Международный секретариат G-Global г.Астана, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

ҚАЗАҚ ТІЛІ ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ ИДЕЯ

 

Абдразакова А.У.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ-ң аға оқытушысы

Қайырбек Мұрат

Ист-18-1 оқу тобының студенті

Адамзат үшін материалдық байлық қандай қажет болса, рухани байлық та сондай қажет. Ұлттық мәдениет халықтың ұзақ жылдар ішіндегі сұрыпталып жинақталған асыл да ардақты қазынасын құрайтын рухани игілігі, салт – дәстүрі, әдет - ғұрпы, наным - сенім, зиялылығы, бір ұлттан ерекшелендіріп көрсететін асыл қазына. Ол әдебиетті, өнерді, адамның шығармашылығын, көркемдік, эстетикалық талғамдарын қалыптастырып дамытатын рухани өмірдің барлық салаларын қамтиды. Елбасы Н.Ә. Назарбаев айтқандай «Қазақтар – ұлы өркениеттің мұрагерлері, тарихтың сан сапалық құз қияларына өзінің ұлттық мен дегізерлік қасиеттерін алып шыға алды». Қазіргі кезде әлемде 3000-ға жуық ұлттар мен ұлыстар өмір сүріп отыр. Олар екі жүзден астам мемлекетке біріккен. Әлемдегі мемлекеттердің басым көпшілігі бірыңғай бірұлтты емес, көп ұлтты. ХV ғасырда құрылған қазақ хандығы моноэтникалық мемлекет болса, ХІХ ғасырдағы патшалық Ресей мен ХХ ғасырдағы кеңестер билігіндегі саясат салдарынан   Қазақстан бүгінде - полиэтникалық мемлекет. Сонымен қатар, Қазақстанда қазіргі таңда әлем қоғамдастығында жоғары баға алған, өзге елде баламасы жоқ, өзіндік этносаралық келісім моделі қалыптасқан. Оның нәтижесінде қазақтармен бірге татулықта 130 - дан астам этнос пен 40 - тан астам конфессияның өкілдері тұрады. Өз кезегінде әр түрлі этностардың бірге ұзақ тұруы қоғамда толеранттылықтың тұрақты дәстүрлерін қалыптастырды. Этносаралық келісімді қамтамасыз ету үшін тиімді нормативтік-құқықтық және тұжырымдамалық негіздер жасалынды. Қазақстан Республикасының Конституциясы этностық, нәсілдік, діни және өзге тиістілігіне қарамастан барлық азаматтардың мүдделерін қорғауға кепіл береді. Негізгі заңның нормалары барлық этникалық топтардың арасында сенім мен өзара құрмет сезімін қалыптастыру үшін негізін салды. Қоғамдағы ұлтаралық келісім мен татулыққа ықпал негізгі факторлардың бірі – тіл жағдайы. Кез келген халықтың тілі – оның салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, әдебиеті мен мәдениетін сақтауының негізгі болып табылады. Соған сәйкес біздің елімізде де тіл саясатына мемлекет тарапынан ерекше көңіл бөлініп отыр. Тіл саясаты Қазақстандағы ұлт саясатының маңызды тармақтарының бірі болып табылады. Қазақстан Республикасының бүгінгі таңда жүргізіп отырған тіл саясаты ең алдымен елдің әлеуметтік - саяси тұрақтылығына, қоғамдағы ұлтаралық, этносаралық келісімдерді нығайту бағытталған. Себебі, әр ұлттың тілі мен мәдениеті, даму жағдайлары белгілі бір мөлшерде халықтар арасындағы қарым-қатынастарға, байланыстарға да өзіндік әсерін тигізеді.

Бұл жөнінде елбасының «Тарих толқынында» атты еңбегінде: Күллі ұлттық мәдениеттердің кедергісіз өркендеп, кібірткісіз өмір сүруін қамтамасыз ететін арнаулы шарттардың бірі оларға құқықтық жағдай туғызу болып табылады. Низами мен Гете, Тоқай мен Шевченко, Руставели мен Науаи, Колас пен Айни біздің азаматтардың басым көпшілігі үшін аты мектеп әдебиетінен таныс есімдер ғана емес, жүрегінің бір бөлшегі де. Сондықтан да Қазақстанда ұлттар мәдениетіне ең бір аялы көзқарас қалыптасқан, - деді [1]. Басқа этностар үшін қолайлы жағдай жасаумен бірге қазақ халқының мәдени өзегін мақсатты түрде дамыту ұлттық саясаттың басты элементтерінің бірі болып табылады. Жаһандану заманында көп этностық мемлекеттерде ірі титулды этностардың аз санды топтарды ассимиляциялау арқылы жұту саясаты толастар емес. Өркениетті, дамыған мемлекеттерде аз санды халықтар қоғамның объективті талаптарына сәйкес, көп санды, басым ұлттың мәдениетін, тілін, дәстүрлерін еріксіз қабылдауға мәжбүр.

- Егер біз өзіміздің біртұтас тарихи тағдырымыз туралы, жаңадан қалыптасып жатқан геомәдени бағдар - межедегі белсенді рөлімізді айқындау жайында сөз қозғасақ, осынау әлемге неге жаңа мәдени - өркениеттің тұтас бір тұлғасы ретінде енбейміз? - деген сұрақ қоя отырып, елбасы Н.Ә. Назарбаев оған өзі былай деп жауап береді:

- Шынтуайтқа келгенде, таңдаудың екі жолы бар. Біріншісі – қатарласа өмір сүріп келе жатқан қазақтың ұлттық мәдениеті мен шашыраңқы диаспоралар мәдениетінің жиынтығын қалау.

- Екінші ұлттық мәдени жүйелердің пәтуа келісіміне арқа сүйейтін мәдениеттер шендесуі. Мұның діттеген мұраты жалпы Қазақстан мәдениетін өалыптастыру болмақ. Әрине, бұл арада өзге ұлыстардың өкілдері қазақ мәдениетін көз алдына айқын келтіріп, оны шындап игеруіне тура келеді. Кезінде қазақтардың өзі де орыс мәдениетін дәл сондай байыппен меңгеріп еді ғой [1,130].

Ұлттық патриотизм және отарлау саясаты Кеңес Одағында халықтар достығы, инртернационализм идеологиясы екі қарама-қайшы үрдістердің қыспағында болды. Бір жағынан, ұлттық мәдениеттің дамуы, ұлттық театрлар, жоғары оқу орындарының ашылуымен бірге ұлттық интеллегенция қалыптасып, ұлттық сана өсті. Кеңес заманында әр тарапқа шашырап кеткен қазақ жері жинақталып, жаңа әкімшілік шекаралар айқындалды. Қазақтар Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасы деген территорияға шоғырланып, сол жердің иесі болды. Олар өздерін тұтас ұлт ретінде сезінді. Сөз жоқ, бұл ұлттық сана-сезімді көтеріп, қазақтың беделін өсірді. Осы атамекенде 1991жылы Тәуелсіз Қазақ елі пайда болды. Екінші жағынан, кеңес билігі бір қолымен жаңа ұлт қалыптасуды қолдаса, екінші қолымен сол ұлтты тұншықтыруға тырысты, бірақ жоя алмады. Осы екіұшты саясат терең қайшылықтарға әкелді[2]. Кеңестік кезеңде мәдениет құрылысы саласындағы жетістіктермен қатар орны толмас қайғылы беттері де аз емес. Жалпы адамзаттық құндылықтардан қол үзу білім беру жүйесіндегі орамдылық пен икемділікті әлсіретті.Тұлғаның шығармашылық еркіндігін шектеу және мәдениеттегі жасампаздық әлеуетті кісендеу репрессиялық шаралармен жүзеге асқандықтан адамдар бойына үрей орнатты, олардың өмір салтымен дүниетанымына бірізділік серік болды. Қазақстан бүкіл КСРО –дағы сияқты, әлемдік мәдени үрдістерден алшақтай берді. Кеңестік саясаттың қауқарсыз ұлттарға қаталдығы, тілге деген немқұрайдылық қазақ тілінің соры болды. Ана тілінде газет-журналдар, кітаптар шығып тұрғанымен, ол ауыл тіршілігінің сұранымын ғана қанағаттандырды. Қала халқы қазақ тілін керек етпеді. Кезінде ауылдан шыққанымен, қалаға келгеннен соң орысша білім алған жастар тек тұрмыстық деңгейде ана тілінде сөйледі. Ғылым тілі бірте – бірте ана тілін ұмытып, орысшаға біржолата ауып бара жатырған еді. Бұндай мүшкіл халіміз 80 – жылдардың аяғына дейін жалғасты. Одақ ыдырап, тәуелсіздігін жариялаған республикалар ғасырлар бойғы армандары орындалып тіл мәртебесін шешуді өз еншілеріне алды. Алланың берген аманатындай, тарихтың тезінен өткен қазақ тілі де бір жаңғырып еңсесін тіктеуге мүмкіндік алды. Дегенмен ресми мәртебесі бар орыс тілі қоғамдық өмірде нық орныққан қалпінен танбады. Полиэтникалық, оның үстіне тым толерантты мемлекетімізде толеранттылық тек жергілікті халыққа ғана қатысты болмауы керек. Мемлекеттік тіл мәртебесін конституция бекітіп отырған соң, конституциядан жоғары не болуы мүмкін? Тек соны құрметтеп, орындасақ болғаны емеспе.

Қазақ тілі ресми құжаттарда сөзсіз мақұлданғанмен, ал нақты өмірде оны насихаттау мен орнықтыру ісі «ұлтшылдық», «сатқындық», «халықтар достығына қастандық» деген желеулермен айыпталды. Оған еліміздегі 1929-1931, 1937-1938 және 1947-1951 ж.ж. ұйымдастырылған жаппай қуғын – сүргін науқаны толық дәлел бола алады. Сол тұста «Кеңес халықтарының ұлы көсемі» Сталиннің ұлттарды ұлттық тегі мен рухани қазыналарынан айырып, оларды «біртұтас кеңес халқына» айналдыру саясаты өмірге келді. Соның кесірінен кеңес одағында 98 тіл біржолата жер бетінен құрып қазақ тілі сияқты ұлт тілдері жойылудың аз – ақ алдында қалды [3].

Елбасының сөзімен айтқандла Қазақстандағы күллі ұлттық топтардың өкілдері қарапайым ғана ақиқатты – қазақ мәдениетінің Абай мен домбыра ғана емесін түсінуі керек... Бір сөзбен айтқанда, бұл дегенің сыртқы жылтырақ жаттанды бірдеңе емес, жанасып кетсең, жаныңды байытар байтақ әлем – қазақ мәдениеті. Қазақ ұлтының мәдениеті - оның ұлттық тарихының өнімді өзегі, құрамдас бөлігі, маңызды саласы. Сондықтан да оны игеру, өз алдына ғылым ретінде танып, оқып үйрену әрбір қазақстандықтың парызы.

Қазіргі жаһандану кезеңінде көптеген мәдениеттер өзін жоғалтып алудан қорқады. Ал, мәдениетті, өзінің ұлттық, мәдени бірегейлігін сақтап қалудың жолы – мыңдаған жылдар бойы қалыптасқан ұлттық құндылықтарын қайта жаңғырту. Қазіргі кездегі көп жағдайда жаңадан ұсынған, жаңа заманғы құндылықтарды алуға қорқудың себебі де осында. Өйткені, кейбір ұлттар өзінің ұлттық бірегейлігін жоғалтып алуы да мүмкін. Мысалы, өзгенің тілінде сөйлеп, өз тілін ұмытудың соңы өз мәдениетін жоғалтуға алып келетін тура жолдың бірі деп білу керек. Тіл – адамның ойының сөз арқылы айқындалуы. Тіл – ілкі бастаулардың бірі. Дүниеге атау беріп, оны танып білуде тілдің ролі зор.

Әлемнің аймақтарының халқы барған сайын этностық құрамы, мәдениеті мен өмір салты бойынша әр түрлі бола түсуде. Бұл заңды процесс болып табылғанымен, өкінішке орай көп жағдайда ұлтаралық шиеліністің күшеюіне, кейде тіпті қан-төгіске әкеленетін ашық дау-жанжалдарға да ұрындыруда. Соған байланысты, ұлтаралық келісім мен татулық қазіргі таңда қоғамдағы көкейтесті мәселенің біріне айналып отыр. Ұлттың ең басты қуаты-оның ішкі бірлігі. Абай атамыз айтқандай: «Біріңді қазақ, бірің дос, көрмесең істің бәрі бос», тек қазақтар ғана емес, барлық ұлттардың ауызбіршілігі болмаса талай нәрсе бекер болып қалары сөзсіз. Мұстафа Шоқай түсінігіндегі ұлттық мүддені жеке мүддесінен жоғары қоятын зиялылар қоғамымыздың қозғаушы кұші болуы керек.

         Әрбір этностың, әсіресе мемлекет құраушы ұлттың өзін өзі сақтайтын қасиеттерінің иесі орта тап. Орта тап- ұлттың өзегі, арқауы, берік мызғымас тірегі. Ұлттың қуанышын, ішкі күйін сезінетін, сәтсіздігіне қайғыратын, ұлттық мұқтажы жанына бататын оның орта тап өкілдері: кіші және орта кәсіпкерлер, педагогтар, ғалымдар, жазушылар, өнер адамдары, орта шенді әскерилер. Орта тап қоғамды тұрақтандырушы, ұлт мәселесінде ауытқуларға жол бермей, байсалды ұстанымды таңдайды, экономикалық дамудың басты агенті, интеллектуалдар, ұлттық тілдің, мәдениеттің, жердің иесі, ұлт лидері [4]. «Рухани код - ұлттың жан дүниесі» деген мақаласында ф.ғ.д., профессор Амангелді Айталы: «Қуғы-сүргінге ұшыраған ұлт жалтақ, өзіне-өзі сенімсіз», дейді. Отар да болдық, қуғын да, сүргін де, зобалаң да, ашаршылық пен нәубет те көрдік. Сенімнен айырылмадық. Болашақтан үміттіміз. Әркім өз еңбегіне қарай лайықты қажетін алатын, қабілетіне сай жоғары өрлеуге мүмкіндіктер беретін постиндустриалды қоғамда кез келген азаматқа этносына, жынысына, жасына қарамастан әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартып, тұрмыс деңгейін өсіруіне жағдай жасалады. Алайда постиндустриалды қоғамда ұлт тілін, төл мәдениет пен өнерді сақтау аса қиын болмақ. Осы тұста Нұрсұлтан Әбішұлының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында сананы жаңғырту, ұлттық болмыстан, ұлттық кодтан айырылып қалмай, оны әлемдік құндылықтармен үйлестіріп, Қазақстанның игілігіне жарату жолындағы мақсат-мүдделер туралы өзекті мәселелер дер кезінде көтерілгендігін тағы да мойындаймыз.

Хронологиялық тұрғыдан келер болсақ, қазақстандағы ұлттық идеяның жасы - қазақ этносымен түйдей құрдас. Ол қазақтармен бiрге дүниеге келдi әрi тарих сахнасына да қазақтармен қол ұстаса көтерiлдi. Мұратсыз ұлт ұлт болып қалыптасуы да, сақталып қалуы да мүмкiн емес. Қазақ хандығы тұсында ұлттық идеяның өзегiн мемлекеттiктi нығайту, этникалық территорияны қалыптастыру болса, одан кейінгі кезеңде Ресей, Қытай, Жоңғар, Орта Азиялық мемлекеттермен оңтайлы қарым-қатынас орнатып, елдігімізді сақтап қалу болды.

Қазіргі уақытта Мәңгілік Ел болу үшін азаматтарымыз (әсіресе жастар) білім, ғылыммен мықты қаруланған болуы қажет. Себебі, кез келген мемлекеттің басты байлығы ол халқы, адам капиталы. Тіл мәңгілік, ұлт мәңгілік болғанда ғана ел мәңгілік болмақ.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Назарбаев Н.Тарих толқынында. – Алматы: Атамұра, 1999. – 296 бет, 127 б.
  2. Амангелді Айталы. Ұлтшылдық пен Ұлтсыздық /Abai.kz ақпараттық порталы.
  3. Назарбаева Г., Әбжанов Х. Қазақстан: тарих тұлға теория. – Алматы: - 2004 – 344 бет, 89 б.
  4. Амангелді Айталы. Рухани код-ұлттың ішкі жан дүниесі./ Егемен Қазақстан. 2017 жыл, 6 қараша.

РЕЗЮМЕ

        

В условиях современной глобализации возникает и укрепляется позиция, которая рас­сматривает сохранение культурного своеобра­зия, идентичности как высшее проявление цивилизации. Развитие современного Казах­стана невозможно без изучения истории и культуры народа, без понимания истоков этнического развития, приоритетных духовных, нравственных ценностей казахской культуры.

 

Партнеры G Global

  • 001_3.jpg
  • 002.jpg
  • 002.png
  • 004.jpg
  • 004_2.jpg
  • 009.png
  • 15.png
  • ASEF_HORIZONTAL_5C_PNG.png
  • Bloomberg_logosvg.png
  • IOFS_logo.png
  • Logo.png
  • Offizielles_Logo_des_Europischen_Forum_Alpbach.png
  • Silok.png
  • Без названия.jpg