Международный секретариат G-Global г.Астана, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

ДІНИ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР - АХУНДАР, ИШАНДАР, ӘУЛИЕЛЕР

 

Асанбаева Ақерке Жақсыбайқызы

Магистр, Қазақстан тарихы кафедрасының оқытушысы

Қорқыт Ата атындағы ҚМУ

87078375011, E-mail:Этот адрес электронной почты защищён от спам-ботов. У вас должен быть включен JavaScript для просмотра.

Бүгінгі күні «әулие» ұғымын жаңаша көзқараста қарастырудың бірнеше себептері бар. Біріншіден, кеңес дәуірі кезеңінде өз тарихымыз бен мәдениетіміздің құнды деректері яғни ауызша деректер ғылыми айналымға дер уақытында түспеуі себебінен ғылыми зерттеулер мен көпшілікке арналған оқулықтарда жаңсақ пікірлер пайда болды.

Екіншіден, қоғамымызда кездесетін түрлі кедергілерге байланысты әулие мәселесі ислам дінімен бірге ғана зерттеліп, арнайы зерттеу объектісі ретінде қаралмады.

Әулие – ислам діні келгенге дейін ата-бабаға табыну, оның арғы жағы Тәңірі, Ұмай, Жер-Судан бастау алса да, қазақтардың өміріне ислам дінінің дендеп енуіне орай мұсылманшылық сипатқа ие бола бастады. Бұл жөнінде ғалым-этнограф Ә.Т. Төлеубаев былайша пікір білдіреді: «Ортаазиялық аймақ территориясына ислам дінінің таралуы кезеңінде мұсылмандық пен исламға дейінгі культ тығыз араласып, синкреттеліп кеткендігі сондай, исламға дейінгі және исламдық арасына нақты шек қою қиынға соғады, тіпті кейде мүмкін емес» [1, 6б.]. Расында қазіргі қоғамда әулие мәселесі неліктен назар аудартады? Қазақстанның ең қазағы көп облысы болып саналатын өңірде ислам дінінің ролі жоғары тұр. Осы дін қазақ өлкесіне жайыла бастаған кезде де алғаш таныған өлке. Солай дей тұрғанмен, бұл аймақта әулиелерге деген де құрмет ерекше екендігін баса айтуға болады.

Ислам діні Құдайды тану жолдарын ұсынса, сопылық ілім адамның өзін-өзі тану жағдайларын алдыңғы орындарға шығарады. Өзіңді өзің тану жағдайларын жоғары дәрежеде меңгерген, шариғат, тарихат және мағрипат жолынан сәтті
өтіп, хақиқатқа жету жолын іздеген білімді жандар – әулиелер болған деп есептеледі [2, 109б.].

Мұхаммед пайғамбар хадисінде: «Қайсыбір пендеге Алла жақсылық жасап, оны дін және шариғат ілімдеріне жетік етіп қояды. Оған дұрыс жолды сілтеп тұрады» –дегенді айтады [3, 59б.]. Сол ілімін әрі қарай дамыта білген әрбір адам көп адамдар жете алмайтын жетістіктерге жетеді. Дін мен шариғатты қатар меңгерсе ерекше қасиетімен түрлі кереметтер, ғажайыптар көрсетеді. Ел ішіне даңқы көзінің тірісінде-ақ тарайды. Сондай әулие адамдардың қатарында болған ахундар мәселесіне тоқталмақпыз.

Сырдың төменгі жағын мекендеген қалың елдің арасында Қалжан ахун, Ораз ахун, Дәулетназар ахун, Мырзабай ахун, Ақмырза ахун тағы басқа да ғұлама жандардың есімдері халық жадында әлі күнге сақтаулы және ұмытылмақ емес.

«Ахун» атағы діни кітаптарды аударушылар, әрі ел арасында дінді насихаттаушыларға, медреседе толық білім алған талантты жандарға берілген. Қазақтар белгілі бір қызметтерін тиянақтайтын әрекет иелерін, соның ішінде халыққа пайдасы тиген, діни сауаттандырған ғұламаларын ерекше мойындап, қастерлеп отырған.

ХIХ ғ. Бұхара медресесінен алған білімдерін өзінің халқына таратуға бағыт ұстанған ахундар мен олардан дәріс алған оқымысты шәкірттері, молдалар мешіттерде жүйелі түрде оқу-ағарту жұмысымен айналысқан. Кеңестік дәуір кезеңінде бұндай мәселелерді көтеру былай тұрсын, «ахун» атауын ауызға алуға тиым салынғанымен, бүгінгі күні басы ашық, тың тақырыптардың бірі.

«Көгілташ» медресесінде діни оқулармен бірге, аспан әлемі, математика, медицина, философия және осы айтылған ілімдерді түгел бойына сіңірген сопылық ілімді кісінің жан әлеміне сіңіріп дарытатын. Бұл пікірді Идрис Шах та жандандырады: «Сопылық мектепке айнала арнайы оқытушылар жиналатыны күдіксіз. Бұндай мектепті «бітіру» мүмкін емес, бұл мектептердің білімі басқа сопылармен жақын араласу, өзінің білімін шыңдау арқылы жетіледі» [4, 5б.].

Ислам дінінің халық арасына тарауына оң ықпал жасаған, медресе ашқан, сөйтіп халық ықыласына бөленген ғұлама жандардың бірі – Қалжан ахун. Қалжан ахун мешіті Қызылорда облысының, Жалағаш пен Тереңөзек ауданының аралығында теміржолдың бойында салынған. Сыртынан қарағанда есік-терезесі мүжілген, қыштан өрілген, маңдайшасы биік ғимарат.

Қалжан (шын есімі Қалмұхамед) Бөлекбай ұлы 1853 ж. Қарақалпақстанның Бурное ауданы, Тақтакөпір деген жерінде дүниеге келген [5, 131б.].

Қалжан ахунның немересі Шамшияның отбасылық шежіресі бойынша, Қалмұхамед Бөлекбайұлы Хиуа хандығында туылған. Ал дүниеге келген жылын 1862 ж. деп береді [6, 11б.]. Хиуа мен Бұқарада білім алған.

Әкесі Бөлекбай Ақтөбелік болғанымен өмірін Хорезм жерінде өткізеді. Ол 1785 ж. дүниеге келіп, 90 жасында 1875 ж. қайтыс болады. К. Бердәулетовтың «Бұқарбай батыр» кітабында «Әкесі Бөлекбай дейтін кісі қалмақтармен соғыста ерлік көрсеткен батыр. Хиуа ханына қаруымен енуге рұқсаты болған» десе, кейбір деректерде былай беріледі: «Бөлекбайдың емшілігі болған кісі екен» [7, 12б.].

Қалжан бір жасқа келгенде, Бөлекбайдың үйінде түстеніп отырған ауыл биінің көзі жас сәбиге түсіп: «Мына балаң не елден шыққан қу, не елден озған ғалым болады» – дегенде Бөлекбай: «Алдыңғы сөзің далаға, соңғы сөзің періштенің құлағына жетсін» – депті [8, 4б.].

Қалжан Хиуа қаласындағы діни мектепте кейін, Бұхарадағы Көгелташта (Көкілташ) 7 жасынан 27 жас аралығында білім алу мақсатында туған жерден жырақта жүреді. Сыр бойынан келген Ораз ахун Бекентай ұлымен Көгелташта оқып жүргенде жақсы дос болады. Қалжан оқуға зерек болып, парсы, араб тілдерін жетік білген. 1880-1890 ж. Көгелташта заң бөлімімен қатар, діни оқу, философия, астрономия, математика, биология және сол кездегі поэзияны да меңгеріп шығады. 1890 ж. Көгілташ медресесінің заң факультетінде жоғарғы білім алып бітіргенде, ишан атағымен қатар, қосымша ахун атағын алады. Құран сүрелерінің мазмұнын қазақ тілінде еркін аударып отырған. 27 жасында оқуын бітіріп, «ахун» атағына ие болады. Бірге оқыған Ораз ахун Қалжанның білімін бағалап, 1890 ж. Сыр бойындағы Жалағаш, Тереңөзек жеріне келуіне ықпал етеді .

   Қалжан ахунның арманы дәріс беріп жүрген мешітін, бұрынғы өзі оқыған Көгелташқа ұқсатып салу болады. Мешіттің архитектуралық жобасын Бұхарадан жасатып алдырады. Бұл мешіттің іргетасы алғаш рет 1902 ж. қаланады. Оның жанынан кірпіш күйдіретін шағын зауыт жұмысқа қосылып, айналадағы ел жиналып, қаржы құрап мешітті салады. Мешіт халықтың қолдауымен бітіп, біраз жыл діни білімнің орталығы болады.

Қалжан ахун ширек ғасыр бойы өзінің атымен аталған мешітте имам болады. Кейін патша әкімдері қудалап, түрмеге жабады. 1916 ж. жазында Жалағашта ораза кезінде намаз оқып отырып қайтыс болады. Халық оны Жалағаштан 20 шақырым қашықтықтағы мешітіне қолдарымен көтеріп апарып жерлейді. Ал оның көзі тірісінде киген шапанын ырымдап жыртып алып, ұзақ уақыт бойында үйлерінде сақтаған. Біз қарастырып отырған тағы бір әулие – Мырзабай ахун ХІХ ғ. мен ХХ ғ. басында өмір кешсе де, ол жөнінде жазба мәліметтер аз.

Кіші жүз Жетірудағы керейт тайпасының Арбалы руынан шыққан. Шыққан тегі және балалық шақтағы өмірі жайлы мәліметтер аз [9, 68б.]. Көнекөз қариялардың айтуынша және баспасөз беттерінде жарияланған материалдарға жүгінсек, Мырзабай ахун 1833 ж. Сырдарияның оңтүстік жағалауында дүниеге келген. Ел аузындағы деректерге сүйенер болсақ, ахунның әкесі де қара жаяу жан болмағанға ұқсайды.

Ауылда мұсылманша сауатын ашқан Мырзабай Азаматұлы Орта Азияның ежелгі қалаларының бірі Бұхарадағы «Көгілташ» медресесіне оқуға түсіп, оны 1854 ж. бітіріп шығады.

Көріпкел, әулие бабамыз, ХХ ғасырдың басында Сырдарияның теріскейінде салынып біткен теміржолды көріп, ойға батып тұрып: «Мағрып пен Машрық (батыс пен шығыс) байланысатын болды деп қуанған ертерек шығар, осы жолдармен ізгіліктен бөтен түрлі зиянды әдеттер ел ішіне ендеп кіріп кете ме деп қорқып тұрмын» – деген екен. Алдағы күндерді болжап айтқан сөздері дәл келгеніне тәнті боласың.

Бірде ахун таң намазын оқып болғаннан кейін шәкірттерін жинап алып:

– «Маған бүгін әулиелер аян берді. Патша да емес, хан да емес заманның өзі үш қайтара өзгеріске ұшырайтын болды. Кейбір халықтарға ғылымнан, сезімнен, сергектіктен айрылар күн туады. Көздері кіреукеленіп, медресе үйлері мен аспанмен астасқан мешіт мұнараларын көрмей қалмаса болар еді. Мен бұл кезеңде бақилық дүниеде жүрермін, сендер қиыншылыққа душар болатын болдыңдар-ау» – деп мұңға батып тұрып қалыпты [10, 3б.].

Мырзабай ахунның дүние салғаннан кейінгі, Қазан төңкерісі және Кеңестік дәуірді еске алсақ, енді ахун айтқан үшінші өзгеріс, ақиқаттың ақ жолына аяқ басар заман туар деп үміттенеміз [11, 3б.].

Ахунның бел баласының бірі Манаш Мырзабайқызы «Әкем мен дүниеге келген 1916 ж. қайтыс болыпты» – дейді екен. Баспасөз беттерінде Мырзабай ахун Азаматұлы 1918 ж. дүние салған деп жазылып жүр. Бұл да нақты дәлелденбеген. 1996 ж. көпшіліктің көмегімен, мешіт қайта қалпына келтірілді. Бүгінгі күні имандылық орны болып, халыққа қызмет етуде. Осы жылы ахун аруағына арналып, үлкен ас берілді. Ауылға Мырзабай аты берілді.

Ақмырза ахун 1881 жылы Қызылорда облысы, Қармақшы ауданы, Қуаңдария бойында (қазіргі Көмекбаев атындағы кеңшар) дүниеге келген. Кейбір деректерде 1882 ж. деп беріліп жүр. Оның бабасы – Арғынбай батыр болған. Ол кісінің батырлығы жөнінде ел арасында дастаны сақталып қалған. Осы дастанды Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің кафедра меңгерушісі, Қазақстанға белгілі жырау Алмас Алматов орындап жүр.

Қазалы уезі, Кеңтүп станциясында болыс Қашқарәлі Баймырза баласы Уақ мешіт салғызып, бала оқыттырады. Ақмырза ахун жергілікті халықтың балаларын ұл-қыз деп бөлмей діни сауатын ашады. Кезінде осы Ақмырза ахуннан білім алып, қоғам қайраткерлері болып қызмет атқарғандары да болған.

Бес жылдан кейін Қармақшы ауданы, Қуаңдарияның бойындағы Шыбынтай Тілес балалары Көтібар, Шортандар мешіт салғызып, ахунды шақырып алдырып, балаларын оқытады [12, 89б.].

Ақмырза ахун шариғат заңдарын қатты ұстаған. Көшіп-қонып, мал бағуға қалыптасқан халыққа адамгершілік пен биік парасаттылықты насихаттауға саналы өмірін сарп еткен. «Тойғанына тояттамай, ізгіліктің иесін білмейтін надандықтан арылып, қалың ұйқыдан оянып, заман ағымын танитын ойы ояу, ашық көз болу үшін оқу керек, елін қорғайтын ер болу үшін білім керек» – деп үндеген. Осы үндеуді негізге ала отырып, Құранға түсіндірме ретінде «Түрік иманы» атты еңбегін жазып қалдырады.

Қорыта айтсақ, жоғарыда қарастырған Қалжан ахун, Мырзабай ахун, Ақмырза ахундардың барлығы көзі тірісінде еліне еңбегі сіңген, ынтымақ пен бірлікке шақырған, өмірге әркімнің адалдығы мен адамдығын шыңдаған, алдын көрегендікпен болжаған жандар. Осындай тұлғалар өмірден өтсе де, ел есінен ұмытылмай, құрметтеліп әулие саналған. Ислам дінінің қара халықтың арасына тарату үшін барлық білімдерін жұмсаған. Қанша ғасыр артқа тастасақ та халық бұл жандарды исламдағы әулие тұтып, басына барып, Алла жолында құрбандық шалып түнейді.

      

ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  • Зиманов С. З. Общественный строй казахов первой половины XIX века. – А.,1958.
  • Бес ғасыр жырлайды. Екі томдық. Бірінші том. – А.,1989.
  • Оразбаева А.И. Дәстүрлі қазақ қоғамына тән билер институты. – А., Дайк-Пресс, 2004.
  • Материалы по казахскому обычному праву. – А., 1948.
  • Төреқұлов Н., Қазбеков М. Қазақтың би-шешендерi. 1, 2-кiтаптар. – А.,1993.
  • Басин В. Я. Россия иказахские ханства в XVI—XVIII вв.: Казахстан в системе внешней политики Российской империи. – А., 1971.
  • Казахско-русские отношения вXVI—XVIII вв. –А., 1961.
  • Сулейменов Р. Б., Моисеев В. А. Изистории Казахстана XVIII века. (О внешней и внутренней политике Аблая). – А., 1988.
  • Хазанов А. М. Скифтердің әлеуметтік тарихы. - М., 1975.
  • Масанов Н.Э. Революцияға дейінгі кезеңдегі көшпелі-қазақтардың қоғамдық даму ерекшеліктері: Номадизмнің тарихи-экономикалық негіздері: Автореф дис. ... тарих ғылымдарының докторы. - М. 1991.
  • Бларамберг И.Ф. Ішкі (Бөкейлік) және Зауральск (Малой) ордаларындағы қырғыз-қайсақ жерлеріне әскери-статистикалық шолу // Ресей империясының әскери-статистикалық шолуы. - Спб., 1852. Т. 13.
  • Гавердовский Я.П. Қырғыз-қайсақ даласына шолу // Ресей тарих институты Санкт-Петербург бөлімшесінің қолжазба бөлімі. 115 Топтама. - № 495.

Партнеры G Global

  • 001_3.jpg
  • 002.jpg
  • 002.png
  • 004.jpg
  • 004_2.jpg
  • 009.png
  • 15.png
  • ASEF_HORIZONTAL_5C_PNG.png
  • Bloomberg_logosvg.png
  • IOFS_logo.png
  • Logo.png
  • Offizielles_Logo_des_Europischen_Forum_Alpbach.png
  • Silok.png
  • Без названия.jpg