Международный секретариат G-Global г.Астана, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Әзірбекова Аманкүл Жорабекқызы

Магистр, Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

87018161218, E-mail: azirbek.amanda

 

Аннотация: Мақалада, ХУІ-ХУІІ ғасырларда өмір сүрген ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі Самарқан қаласының әмірі, Тұран елінің бас әскери қолбасшысы, Орта Азиядағы теңдесі жоқ сәулетші Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлының ерлігі мен әскери іс-қимылы, мәдениет пен сәулет өнерінің дамуына қосқан үлесі туралы жазылған.

Жалаңтөс Баһадүр - Тұран өркениетінің ұлы тұлғасы

                                                                       

         Қазақ халқының даңқты ұлдарының бірі, аса көрнекті қолбасшы, халық жанашыры Жалаңтөс Баһадүрдің өшпес өмір-өнегесі ұрпақтан-ұрпаққа жалғаса береді.

         Жалаңтөс Баһадүр Сейтқұлұлы (1576-1656 жж.) - қазақ халқының ұлттық батырларының әрі қолбасшыларының бірі. Кіші жүздің алты аталы Әлім тайпасының «Төртқара» руынан шыққан. XVII-XVIII ғасырларда өмір сүрген Әйтеке бидің үлкен атасы. 1581 жылы Сырдарияның төменгі ағысынан Шығай хан мен Жалаңтөс Баһадүрдің әкесі Сейітқұл, төртқара руының бір бөлігі Өзбекстанның Бұхара облысындағы Нұрата тауының етегіне қоныстанған. Осы өңірде Жалаңтөс Баһадүр дүниеге келіп, ержетіп, жастайынан ел басқару ісіне араласып, дарынды, батырлық қасиеттерімен халыққа таныла бастайды.

         Жалаңтөс бабамыздың атқарған қыруар жұмыстары тарих қойнауына еніп, ұмытылып бара жатыр. Егеменді қазақ елінің, кейінгі жас ұрпақтың бабамыз Жалаңтөс Баһадүр жайлы білерлік деректер аз десек те болады. Өйткені, Түркі мәдениетінің тарихында өзіндік орны бар, қазақ халқының ұлттық батыры, әрі қолбасшысы Жалаңтөс Баһадүрдің өмірі, әскери іс-қимыл әрекеттері (тактикалары) және орта ғасырлық архитектуралық сәулет өнеріне қосқан үлесі толық зерттелмей жатыр. Ол туралы деректер қатпар-қатпар болып шаң басқан мұрағат мекемелерінде, ел арасында аз кездеспейді. Соларды кешенді тәсілмен зерттеп, Жалаңтөс Баһадүрдің мұраларын кейінгі ұрпаққа жеткізу қазіргі заманның басты талабы болуы тиіс.

         Ұлттық тарихымыздың аймақтық ерекшеліктерін зерттеуде Жалаңтөс Баһадүрдің жеке ерлігімен қатар ел басқару және оны қорғау, мемлекет құрылысы, оның қарулы күштерін жасақтау, әлем тану, мәдениет пен өнер мәселелеріне кеңінен көңіл аударылды. Онда Жалаңтөс тек қазақ халқы емес, ол Орта Азия мен көптеген елдерге аты белгілі кемеңгер қолбасшы және батыр, өз дәуірі мәдениетінің озық данагөйі ретінде зерттелудің тек алғашқы ғана талпынысы.

         Жалаңтөс Баһадүр 1656 жылы өзі билік құрып, талай-талай даңққа бөленген, сәулет өнерінің інжу-маржанындай болған медресселер салдырып, заманында оқу-ағарту жұмыстарына айрықша назар аударған Самарқан шаһарында көз жұмған. «Қарапайым халықпен бірге болайын. Мені Мақтым-ағзам әулиетінің аяқ жағына қойыңдар» деген өз тілегі бойынша ол сол Мақтым-ағзам қорымына жерленген. Мақтым-ағзам (Махдуми Ағзам) - Ферғана аңғарындағы Қасон деген жерде туып өскен бұл қожа - өз дәуірінде үлкен бір дін басшысы, Орта Азия билеушілеріне абыройлы тақуа адам болып, 1542 жылы дүние салған. Жалаңтөс Баһадүр - бұның өзімен емес, немересі, аса беделді, Хошими қожамен замандас. Бұхара қазақтары арасында әліге дейін «Иә, имам Ағзам» деп құрметтеу осы қожаның атымен байланысты шыққан. Шындығында, Махдуми Ағзамның шын аты Сейт Ахмет Жәлелиддин. Бұл хазірет, шайбанилардан Жәнібек сұлтанның шақыруымен Миенкөлге көшіп келген соң, сол жерге он түп тал егеді. Сонымен ол жер «Даһбед» аталып кетеді. Себебі Даһбед деген сөз фарсы тілінен аударғанда «он тал» деген мағына береді. Бұл ұлы хазірет Әли мен Фатима яғни Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) Мұстафаның ұрпағы болған Махдуби Ағзамның немересі Хошими қожа сол дәуірдегі мүміндердің жетекші ұстазы болған. Кейін осы хазіреттің қолдауымен Жалаңтөс Баһадүр Самарқан қаласының әмірі лауазымын иеленеді. Өйткені сол кездегі Бұхара хандары Аштарханилар Даһбеди Қожахан ұстаздарға мурид болған, олардың ықпалынан шығып кете алмаған, тіпті одан рухтанып, медет алған.

         Ақыреттік болған соң, жақындарының қасына жерлену қазақ геронтократиясында бар ұғым. Тек, бір әттеген-айы, адамдардың пендешілігі қалған ба, арадан үш жыл өткенде, 1659 жылы Сарай төңірегінде: «Қарадан шыққан Жалаңтөс Баһадүрдің «Махдуми Ағзам» аталатын қожалар арасында жатуына қарсы болғандар, қабірді ашып, оны басқа жерге жерлемек болғанда табыт ішінен ауызына мөр басылған темір қабырдан пірі Хошими қожаның хаты шығады. Онда: «Осындай болатынын білгенмін. Сондықтан осы хатты, ол ақыреттік болғанда қабіріне бірге көмуді өсиет еткенмін. Бұл жер, Жалаңтөс Баһадүрдің бүгінгі жерленген жері, оның көзі тірісінде менен сатып алған уақып мүлкі, солай екен, батырдың мазасын алмай, тиышына қойыңыздар! Хошими қожа» - деген хат шығады. Сөйтіп, Самарқанның Әмір-Темір мен Ұлықбектен кейінгі атақты үшінші әмірі атанған Жалаңтөс бабамыздың ұйқысы осылай бұзылды.

         Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Манаш Қозыбаев «Тұлғалар тұғыры» кітабында; «Жалаңтөс — Әмір Темір, Ұлықбек, Бабыр, Жәңгір, Бейбарыс, Абылай, Қалден Серен сияқты ұлы қолбасшы, мемлекет қайраткері.  Ұлы сәулет өнерінің қамқоршысы. Самарқанды Тұран елінің астанасына айналдырған, жасампаз жан», – дейді.

         Жалаңтөс Баһадүр бабамыз тек ұлы қолбасшы, қоғам қайраткері, батыр ғана емес, сонымен қатар ұлы сәулет өнерінің қамқоршысы, Самарқанды Тұран елінің астанасына айналдырған жасампаз жан. Жастайынан ұлы Әмір Темір салдырған сәулетті, ғимараттарға қарап, қызығып өсті. Кейін арнайы сәулет оқуын біраз оқып, бұл саланы біршама меңгерді.

     Оның Самарқанд қаласында салдырған Шер-Дор, Тілла-Қари медреселері соған дәлел. Кей ғалымдардың пікірінше бұл медреселерде еліктеушілік, қайталау көп кезедеседі деп тұжырымдайды. Ал көптеген зерттеушілеріміз бен тарих-шыларымыздың сөзіне сүйенсек бұл кісінің салдырған ғимараттары айрықша, өзгеше, ешкімде кездеспейтін стильде салынған дейді. Кірпіштерінің өзі алтынмен жалатылған екен.

       Сондықтан даңқты қолбасшы, батыр, Самарқан қаласының әмірі Жалаңтөс батыр сынды қазақ халқының тарихи тұлғасын, баба ерлігін, оның дүние жүзілік мәдениетке қосқан үлесін зерттеу, білу кейінгі ұрпаққа жеткізу парызымыз деп білеміз.

         Еліміз егемендікке қол жеткізген бүгінгі таңда, осындай ата-бабаларымыздың кейінгі ұрпаққа қалдырған мол мұраларын жинауға, оларды қайта жаңғыртуға айрықша көңіл бөлініп, 2003 жылы Президентіміз Н.Ә. Назарбаев «Мәдени мұра» бағдарламасын жариялады, осы бағдарламаны іске асыруда арнайы «қорлар» ашылып, бұрын ұмытылып қалған тарихи мұраларымыз қайта жаңғыртылуда. Сондай қорлардың бірі - «Жалаңтөс Баһадүр» қоры да игілікті іс атқаруда. Осы орайда батырдың әулеттері айырықша ынталы жұмыс атқарып жатыр.

         Дүние жүзі тарихында сирек кездесетін мұндай ірі тұлғаны мәңгі есте сақтап, ұрпағына үлгі-өнеге етуде облыста нәтижелі жұмыстар істеліп, Сыр шежіресіне өшпестей алтын әріппен жазылып қалды. Облыстағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп интернатына, Арал қаласындағы стадионға, Қазалы ауданындағы бұрынғы Қызыл ту кеңшарына, Қызылорда, Ақтөбе, Арал, Қазалы қалаларындағы көшелерге Жалаңтөс есімі берілген. Облыс орталығы Қызылорда қаласында Жалаңтөс Баһадүрдің зәулім ескерткіші және Қазалы ауданында батырдың кесенесі орнатылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері Иранбек Оразбаевтың «Жалаңтөс Баһадүр» атты драмасы республикалық және облыстық драма театрларында қойылды.

         Сонымен қатар, Жалаңтөс батырдың құрметіне облысымызда көптеген ғылыми конференциялар мен семинарлар ұйымдастырылуда, атап айтар болсақ Қазалы ауданы, Қарашеңгел ауылдық округінде, аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен өткізілген тұғыры биік тұлға - Жалаңтөс Баһадүрдің 440 жылдығына арналған «Жалаңтөс Баһадүр - Тұран өркениетінің ұлы перзенті» атты тарихи-танымдық конференция өткізілген.

         1993 жылдан бастап Қарашеңгел ауыл орталығы - «Жалаңтөс Сейітқұлұлының кіндік қаны тамған жері» Тұран елінің мақтанышы, қазақтың батыры «Жалаңтөс батыр» бабамыздың есімімен аталады. «Жалаңтөс Баһадүр» ауылы - Әйтеке би кентінен шығысқа қарай 12 км жерде, «Сырдария» жайылмасының қамыс, құрақ басым өскен шалғын топырақты шөлді белдемінде орналасқан. Жалаңтөс батыр ауылының халық саны 1097, отбасы саны 200. Ауылда батырдың атына ашылған «Жалаңтөс Баһадүр» мешіті, Қ.Пірімов атындағы №103 қазақ орта мектебі, №14 «Сәуле» балабақшақшасы, «Жалаңтөс» Дәрігерлік амбулатория, кітапхана, ауылдық клуб жұмыс жасайды. 1929 жылы «Бірлестік» колхозы құрылып ауыл адамдары егіншілікпен айналысты және 1993 жылы бұл шаруашылыққа «Жалаңтөс» атауы берілген. 2003 жылдан осы кезге дейін «Жалаңтөс» ЖШС-ін ауданның құрметті азаматы Әлімбай Қасқырбай басқарып келеді.

         Дана туған, дара тұлға Жалаңтөс Баһадүр бабамыздың өркениеттің өріне, сән-салтанаттың төріне сүйрейтін де, тірейтін де еңбегі ұшан-теңіз. Оның ерекше батырлығы, ел қорғаудағы қаһармандық тұлғасы мен сіңірген іс-әрекеті туған халқының естен шықпас тарихына айналып, жыл өткен сайын асқақтап маңызы артып, ұрпағын нұр сәулеге бөлеп, түріктес халықтардың ортақ мақтанышы болып, мәуелей берері сөзсіз.

         Міне ұлт жанды, ұлттық рухты батыр бабаларымыздың артта қалған халқы батыр есімін ұмытпай, ұлықтап осындай ұлы істер атқарып отыр. Әр азаматы өз ұрпағына ұлттық тәрбиелік мәні зор іс атқарып отырған бұл ауылда, ұлы тұлғаның ұлы істері ұмытылып кетуі мүмкін емес. Біз бұдан ұлы батырын ұлықтаған өр рухты ұрпақтың өсіп келе жатқанын байқаймыз.

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. М. Кереев. «Жалаңтөс баһадүр», Қызылорда, 2009ж.
  2. Ж. Мұратбаев. «Тұран баһадүрі», Алматы, 2000 ж.
  3. М. Қозыбаев. «Жауды шаптым ту байлап», Алматы, 1994 ж.
  4. А. Айдосов «Ұлттық тарихымыздағы Жалаңтөс батырдың тұлғасы және оны зерттеу проблемалары», 2010 ж.

                        

 

 

 

 

 

  • Жалаңтөс Баһадүрдің жасампаз ерлігі - ұрпаққа ұран

         Ел қамын ойлап, тарихи тұлғаларды қастерлеп, бүгінгі ұрпаққа үлгі-өнеге етудің орны бөлек. Мыңдаған жылдар аралығында Ұлы Дала төсінде ел қорғаған даналар, билер мен хандар, батырлар өткен. Олар өз заманында, сол ортада ұлы өзгерістер әкелген. Тұтқиылдан шапқан жауымен жан аямай күресіп, халқын ерлікке, елдікке, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеп, тайпа мен ұлттардың жойылып кетпеуін мақсат еткен. Сөйтіп тарих беттерінде өздерінің есімдерін мәңгі ұмытылмастай қалдырған. Сондай ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі Самарқан каласының әмірі, Тұран елінің бас әскери қолбасшысы, Орта Азиядағы теңдесі жоқ сәулетші - Жалаңтөс Баһадүр. Жалаңтөс өзінің ерекше қабілетімен, ақыл-парасатымен, батыл да табандылығымен көзге түсіп, түркі тектес халықтардың сенімі мен құрметіне бөленеді.

            1596 жылы ханның бұйрығымен Жалаңтөс Бағдат қаласындағы Даналық үйінің тыңдаушысы болған. Сонда жүріп соғыс өнерімен қоса аспан әлемі мен математикадан, жағрафиядан дәріс алған. Жалаңтөс бабамыз Сырдың төменгі сағасы мен Әму жағындағы алшындар мен шөмендер қарайтын Нұрата аймағының әмірі болып тұрғанда соғыс өнеріне көп көңіл бөліп, сол кездің өзінде оның 10 мың сарбазы болған.

         Алшындардың Әлім руынан шыққан Сейітқұл ХVI ғ. 70-жылдарынан бастап қазақ, қарақалпақтың балуан жігіттерінен жау жарағы сай 5000 тұрақты жасақ құрып, автономиялық елді билесе, Жалаңтөс 1615 ж. Бұхарада 5000, Нұратада 5000 тұрақты нөкер ұстайды. Кейін оған Жалайыр, албан, үйсін, қарақалпақтың батырлары қосылып, Жалаңтөстің қолы 20 000-ға жетеді. Ол заманда 10 мың, 20 мың қол ұстау, оны тұрақты ету деген сөз оның қоғамдағы жоғары статусын көрсетсе керек. Осы есейген шағында Жалаңтөс ұлы колбасшылық қабілетін танытты. Ол шын мәнінде қазақ, өзбек, қарақалпақ, қызғыздардың біріккен қолының қолбасшысы болып, Самарқан, Бұқар, Ташкент, Түркістан төңірегін ғана қорғаған жоқ, оған қоса қазақ сахарасының да қорғаны бола алды. Егер Москва княздігіне аяғына қарап қаз тұрып, мемлекеттік құрылым болуына, 200 жыл (1300-1505) кетсе, Жәнібектен Қасымханға дейінгі жарты ғасырда Евразия сахарасындағы айбынды мемлекет болғандығын 1943 жылы жазылған «Қазақстан тарихында» Москвалық авторлар жазған болатын. Олар Қазақ хандығын Европадағы ұлы Карл құрған мемлекеттен мықты болды деп мойындаған-ды. Мұхаммед Хайдар Жәнібек хан туралы «... был так могущественен, так никто не бывал после Джучи-хана», - деп жазғанды. Қазақ хандығының еңсегей бойлы Есім хан, Жәңгір хан тұсындағы іргелі ел болуына Жалаңтөс Баһадүрдің қосқан үлесін айтып жеткізу мүмкін емес.

         Жалаңтөс Баһадүр - ұлы Жаһандер. Оның қолбасшылық даңқын шығарған ірі оқиғалардың бірі - Балх соғысы. Ол 1640 жылы қалмақтардың батыр қонтайшысына қарсы 30 мың қолмен шығып, 50 мыңдық қолды тым-тырақай қаштырған. 1645 жылы өзбек билеушілері Бұхардың ханы Нәдірді алып тастап, орнына Абдул Әзизді хан сайлайды. Сол кезде Моғолстан билеушісі Шах Жахан Балх аймағын басып алмақ болып соғыс ашады. Жаудың жойқын күшіне төтеп бере алмаған өзбек әміршілері Самарқан төңірегіндегі қазақ сұлтандарынан көмек сұрайды. Бұл соғысқа жүз мың қолды бастап барған Жалаңтөс ақыл-парасатымен, жаужүректігімен жауды ойсырата жеңеді. Осындай асқан ерлігімен, батырға тән бітім-болмысымен көзге түскен Жалаңтөс «Баһадүр» яғни «Батыр» деген атқа ие болады.

         Жалаңтөс асқан батыр, жаужүрек, жауынан қорықпайтын, ешнәрседен қаймықпайтын, кейде соғысқа сауыт кимей-ақ атой салып, қолына қылыш алып, жалаң төсімен кірісіп кете береді екен.

         Жалаңтөстің Самарқан шаһарының тағына отыруына ықпал жасаған, ел билеп, атақты елбасшы болуына Абдул Әзиз хан көп әсер етеді. Осы ханның тұсында Жалаңтөс Баһадүр «Аталық» дәрежесіне ие болған.

         1640 жылы қазақ пен өзбек жеріне шабуыл жасаған қалмақ ханына қарсы соғысты Жалаңтөс басқарып, жауын күйрете жеңген. Сол соғыстарда Жалаңтөс Баһадүр көп ерлік көрсеткен. Ол мыңдаған әскерге қолбасшылық жасап, қырғын соғыспен Кабул мен Мешхед шаһарларын өзінің қол астына қаратқан.

         Жалаңтөс Баһадүр 1605 жылы қалың қолға қолбасшылық жасап, Есімханмен бірге Ташкент түбіндегі Қарақамыс деген жерде Абдул әл-Ғафар сұлтанға тұтқиылдан шабыл жасап, соғыста жеңіп, оны өлтіреді. Сөйтіп, оның жаулап алған жерлерін Есімханға қайтарады. Ол кезде Жалаңтөстің отызға жетпеген жігіт кезі екен. Ерлігі мен қолбасшылығы қатар жүріп, үлкен абырой иесі болған Жалаңтөске Үндістан, Хорезмнен, қырғыз, қашқар хандарынан, ітпті Тибиттен көптеген мол сыйлық, асыл заттар келіп жеткен. Жалаңтөске тартылған сый-сияпат, қымбат қазына мемлекетке түсетін байлықтан анағұрлым артық, асып та кеткен көрінеді. Ол жөнінде автор П.П. Иванов мынадай дерек келтіреді: «Первая половина XVІІ века в истории Самарханда связана с деятельностью мира Ялантуш-бий стал почти независимым правителем Самархандского вилайета. В его руках было сосредоточено большое количество рабов и огромное материальное богатство. На средства Ялантуш-бия на Регистане были построен два медресе» [7].

         Осы қаржы, байлықты Жалаңтөс Самарқандағы «Шер-Дор» мен «Тіллә-Кари» медреселерін салдыруға жұмсайды. Сол екі медресе оған Регистан алаңын тәртіпке келтіреді.

         «При занятии Мешхеда Ялантуш вывел оттуда 300 человек пленных персов, в числе которых могли окозаться и мастера-строители, принимавшие затем участие в сооружений медресе «Шер-Дор», - деп жазды М.Е. Массон [6]. Енді бір деректерде «Жалаңтөстің өз билігінде үш мыңдай құл болған», - деген дерек те бар [23].

         Кеңестік дәуірге дейін жарық көрген жазба деректерде Жалаңтөс Баһадүрдің ұлтының кім болғаны жөніндегі пікірлер әртүрлі. А.Вамбери: «Тилля-Кари» богато украшена золотом, отсюда и имя ее Тилля-кари (Золотой) построена в 1028 (1618) богатым Калмыком, по имени «Іелентош», - десе [2], ал авторлар А.И. Дмитриев-Мамоновтар: «Тилля-Кари (раззолоченная) построена в 1618 г. Эмиром Ялан-тушем-бий - Аталыком - Богадуром изъ узбекского рода Алшинъ» деген дерек келтіреді [5].

         Мәселенің бұл жағына алғаш мән бергендердің бірі дәрігер-ғалым Х.Досмұхамбетов: «Левшин өзінің «Описание казачьих орд и степей» атты белгілі еңбегінде: Ер Есім ханның ұлы, қазақ ханы Жәңгір 1643 жылы 600 сарбазымен қалмақ ханы Қонтайшы батырдың 5000 қолын жеңгенде оған (Жәңгірге) көмекке «20000 атты әскері бар бір татар князь Ялантуш келді», - дейді. Бірақ оның кім екенін тәптіштеп айтпайды. «Массальский: «Туркестанском крае» атты еңбегінде «Тіллә-Кари» мен «Шер-Дор» медреселерін өзбектің алшын руынан шыққан Жалаңтөс Баһадүр салдырғанын, бұл деректі ол қайдан алғаны бізге белгісіз» - деген пікір білдіреді [9].

         1656 жылы Жалаңтөс Баһадүр дүниеден өткенде көзі тірісінде пір санаған Мағдуми Ағзамның денесі жатқан Дағбит қыстағына жерленді.

         «Дағбит» - «он тал» деген мағына береді. Қыстақ жөнінде А.Вамбери: «Чрезвычайно красив (Дебидъ десять ивъ) когда-то место поклонения и прогулки в расстояния мили от Самарханда, на другой стороне Зеревшана: Он населен потомками Махмуди-Аазама, умершего в 949 (1542 г.) и здесь же похороненного.

         Мне было даже холодно даже в полдень большой алее, посаженной в 1632 г. по указанию Незрь-Диванбеги в честь святого Махдуми-Аазама» [2].

         Жалаңтөс батыр туралы мықты деректердің бірі кезінде Мәскеуде шыққан «Всеобщая история архитектуры» кітабының 8-томында берілген еді. Онда мынандай сөздер жазылған: «17 ғ. Самарқан Алшын аталығының феодалдық еншілігінің орталығына айналады. Уәлаят билеушісі Жалаңтөс Баһадүр болды. Аса ірі феодал әскер басшысы, сарбаздар дала саясатшысы ретінде астаналы шаһар Бұхарада саяси төңкерістер болып жатқанына қарамастан, ол тәуелсіз жағдайда тұрып, Самарқан билігін уысынан шығармай, сақтап қалды. Өз бетімен дербес түрде Кабулге, Мешхедке және басқа қалаларға жортуыл-жорықтар жасап, Жалаңтөс қисапсыз мол қазынаға ие болды. Самарданды көркейтуге қолайлы жағдай жасап, құрылыс істерін дүрілдетіп қайта бастап жіберді. Самарқан - өз ғимараттарының қомақтылығы мен сәул еті, сән-салтанаты жағынан да Бұхарамен бәсекеге түседі. Жалаңтөстің нақты ұсынысымен, қаражатымен жаңғыртылған Регистан алаңы туралы саяхатшылар мен шығыстанушылар: Самарқан көркіне кісі көзі тоярлықтай ажарлы да базарлы қалаү Ол алты қақпалы, сансыз көп оқ атар көздері мен мұнаралары бар биік дуалмен қоршалған. Дуалдың ұзындығы 14 шақырым, ал қаланың өз аумағы он шаршы шақырымға созылып жатыр. Түнемелікке қақпалар тарс жабылып, күзетшілер қала әкімі - Уәлидің рұхсатынсыз тірі жанды ішке кіргізіп, сыртқа шығартпайды» - деп жазады [24].

        

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Баһадүр Жалаңтөс / С.О. Қожағұл. - Алматы: Атамұра. 2016. - 2016 бет. 31б.
  2. А.Вамбери. Путешествия по Средней Азии. Описание поездки в Хиву, Бухару и Самарканд. Совершенной в 1863 г. стр. 108. Петербург, 1865 г.
  3. Пугаченкова Г.А. Самарқан-Бұхара. М., 1961, стр. 111.
  4. Хидоятов Г.А. Моя родная история. Ташкент. 1990., стр. 209.
  5. Путеводитель по Туркестану и Средне-Азиятской железной дороги. Под редакцией А.И. Дмитриев-Мамонова. Петербург, 1903 г. стр. 325.
  6. М.Е. Массон. «Регистан и его медресе». Ташкент. 1926 г.
  7. П.П. Иванов. Очерки по истории Средней Азии. 1958 г. стр. 17.
  8. Х. Досмухамбетов. Аламан. Алматы. «Ана тілі», 1991 .
  9. Х. Досмухамбетов. Год работы Казахского педагогического института. Ташкент, 1928 .
  10. Ә. Кекілбаев. «Үркер», 1981 ж, 81-бет.
  11. Қ. Мұхаметжанов. «Таңдамалы шығармалар». Алматы, 1998 ж.
  12. Ж. Мұратбаев. «Тұран баһадүрі», Алматы, 2000 ж.
  13. Н. Өткелбаев. «Жалаңтөс би баһадүр», Ташкент, 2002 ж.
  14. М. Қозыбаев. «Жауды шаптым ту байлап», Алматы, 1994 ж.
  15. С.О. Қожағұл. «Баһадүр Жалаңтөс, 2016.
  16. А. Айдосов «Ұлттық тарихымыздағы Жалаңтөс батырдың тұлғасы және оны зерттеу проблемалары», 2010 ж.
  17. М. Кереев. «Жалаңтөс баһадүр», 2009ж.
  18. Қ. Амангелдиев. «Жалаңтөс», Қазақ әдебиеті, 1992ж №147
  19. М.Есламғалиұлы. «Жалаңтөс баһадүр», Қазақ әдебиеті, 1996ж №38
  20. Б. Көмеков, С. Өтениязов. «Жалаңтөс батыр». Саясат, 1997, №1
  21. К. Каттаев «Махмуди Ағзам және Даһбед». Самарқант, 1994ж.
  22. Назым Нияз // «Сыр бойы», 1999 жыл, 23 ақпан.
  23. Сыр өңірі тарихы. «Көне заманнан бүгінге дейін». Алматы. «Атамұра». 1998 ж. 65 бет.
  24. «Всеобщая история архитектуры». Москва, 8-том.
  25. Серікбаев Ш. Ұрпақ ұмытпас ұлы есім. Сыр бойы. 1992 ж., 14 желтоқсан.

                        

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

                                   Жалаңтөс - өркениет перзенті

     Ел қамын ойлап, тарихи тұлғаларды қастерлеп, бүгінгі ұрпақтарға үлгі-өнеге етудің орны бөлек. Мыңдаған жылдар аралығында Ұлы Дала төсінде талай ел қорғаны мен даналар, билер мен хандар, батырлар өткен. Олар өз заманында, сол ортада ұлы өзгерістер әкелген. Тұтқиылдан шапқан жауымен жан аямай күресіп, халқын ерлікке, елдікке, бірлікке, ынтымаққа тәрбиелеп, тайпалар мен ұлттардың жойылып кетпеуін мақсат еткен. Сөйтіп тарих беттерінде өздерінің есімдерін мәңгі ұмтылмастай қалдырған. Сондай ұлы тұлғалардың бірі де бірегейі Самарқан қаласының әмірі, Тұран елінің бас әскери қолбасшысы, Орта Азиядағы теңдесі жоқ сәулетші Жалаңтөс баһадүр Сейітқұлұлы.

         Қазақстанның халық жазушысы, Еңбек Ері, аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері марқұм Әбіш Кекілбаев жерлес жазушымыз Бегімбай Ұзақбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» тарихи романының алғы сөзінде: «Түрік дүниесінің бағзыдан баянды абырой-беделі мен намысына түгел жоқшы, түгел сақшы да сол болыпты. Сөйтіп жүріп қыр жайлап, қиян кезіп, құйын қуған көшпенді елдің іргелі мемлекет, ірі ел болуына да жан-тәнімен қолғабыс етіпті. Қазақ хандықтарына жалғызсырағанда жақтас, ойсырағанда одақтас бола біліпті. Жалаңтөстің тұсында қазақтың еш жерде бағы кеміп, сағы сынып көрмепті. Ойға да, қырға қожа бола білген ондай ерен қолбасшы оған дейін де, одан кейін де көп бола қоймапты», – деп жазыпты.

       Батырдың өзбек жеріне - Самарқанға келуі туралы деректерді зерделесек, ХVI ғасырдың соңғы ширегінде Сырдария өзенінің төменгі жағындағы қазақтар, Самарқан қаласына қарай қоныс аударады. Жалаңтөс батырдың әкесі көсем, би, қолбасшы Сейітқұлды, Ақсақ Темір қайтыс болғаннан кейін, оның баласы Шахрух Самарқанға шақырады. Ойткені бұл кезде Самарқанға Ираннан қауіп төнуде еді. Осылайша Жалаңтөстің әкесі Сейітқұл 40 мыңға жуық үйді бастап Бұқара жеріндегі Нұрата тауының бөктеріне қоныс тебеді. Әкесі Самарқанға қоныс аударғанда Жалаңтөс не барі 5 жаста болған. Жалаңтөс осылайша өзінің өмірінің саналы ғұмырын Самарқанда өткізген. Жалаңтөс жігіт болып есейіп көзге түсе бастаған кезде, Бұхара мен Тамды маңындағы қазақтардың ханы Ақназар мен Дінмұхаммед, Жалаңтөсті өзіне шақырып алып, онымен одақтасу туралы пікірін айтады. Орта Азия жеріндегі күшті мемлекет Бұхара хандығының хандары да, сыртқы жаудан қорғану үшін Жалаңтөсті пайдаланғысы келді.

       XVII ғасыр мен XVIII ғасырдың 1-ші ширегінде Маверннахрда Аштарханидтер династиясы үстемдік еткен. Бұл династияны сол дәуірде 8 хан билеген. Олар Баки Мухаммадхан (1599-1605 жж.); Вали Мухаммадхан (1605-1611 жж); Имамкулихан (1611-1642 жж.); Надир Мухаммадхан (1642-1645 жж.); Абдулазизхан (1645-1680 жж.); Сұбханкулихан (1680-1702 жж.); байдуллахан (1702-1711 жж.); Абул Фаизхан (1711-1747 жж.). Алайда Аштарханидтер династиясы берік болмады, ол үш хандыққа бөлінді. Сөйтіп Орта Азияда үш тәуелсіз хандық құрылады. Олар: Қоқан хандығы, Хиуа хандығы, Бұқара әмірі еді. Аштарханидтер династиясының үшінші ханы Имамкулихан Бұқара хандығын басқарған кезде Жалаңтөспен байланыс жасайды. Өйткені XVІІ ғасырдың І-ші жартысында қазақ хандығы күшейіп, Орта Азияның көп жерін, қырғыз жерін, Ташкент уәлаятын, Сыр мен Амудария арасындағы біршама жерді, қалмақтардың жерінің біраз бөлігін қазақ хандығының құрамына кіргізді. Орта Азиядағы Бұхар хандығы да осылайша қазақ елімен байланысты болды. Бұхар ханы Имамқұлыхан Жалаңтөс батырды сыртқы жаулардан қорғану үшін пайдалану мақсатында оған Самарқан қаласының әмірі бол деп ұсынадыү Осылайша Жалаңтөс батыр Самарқанның әмірі болып 30 жыл билік жүргізген.

         Бұқара хандығының жарты ғасырға жуық саяси өмірі Жалаңтөс есімімен байланысты. Жоңғарлар Бұқара мен Самарқанға шабуыл жасап, басып алуды сан рет ойластырғанмен, Жалаңтөс баһадүрден бата алмай, мысы басылып қалады да көбінесе Жетісу және Ыстықкөл бойына әңгір таяғын ойнатып, әмірін жүргізеді. Жаудан қорғана білудің және билікті берсе жолынан, бермесе қолынан тартып алудың тура жолы – тұрақты қарулы күш жасақтау екенін түсініп, бас қолбасшылықты, бас уәзірлікті, кейін Самарқан уәлаятының әмірлігі билігіне жетіп, қазақ сахарасының қорғаны бола білді.

         Жалаңтөс батыр қазақ хандығы және Бұхар хандығына қауіп төндіріп тұрған Жоңғар қалпақтарын талқандайды. Жоңғар хандығының негізін қалаған Батур қонтайшы 1643 жылы қырғыздарға тұтқиылдан 50 мың қолмен шабуыл жасап, бірталай олжа түсіріп, 10 мыңдай адамын тұтқынға алып, жеңістеріне масайрап келе жатып, жолындағы жер жанаты Жетісу бойында жаулап алуды ойластырады. Бұған Белжайлаудағы Орбұлақ шатқалында Есім ханның баласы, әз Тәукенің әкесі, дарынды қолбасшы Салқам Жәңгір хан 600 қолмен қарсы тұрады.      Кескілескен шайқаста саны көп жауды жеңе алмасын білгесін Самарқан әмірі Жалаңтөс баһадүрге хабар жібереді. Жалаңтөс бір жұмада 20 мың қолмен суыт жетіп, Батурдың әскерін тасталқан етіп жеңіп, 10 мыңнан астам жауынгерлерін құрбан етіп, алып келе жатқан олжаларын қолға түсіріп, тұтқындарын босатып, еліне қайтарады.

         Батур қонтайшы жеңілгенін мойындап, Жалаңтөс баһадүрге өзінің Қанза атты сұлу қызын жасаулап ұзатады. Жалаңтөс Самарқанға оралғанда, алдынан шыққан туған ағасы, Қоқанның ханы Ақшаға бұл қызды тарту етеді. Қанзада аты қазақ ортасында келе-келе сіңісіп Кәніспекке айналып, төртқара руының бір аталығы осы есіммен аталып кетеді. Бұл анамыздан Айдарбек, Ақылбек, Қалқаман, Елсемен деген ұлдар дүниеге келеді. Анамыздың адамгершілігі, адалдығы, ақылдылығы ерекше  болады.

         Ақша хан бірде жорыққа кетіп, елге оралғанда: «Бұл қай ауыл?» деп сұрайды. Сонда жергілікті жердің адамы: «Кәніспектің ауылы» дейді. Сол кезде атамыз – Ақша санын бір ұрып: «Мен атымды шығарамын деп дүние кезіп жүргенім де, менен бұрын әйелімнің аты шығыпты ғой», – депті. Төртқара руының Кәніспек тармағы осылайша пайда болыпты.

           1644 жылы Пәкістан, Ауғанстан, Үндістанды билеген Ұлы Моғол империясының негізін қалаған Ақсақ Темірдің немересі, атақты Бабырдың ұрпағы, әлемнің жеті ғажайыбының бірі Тәж-Махалды салдырған Шах Жаһанның ұлы Ауренгзебті Мурадбахид інісімен бірге қолбасшылық жасап, арғы атасы Ақсақ Темір билеген Бұқара хандығы өңіріне иелік ету үшін, соғыс ашады. Осы басқыншылыққа Жалаңтөс баһадүр қарсы тұрып, әскери басшылық жасайды. Оған Салқам Жәңгір хан 100 мың қолмен көмекке келеді. Моғолдың 400 мыңдық әскерін, білікті бас қолбасшы 200 мың әскерімен ойсырата жеңіп, Хорасан, Балықты, Кабул мен Мешхедті бағындырып, үнді еліне қуып салады. Осы соғыста 68 жастағы Жалаңтөс 14 рет жекпе-жекке шығып, қарсыластарын тізерлетіп, намысын жер етеді. Жұртшылық Моғолстан ханымен соғыстағы таңғажайып ерлігіне риза болып, «Алланың сүйген ең сенімді құлы – Абдукерим» деген ат береді.

            Бұл кезде Иран щахы мен Тұран мемлекетінің арасы ушығып, келісімге келе алмай тұрған. Шекараға жақындаған Иран әскеріне қарсы шыққан Жалаңтөс баһадүр жауынгерлері бас-аяғы екі жұманың ішінде шахтың таңдаулы әскерінің мысын басып, астанасына дейін қуып барып, талқандайды. Осы соғыстағы ерекше ұйымдастырушылығы мен ерлігі үшін Жалаңтөске ең жоғары әскери шен «Аталық» атағы беріліп, түркі тектес халықтар шексіз ризашылығын білдіріп, жаулықтан құтқарғанын мақтаныш етіп, батыр есімін аспандата көтеріп, «Азияның ақырға арыстаны – Тұран жолбарысы» деп бұрынғыдан да ерекше құрмет тұтады.

           Осы бір ел қорғау соғыстарында ұлдары Құдайназар, Сатыпалды, Раңбай, Наурыз әкелерімен бірге жауларына күш көрсетеді. Ұлан-ғайыр жеңісі үшін Жалаңтөс баһадүрге Дарайсуб, Мулган, Қаһмарт уәлаяттары, Толқыншы, Сайқоншы, Зереңгі, Қилағи, Хазарайы, Некудари қабилаларының елдері, Ғазына, Қандағар Залмендер, Гур, Қорасандағы елдердің жерлері оған меншік ретінде сыйға беріледі.

         Орта Азияға танымал әмір, бас қолбасшы Жалаңтөс баһадүрге Үнді, Хорезм, Тибет пен Иран патшалығынан, Қытай, Ауған, Қалмақ, Қырғыз, Қашқар, Парсы, Пәкістан, Қазақ елдерінен қымбат сыйлықтар әкеліп, тарту етіп жатады. Бұл саны мен құны жағынан мемлекет қазынасына түсіп жатқан барлық байлықтан да асып түседі. Бағалы құнды заттарды Самарқанда тұрақты 50 мыңнан 100 мыңға дейін кәсіби әскер ұстауға, үлкен сәулетті құрылыстар мен зәулім сарайлар, медреселер салуға жұмсайды. Білімі қатарынан асқан жастарды Бағдаттағы оқу орындарына, Мысырдағы Әл-Әзхар университетіне жіберіп, қамқорлық жасап отырады.

         Жер үсті, аспан асты ажарын асырып тұрған атақты Самарқан шаһарының орталығы Регистан алаңын, «Ширдор» (Арыстан медресесі) мен «Тилла Кари» (Алтынмен апталған) медреселерін салдырып, әлемді сәулетті сымбатымен таңқалдырып, әйгілі еткен. Тұрғызылған ғимараттар архитектуралық ерекше сән-салтанатымен шығыстың сәулет өнерінде ерекше орын алады.

         Самарқанда 43 жыл әмірін жүргізген Жалаңтөс баһадүр 80 жасында дүниеден өтіп, Ақсақ Темірдің бас уәзірі, қажы Ораз атасымен пікірлес әрі шынайы жолдас болған әулие, білікті діндар Махуми Ағзам бейітіне қойылды. Мұнда қыздары Малика, Ихлима бану, Айбибі және ұлы Сұлтанбекте жерленген.

       1659 жылы Сарай төңірегінде, қарадан шыққан Жалаңтөс баһадүрдің «Махуми Ағзам» аталатын бейітте қожалар арасында жерленгеніне қарсы болғандар бас көтеріп, әңгіме ете бастайды. Қабір ішін ашып, денесін басқа жерге жерлемек болғанда, табыт ішінен мөр басылған пірі әрі замандасы Хошими қожаның хаты шығады .Онда: «Осындай болатынын білгенмін. Сондықтан осы хатты ақыреттік болғанда қабіріне бірге көмуді өсиет еткенмін. Бұл жер, Жалаңтөс баһадүрдің жерленген жері, оның көзі тірісінде менен сатып алған уақып мүлкі. Батырдың мазасын алмай, тиыш қойыңдар! Хошми қожа» депті.

         Тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Манаш Қозыбаев «Тұлғалар тұғыры» кітабында; «Жалаңтөс — Әмір Темір, Ұлықбек, Бабыр, Жәңгір, Бейбарыс, Абылай, Қалден Серен сияқты ұлы қолбасшы, мемлекет қайраткері.  Ұлы сәулет өнерінің қамқоршысы. Самарқанды Тұран елінің астанасына айналдырған, жасампаз жан», – дейді.

       Дүние жүзі тарихында сирек кездесетін мұндай Ұлы тұлғаны мәңгі есте сақтап, ұрпағына үлгі-өнеге етуде облыс­та нәтижелі жұмыстар істеліп, Сыр шежіресіне өшпестей алтын әріппен жазылып қалды. Облыстағы спортта дарынды балаларға арналған мектеп интернатына, Арал қаласындағы стадионға, Қазалы ауданындағы бұрынғы Қызыл ту кеңшарына, Алматы, Астана, Қызылорда, Ақтөбе, Арал, Қазалы қалаларындағы көшелерге Жалаңтөс баһадүр есімі берілген. Облыс орталығы Қызылорда қаласында Жалаңтөс баһадүрдің зәулім ескерткіші орнатылды. Мемлекеттік сыйлықтың иегері ақын, драматург Иранбек Оразбаевтың «Жалаңтөс баһадүр» атты драмасы республикалық және облыстық драма театрларында қойылды.

         Жалаңтөс баһадүрдің туғанына 425 және 430 жылдығы құрметіне облыста республикалық және халықаралық дәрежеде ғылыми-практикалық конференциялар табысты өткізілді. Елімізге белгілі танымал ғалымдар мен мемлекет және қоғам қайраткерлері баяндама жасап, өнегелі өмір жолы мен атқарған істері жайлы тың мәліметтер беріп, толғана әңгімеледі. Бұл конференция материалдары кітап болып шығарылды.

         Жалаңтөс Баһадүр бабамыз тек ұлы қолбасшы, қоғам қайраткері, батыр ғана емес, сонымен қатар ұлы сәулет өнерінің қамқоршысы, Самарқанды Тұран елінің астанасына айналдырған жасампаз жан. Жастайынан ұлы Әмір Темір салдырған сәулетті, ғимараттарға қарап, қызығып өсті. Кейін арнайы сәулет оқуын біраз оқып, бұл саланы біршама меңгерді. Қолына билік тигенде келер ұрпаққа пайдасы тиетіндей үлкен үлкен медреселер мен, мешіттер салуды ойлай бастайды. Әкесі Сейітқұл қажы да өз заманында имандылық сауаты бар болғандықтан, Сарыдалаға жақын Шопан ұйықтаған деген жерге көшіп барып, алты қанат жеті отау тігіп, екі молда жалдап, Қарақалпақ, Қазақ балаларына дәріс берген делінген деректерде.

         Жалпы Жалаңтөс батырдың өзі де сауатты, білімді адам болған деседі. Ол діни, сәулет өнері жағынан болсын, әскери дайындықтың сондай-ақ барлық жағынан жан-жақты білімді болған екен. Жастайынан өзінің ержүректілігімен, еліне деген сүйіспеншілігімен көзге түскен оған әкесі Сейітқұл үлкен үміт артып, ерекше жақсы көрген. Жалаңтөске дұрыс бағдар беріп, өз басынан гөрі халықтың пайдасына өмір сүру керектігін құлағына құйып өсіреді.

       Бабамыз өте діндар, ислам дінін сол кездің өзінде-ақ елге дәріптеп кеңінен насихаттаған. Оның Самарқанд қаласында салдырған Шер-Дор, Тілла-Қари медреселері соған дәлел. Кей ғалымдардың пікірінше бұл медреселерде еліктеушілік, қайталау көп кезедеседі деп тұжырымдайды. Ал көптеген зерттеушілеріміз бен тарих-шыларымыздың сөзіне сүйенсек бұл кісінің салдырған ғимараттары айрықша, өзгеше, ешкімде кездеспейтін стильде салынған дейді. Кірпіштерінің өзі алтынмен жалатылған екен.

         Қорыта айтқанда, даңқты қолбасшы, батыр, Самарқан қаласының әмірі Жалаңтөс батыр сынды қазақ халқының тарихи тұлғасын, баба ерлігін, оның дүние жүзілік мәдениетке қосқан үлесін зерттеу, білу кейінгі ұрпаққа жеткізу парызымыз деп білеміз.

2.2. Жалаңтөстің мәдениет пен сәулет өнерінің дамуына қосқан үлесі

         Жалаңтөс бабамыз соғыс өнерімен ғаш шұғылданып қоймай, сәулет өнеріне, оқу білімге айрықша назар аударған. Жалаңтөс Баһадүр заманының белгілі ғұламасы, әрі тарихшысы, әрі әдебиетші, артында кейінгі ұрпақтарына аса мол мұра қалдырған Махмұд Бин Әмір Уәлиді жақсы білген лейге мықты негіз бар. Ол Балхта (Жалаңтөс бағындырған ауылдардың бірі) иуып, 1625-1630 жылдары Ауғанстан мен Үндістанға саяхат жасап, Кабул, Пешабар, Лахор, Аллахабад, Бекарес, Калкутта қалаларын аралаған. Одан оралған соң Балх пен Бұхара қалаларында тұрып, өзінің 7 кітаптан тұратын «Бахр әл-Асар» деген энциклопедиялық шығармаларында жазған. Сол шығармалардың 6-томы түгелдей Орта Азия мен Қазақстан тарихында, мәдениеті мен тұрмыс-тіршілігіне арналған деседі. Бұл кезде Жалаңтөс Баһадүр Хорасан мен Балхты, Күләбті, сондай-ақ Моғолстан аймағын ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстап, дүрсілдеп тұрған заманы болатын. Демек, автордың аталған кітапта Жалаңтөс Баһадүрді назардан тыс қалдыруы мүмкін емес.

         Жалаңтөс бабамыздың артында қалған белгілердің үлкені Самарқан шаһарындағы сәулет өнеріне қосылған ғимараттар дер едік. Үндістан мен Хорезмнен, қалмақ, қырғыз, қашған хандарынан, тіпті Тибеттен ағылып жататын қисапсыз сыйлықтарды түгелдей медресселер мен мешіттер салдыруға жұмсаған. Ал сырттан келетін сыйлықтардың ауқымы Самарқан қаласының өз қазынасынан анағұрлым асып түсіп отырған көрінеді. Сол заманда Жалаңтөстің үш мыңнан астам құлдары болыпты. Солардың күшімен 1619-1636 жылдары Регистанда атақты Шер-Дор, ал 1647-1660 жылы Тіллә-Қари және «Ұлықбек мырза» медресселерін салдырған. Самарқан шаһарының көптеген көрнекті орындарының ішінде ерекше көз тартатыны - қалалық Регистан алаңы. Бұрынғы кездерде Самарқанның тыныс тіршілігіде Регистан алаңының алған орнын Мәскеудегі Қызыл алаңмен салыстыруға болар еді. Үкіметтің барша маңызды жарлықтары мен пәрмендері халыққа осы алаңда жарияланатын және қоғамдық келелі істерді шешу үшін шақырылатын немесе әулиелерге тәу етіп, қауымдасып құлшылық қылатын халықтық жиындардың бәрі де осы алаңда өткізілетін. Регистан алаңын толық аяқтап, оны үлкен бір ансамбльге айналдырады. Бұл ансамбль бүгінде әлемнің жеті кереметі сияқты жаһан жұртшылығын қайран қалдырып отырған сәулет өнерінің інжу-маржаны. Кейінірек әлгі салдырған медресселерде 1200 бала ақы-пұлсыз білім алыпты. Жалаңтөс бабамыз көгалдандыру мәселесін айрықша назарда ұстаған. Жер-жерден жеміс ағаштарын алдырып, құлдарына ектіреді екен. Қай құлдың жемістері жақсы өссе, соған үй-жай беріп, оны құлдықтан құтқаратын болған.

       Регистан алаңын қоршай салынған «Ұлықбек мырза», «Шер-Дор», «Тіллә-Қари» медреселерінің шәкірттері жарыса жаттаған аяттары алаңға жиналған елдің құлақ құрышын қандырса, белгілі әулиелерге, киелі кісілерге арналып тәу етіп берілетін астар мен жиындар, жұма намаздары да өткізілетін орын міндетін атқарады. Талай ғасырлар бойы Регистан алаңы - Орта Азиядағы аса ірі орталық базар ретінде батыстан шығысқа, шығыстан батысқа тартылған керуендердің, Ұлы Жібек жолының түйісетін, ірі сауда-саттық жасайтын, Самарқанның атақты қағаз өнімдерін садалайтын мекеніне айналады. Регистан атына ие болған осынау мекен талай ғасырларды басынан кешіріп, құрлысын үш рет өзгертеді.

         «Тіллә-қари», яғни «Алтынмен апталған» медресесі іш жағында ауласы бар, тік бұрышты көлемді ғимарат, оның биік, шаршы шатыр жиегі (фронтон), сыртқы қабырғасы мен мұнаралары әсем нақышты өрнекті жазу түзеген түрлі-түсті, алтын жалатқан жұқа кірпіштермен қапталған.

         «Шер-Дор», яғни «Арыстанды медресе» медресесі айбында да сәулетті ғимарат, оның сыртқы жағы адам таңқаларлық өркениеті жазу түзген түрлі-түсті жұқа керпіштермен қапталған. «Шер-Дор» медресесінің жалпы алаңының аумағы 70х57м. Бұл төртбұрышты ғимараттың ауласы 5 құжырамен екі қабатты болып салынған. Ауланың бұрыш-бұрышында жағалай сабақ оқитын бөлмелер - зиярат ететін киелі орын. Себебі сыртқы қабырғасы Әбу-Жафар Садық кесенесімен шектесіп жатыр. Ғимараттың өн бойы оюланып тасталынған. Ерекше көзге түсетіні - өте нәзік үлкен ромбы тектес геометриялық фигуралармен әшекейленген. Оюлардың жіңішке сызықтары көз алдыңызға гүлді, ақ киік қуған алтындатылған отты жолбарысты елестетеді. Күнді домалақ, бұғының миндаль көзі іспеттес етіп келтірген. Алытн жалатқан күннің шұғыласы жағалай сәуле шашып, адамға ерекше әсер қалдырады. Жалпы көрінісі көкшіл ьүспен безендірілген. Ою-өрнектері жақұт түсті бояумен және де алтынмен апталып, ағаш сабақтары ақ түсті гүлдермен айқастырылып, көмкерілген. Тек осы архитектуралық келбеті үшін «Шердар медресесі» деп аталған.

         Классикалық мұсылман аспан әлемінде күннің орналасу тәртібі Асад тоғысуына, яғни, жолбарыс жұлдызына (Шер) қарсы орналасқан. Бұл жақсылықтың нышаны іспеттес. Бұдан түсінеріміз - ғимараттың құрылысы шілде айына сәйкес келеді. Жалаңтөс Баһадүр осыны негізге ала отырып, алдыңғы жылды Абхад санауына сәйкес келтірген, медресе ауласы және оның қасбеті әрлендіріліп, сырт келбеті де әртүрлі архитектуралық безендірілуге бай. Ал аулада шәкірттерге арналған 25-ке жуық құжаттар бар, мешіттің ішкі қабырғасы да түрлі-түсті, алтын жалатқан өрнекті жазу, суреттермен безендірілген. Шынында да «Шер-Дордың» порталының ішкі қабырғасында парсы тілінде мынандай жазу бар:

            

         Бұл жазудың аудармасы мынадай:

         «Әмір қолбасшы, турашыл Жалаңтөс; оның кемелдігін жеткізе мақтайтын қызыл тіл - інжу-маржан; ол тұрғызған медресенің биіктігі соншалық, оның ұшы көкке тірелген; ақылдың қыраны қанатын қатты қақса да жылдар бойы сенің бік аспалы дарбазаңа жете алмас; оның мұнарасының ұшына ғасыр бойы ілмекті арқаны бар айлакер ұры да шыға алмас; сәулетші оның аспалы дарбазаларының тізбегін жасап таңқалғандықтан аспан бармағын тістегендей (таңданыс, қызғаныш белгісі ретінде) жаңа толған айды қарпып алды; осы құрылыстың іргесін Жалаңтөс Баһадүр қалағандықтан, ғимараттың тұрғызылған жылы «Жалаңтөс Баһадүр жылы» деп аталады:

         Егер «Жалаңтөс Баһадүр» сөзін құрайтын (араб) қаріптерінің сандық мәнін тізсек, онда ғимаратты салу жылы хижра бойынша 1028, ал қазіргі жыл санаумен 1619 жыл болып шығады.

         Осы күнге дейін әлемді таң-тамаша қылып, таңдандырып келген құрылысты XVII ғасырдың басында салдыртқан бұл Жалаңтөс Баһадүрдің еңбегі ұрпаққа мәңгілік мұра.

        

Партнеры G Global

  • 001_3.jpg
  • 002.jpg
  • 002.png
  • 004.jpg
  • 004_2.jpg
  • 009.png
  • 15.png
  • ASEF_HORIZONTAL_5C_PNG.png
  • Bloomberg_logosvg.png
  • IOFS_logo.png
  • Logo.png
  • Offizielles_Logo_des_Europischen_Forum_Alpbach.png
  • Silok.png
  • Без названия.jpg