауға болады.  Мәселен, «Сөйлеудің функционалды-мағыналық түрлері» тақырыбын өткенде, студенттерге ұжымдық шағын шығарма жазу ұсынылады. Ал «Сөйлеудің функционалды стильдері» тақырыбына байланысты біртекті жұмыстардың болуының алдын алу мақсатында шығарманың дәстүрлі емес түрлерін жазу тапсырылады. Олар: пікір, эссе, репортаж, интервью, саяхат жазбалары, сатиралық әңгімелер, лингвистикалық ертегілер, күнделік жазбалар.  
145 
 
Тәжірибемізде ақпаратық-коммуникативтік технологияларды қолдану - сабақ барысында уақытты үнемдеуге және оны қызықты  етуге  мүмкіндік береді. Тақырыпқа  орайлас презентациялар көрсету, бейнефильмдер  көрсету  студенттердің қызығушылығын оятады. Актерлік мәнерлеп оқу  мен прозалық тыңдалымдар студенттердің дұрыс оқу  мүмкіндігін көтереді.  Сонымен қатар, студенттерге қажетті биографиялық материалдар жинақтауға тапсырма беру,  иллюстрацияларды,  суреттерді  белгілі бір бағдарламада өңдету, анимация ойластыру жұмыстарын  орындату игерген білімдерін бекітуге, жағдаят барысында оқып жатқан  тілдерді қатар қолдану қабілеттерін қалыптастыруға  оң ықпал етіп, студенттердің екі тілді еркін игеріп кетуіне мүмкіндік берді.  Жалпы қорыта келе студенттердің билингвалды  қатынастарын дамытуға бағытталған жаттығулар мен тапсырмалар түрлі салалар бойынша ақпараттар алуға мүмкіндік жасайды, пән бойынша екі тілді сөздік қор қалыптастырады, студенттердің коммуникативті құзыреттілігі мен ұлтаралық қатынас мәдениетінің деңгейін жоғарылатады.  Сонымен қатар, екітілділік есте сақтау қабілетіне, автоматты түрде жадыда жаттап алу дағысының пайда болуына қандай да бір дәрежеде ықпал жасайды. Дұрыс дамып келе жатқан билингвалар жақсы оқиды, абстрактілі ғылымға басқаларға қарағанда, зерек келеді, әдебиет және шет тілін басқа да логикалық материалдарды тез игеру қабілетіне ие тұлға  ретінде дараланады.  
 
Пайдаланған деректер тізімі: 
 
1. Назарбаев Н.Ә. Қазақстан халқына Жолдауы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» 10 қаңтар 2018 жыл. https://sptnkne.ws/gyVz
2. Щерба Л.В. О понятии смешения языков //Избранные работы по языкознанию и фонетике. - Л.: Изд-во ЛГУ, 1958. 47-48 б.
3. https://ru.wikipedia.org/wiki/
4. http://www.lomonosov-fund.ru/enc/ru/encyclopedia:0127453:article
5. Вайнрайх У. Одноязычие и многоязычие // Новое в лингвистике. Вып. VI. Языковые контакты. – М., 1972. –22с. 
 6. Верещагин, Е. М. Психологическая и методическая характеристика двуязычия / Е. Изд-во МГУ, 1969. 134 б. 
7. Хасанов Б. Х. Казахско-русское двуязычие. Алматы, 1987, 23 б.
8. АлдабекН.Ә., Нұрланұызы Н.   Қостілділік –заман талабы. Менеджмент в образовании, 2016. - № 3. 84б.
9. Исина Г.И. Актуализация полиязычного образования в условиях современного казахстанского общества. Международный журнал экспериментального образования. – 2015. –№ 11 (часть 1) – С. 48-49
10. Чан Динь Лам. Полиязычное образование – Важнейшая стратегия развития Казахстана. // Успехи современного естествознания. – 2013. – № 7. –130-132 с.  
 

Партнеры G Global