Международный секретариат G-Global г.Астана, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Темірбек Жүргеновтің қазақ мәдениетінің дамуына қосқан үлесі.

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ аға оқытушысы Абдразакова А.У.

 

Қазақтың ұлттық интеллигенциясының тарихында кеңестік билік тұсындағы 70 жылдан астам уақыт елеулі із қалдырды. Бір жағынан, Қазақстанда бұл кезеңде кәсіби деңгейі жоғары зиялылар қауымын               даярлаудың жаңа жүйесі орнықса, екінші жағынан, әкімшілдік -төрешілдік жүйе ұлттық зиялыларға қарсы қуғындау, жазалау науқанын жүргізіп,               халқына «жау» етіп көрсетті. Зиялылар қауымының қасиетті міндеті                         -өз халқына қызмет етуіне, жасампаздық мүмкіндіктерінің ашылуына жол бермеді.

Өткен ғасырдағы біздің қоғам жеке талантты тұлғаларға бай болған. Олардың өз ортасына ықпалы да зор еді. Және де бұндай тұлғалардың басты ерекшелігі – олар дүниеге ең керек деген сәтте келіп, Ұлы Абайдың сөзімен айтқанда: “Сен де бір кірпіш дүниеде, тетігін тап та бар қалан” демекші қаланды.

Өз елі өте ауыр жағдайда болған уақытта патриотизмі, жақынына көмектесуге құштарлығы зор, білімдігі, іскерлігі жағынан өз замандастарынан көп уақыт алға кеткен тұлғалар қатарында Тұрар Рысқұлов, Ораз Жандосов, Ғани Мұратбаев, Темірбек Жүргеновті атасақ орынды.

Ташкентте оқып жүрген жылдарда Темірбек Жүргенов күллі Түркістанға танымал қайраткер дәрежесіне көтерілді. Сол кезеңнің басты мәселесі – Орта Азия мен Қазақстанның ұлттық мемлекеттік шекарасын межелеу ісіне белсене араласты. Осылайша Қазақстанның іргесі кеңіп, ұлттық тұтастануына, оңтүстік өңірдің қазағының бір шаңырақ астына топтасуына студент елші Темірбек Жүргеновтің де қосқан үлесі зор еді. Университетте оқып жүріп – ақ алғашқы ғылыми еңбектерін жариялады. 1929 жылдан мемелекеттік басшылыққа бір жолата ауысып, Тәжік АССР-нің финанс Халкомы, 1930-1933 жылдары Өзбек АССР-і Халық Ағарту комиссары, 1933-1937 жылдары Қазақ АССР-нің Халық Ағарту комиссары қызметтерін атқарды. Сол жылдары қолға алынған реформалардың бірі – мәдени революцияны іске асыруға белсене кірісіп, оң нәтижелер де бере бастаған еді.

Жүргеновтің жаңа қызмет жауапкершілігін орындауға кіріскен шақта бүкіл білім, ағарту салалары, мәдениет пен өнер істері түгел қараған Наркомпростағы жағдай мәз емес еді. «Мектеп 1-2 жылдық қана болсын, халық тек хат таныса болды, мектеп үшін үлкен үй салудың қажеті жоқ, мектепке күрке де лайық болады»[1,211], - деген Голощекин өлке халқын тек ат танитын дәрежеде сауаттандаруды жоспарлап, қаржыны да қысып беріп мәдениеттің бар саласы бойынша басқа өңірлерден қалыс қалуына бірден бір себепкер болды.

Жүргеновтың қажымас қайратпен ұйымдастырушылығының арқасында бас аяғы үш – төрт жыл ішінде республика мәдениеті тамаша нәтижелерге жетті.Бұл жөнінде өз естелігінде Ахмет Жұбанов: «Темірбек Қараұлының басқаруымен оқу ағарту, мәдениет салаларының соның ішінде өнердің даму екпінінің күштілігі сондай төрт-бес жылы ішінде Мәскеуге алып барып көрсетуге де жарап қалдық»,-дейді.[2].

1933-1937 жылдары Қазақ АССР-нің Халық Ағарту комиссары қызметтерін атқарып жүрген жылдары республиканың мәдени – рухани бейнесін түбегейлі өзгертті, халықтың біліми әлеуеті нығайды, мәдени – ағарту мекемелерінің кең жүйесін қалыптастырды. Мыңдаған адамдар сауатын ашып, мәдени құндылықтарды белсенді түрде игеретін дәрежеге көтерілді. Жаппай сауатсыздықпен күреске, жаңадан оқу орындарын ашуға, мәдени – ағарту мекендердің жүйесін кеңейтуге зор мән берілді. Бұрын оқу – білімнен алыс тұрған кедей – кепшіктер өмірінде тұңғыш рет қолына кітап алып, газет – журналдардың бетін ашуға кірісті. Бастауыш, жеті жылдық және орта мектептердің тұтас жүйесін құру арқылы сауатсыздар қатарын жыл сайын толықтырып отырған толқынды тоқтата алды.

Бұл – Темірбек Жүргеновтің мақтануға тұрарлықтай жеңісі деп сеніммен айтуға болады. Қашан болсын нақты, қысқа және батыл сөйлейтін қайраткер қазақ тілінің мемлекеттік тіл болып қалуы үшін де аянбай тер төкті. «Бастауыш, орта, жоғары оқу орындары өз тілімізде болуы керек. Осындай жағдайда ғана жер жүзінің өнер-біліміне қазақтың қолы жетеді»,-деп өркениет биігіне ана тілін сақтай отырып халқының көтерілетініне сенім білдіреді «Мектептің түрі, тілі туралы» деген мақаласында. [2,70]

Қалың бұқараның ілім – білім мен мәдениетке деген ынта – ықыласы мен большевиктер партиясының жоспарлы түрде жүргізген саясаты арқасында Қазақстан халқы айналдырған он бес – жиырма жыл ішінде үш мәрте, яғни араб, латын, орыс әліпбиінде хат танып шықты.Осылайша, ойланбай жасалған әліпби реформалары бір адамның үш мәрте сауат ашуына мәжбүр етті. Бұл революциядан кейінгі конфискация, ұжымдастыру, ашаршылық, репрессия, материалдық жетіспеушілік, оқытушы кадрының тапшылығы жағдайында атқарылатын оңай шаруа емес еді.

Тұтастай алғанда, Қазақстан халқының сауатсыздығын жою кеңестік жылдардың айтулы табысы екені ақиқат. Оған жеткізген факторлар қатарында мемлекеттік саясат, ұстаздар еңбегі, халықтың ілім – білімге құштарлығы тұр. Әрине, бұл істің 20 жылдан астам уақытқа созылғаны кемшіліктердің де аз болмағанын айғақтайды. Өйткені ересек адамды хат танытып шығу үшін 2-3 ай мерзім жеткілікті. Әліпбиді игеру жүздеген мың адамдардың тағдырына оңтайлы әсерін тигізгені күмән тудырмайтын ақиқат.

Сондықтан большевиктер халық ағарту саласында кешенді және батыл шараларды жүзеге асыра отырып, ұлттық аймақта екі мақсатқа жетудің ізіне түсті: біріншіден, сауаттылық пен білімнен шеттетілген қарапайым адамдардың сұранысын өтей отырып, олардың құрметі мен сеніміне ие болу мүмкіндігін жібермеді, екіншіден, білім беруді кеңейтумен қалың көпшілікке беймәлім маркстік-лениндік идеологияны еңбекші халық санасына сіңіріп, социалистік қоғамның теория мен практикасын өмірге енгізді.  

Темірбек Жүргеновтің қазақ мәдениетіне тағы бір қосқан үлесі араб – парсы тілдерінің білгірі – ұстазы Т.Ізтілеуовке мемлекет тарапынан жағдай жасатып, аз уақыт ішінде Қ.Фердаусидің атақты «Шахнама» поэмасын қазақша тәржімалатып алды.Бірақ, мәдениетке серпін берген тоталитарлы тәртіпті дәріптей берудің де қисыны жоқ. Өйткені тоталитаризм талай халықтың, соның ішінде қазақ халқының да мәдени дамуын ұлттық негізінен айырды. Большевиктік мәдени-рухани эксперименттердің айлағы бүкіл Қазақстан болғанын естен шығармау керек. Алғашқыда бұл эксперименттер жайлы айтылған саналуан қызыл сөзге, берілген шексіз уәдеге қарапайым халық та, олардың арасынан шыққан айтулы тұлғалардың белгілі бір бөлігі де қалтқысыз сенгені ақиқат. Эксперименттің зардабы ұлттың болмысын бұзатыны, берілген уәденің жартыкеш орындалатыны, ол аздайын, идеяны өмірге енгізу үшін жойдасыз зорлық-зомбылық қолданылатыны кейін мәлім болды. Елдің наразылығы туды. Бірақ бұл кезеңде большевиктік тоталитарлық жүйе барынша нығайып, күшіне еніп алған еді.

Т.Қ.Жүргенов осыншама күрделі де жауапты істерді атқарып жүріп 1937 жылы тұтқындалғанда жасы әлі 40 – қа да толмаған екен.Осы жылдарда қауіпсіздік орындарының қолымен мыңдаған адам, ең алдымен қазақтың зиялы азаматтары жазықсыз қуғын – сүргінге ұшырады. Қазақ зиялыларына негізінен тағылған айыптар – жасырын контрреволюциялық – ұлтшылдық ұйым құрып, кеңес өкіметін құлату мақсатын көздеді. Конфискация жылдарындағы жіберілген қателіктер, соңы аштыққа ұрындырған ұжымдастырудағы қиғаштықтар арасында күйзелген елдің сырт жерлерге ауа көшуі мемлекеттік биліктің басында отырған большевиктер партиясының кеңес үкіметінде большевиктер саясатынан тыс пікірге орын жоқ екендігін дәлелдеу мақсатында жазалау науқанын бастауға түрткі болды. Ол үшін кінәлілер де табылып жатты.Осылайша, тағдырдың тәлкегіне түскен қазақ зиялылары мен қазақ мәдениеті кеңестік жылдарда кем дегенде үш өліп, үш тірілді. Бірінші жолы бақытты заман есігін ашады деген социалистік идеяға жан- тәнімен сеніп,бойындағы барын-нәрін бергендер идея адыра қалған күні шығармашылық әлеуетінен ажырап, бағыт-бағдарынан айырылып, идеялық тірі өлікке айналды. Екінші жолы социалистік идеяға сенгендері де, сенбегендері де тоталитарлық қуғын-сүргіннің құрбаны болды. Үшінші жолы әлеуметтік прогресстің алғышарттары болып табылатын сабақтастық жоққа шығарылып, енді ғана өркен жая бастаған қазақ мәдениеті ұлтшыл, байшыл, үстем тапшыл сылтаудың қатал талқысына түсті.

Өткен ғасырдың 20-30 жылдарындағы Оңтүстік өңірдің мәдени дамуына тұтастай алғанда әлеуметтік ілгерілеу тән болды. Өңір руханиятының жоғалтқаны аз емес, дегенмен, бұл бағыттағы табыстар жоғалтқанымыздан қомақты тұр. Бір ақиқаттың басы ашық, қазақ халқы Ресей бодандығын қабылдағаннан бергі уақыт аясында, мәдени-рухани құндылықтардың туындауы жөнінен ең бір құнарлы кезең деп ХХ ғасырды, соның ішінде кеңестік социалистік жүйе заманын айтуға болады.

Пайдаланған әдебиеттер:

  1. Жүргенов Т. Таңдамалы. Избранное.- Алматы: «Арыс» баспасы, 2001.-275 бет.
  2. Тарихи тұлға тағылымы. Зәмзәгүл Ибрагимқызы. Қызылорда, 2011 жыл. 170 бет., 5 б.

Партнеры G Global

  • 001_3.jpg
  • 002.jpg
  • 002.png
  • 004.jpg
  • 004_2.jpg
  • 009.png
  • 15.png
  • ASEF_HORIZONTAL_5C_PNG.png
  • Bloomberg_logosvg.png
  • IOFS_logo.png
  • Logo.png
  • Offizielles_Logo_des_Europischen_Forum_Alpbach.png
  • Silok.png
  • Без названия.jpg