Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

ӘОЖ 329.78(574)

АБЗАЛХАНОВ А.С., ДОМАЛАТОВ Е.Б.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ,Өскемен қ.

«НҰРОТАН» ПАРТИЯСЫНЫҢ «ЖАСОТАН» ЖАСТАР ҚАНАТЫНЫҢ МЕМЛЕКЕТТІҢ ЖАСТАР САЯСАТЫН ЖҮЗЕГЕ АСЫРУДАҒЫ РӨЛІ

Жастар – қоғамның қозғаушы күші! Еліміздің ертеңі! Кемел келешек кілтіне қол жеткізуге олардың қосар үлесі қомақты. Жастар – келешегіміздің негізі ретінде өз білімімен, жасампаз еңбегімен және күш-жігерімен өз болашағын құрудың жаңа мүмкіндіктерін алу қажет. Ол ХХІ ғасырда Жаңа Қазақстанның – дамыған, бәсекеге қабілетті және әлемдегі сыйлы мемлекетті қалыптастыруды белсенді жалғастыруы қажет. Қалаған мамандықтарының білгірі атанып, мемлекет болашағына өз пайтасын тигізіп жүрген төменгі толқын өкілдеріне қандай айдар тақса да жарасады. «Нұр Отан» партиясы мен оның төрағасы, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жастарға ерекше көңіл бөліп келеді. Оған «Жас Отан» жастар қанатының қызметі дәлел. Бұл ұйым - жастардың жобаларын іске асырудың алаңы. Бүгінде жастар саясаты тәуелсіз Қазақстан елінің басты басымдықтарының бірі болып табылады. Жастарға айрықша көңіл бөлген мемлекет қана саяси және экономикалық табысқа жете алады. Жастардың инновациялық әлеуетін тиімді қолдана білген мемлекет стратегиялық артықшылыққа ие болады. Сондықтан да елімізде жастарды жалпы қоғамдық үдерістерге қосу мақсатында ынталандыру шаралары іске асырылып, олардың өзін-өзі жүзеге асыруы үшін мемлекеттік деңгейде жағдай жасалуда [1].

Кез келген мемлекет үшін жастардың қоғам өміріне белсенді араласуы аса маңызды болып табылады. Осы орайда біз жастардың қоғам өміріне араласуының келесідей негізгі талаптарын жіктеп көрсете аламыз (кесте-1):

Кесте 1. Жастарды қоғам өміріне белсенді араластрудың шарттары

Қоғам мен мемлекет қамтамасыз ететін шарттар

Жастарға байланысты шарттар

Жастарды қоғамдық өмірге қатысуға дайындау

Сапалы білім алу

Жастарды ақпараттандыру

Әлеуметтік иждивенттіліктен (асыраудан) бас тарту

Ақпараттық және коммуникациялық технологиялардың көмегімен жастарды қоғам өміріне тарту

Зиянды әдеттерден бас тарту

Жастардың БАҚ жұмысына қатысуын кеңейту

Спортпен және туризммен айналысу

Жастарды өтеусіз еңбекке және қоғамға қызмет етуге көтермелеу

Өзінің бойында жанындағы адамдарға деген жауапкершілік сезімін тәрбиелеу

Жастар жобалары мен бастамаларын қолдау

 

Жастар ұйымдарын дамыту

 

Жастардың үкіметтік емес ұйымдар мен саяси партияларға қатысуы

 

Аталған шарттардың бірі ретінде біздің зерттей мақаламыздың негізгі бағыты болып табылатын «НұрОтан» партиясы жанындағы «ЖасОтан» жастар қанаты. Ол 2008 жылғы 14 мамырда Астана (бүгінгі Нұр-Сұлтан) қаласында «ЖасОтан» ЖҚ I Съезінде қоғамдық бірлестік тұлғасында құрылған. Ұйымның облыстық, Астана, Алматы және Шымкент қалалық филиалдары, сондай-ақ, қалалық және аудандық деңгейде бөлімдері бар. «Жас Отан» Жастар қанатының Орталық кеңесіне Қазақстан Республикасының Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары, Үкіметтік емес ұйымдардың жастар көшбасшылары, жас спортсмендер мен мәдениет қайраткерлері кіреді. Жастар қанатының құрамын 2012 жылғы есеп бойынша 200 мың адамды құрайды. Бүгінгі таңда «НұрОтан» партиясы жанындағы «ЖасОтан» жастар қанатының Төрағасы Кәрібек Дәулет болып табылады (мамыр, 2019 бастап).

Негізінен «Жас Отан» Жастар қанаты «Нұр Отан» Халықтық Демократиялық партиясының идеясын қолдайды. Ұйымның мәлімделген міндеті - мемлекеттің дамуды жаңашылдыққа ұмытылуды қамтамасыз ету мақсатымен елбасының саяси платформасының негізінде Қазақстан жастарын біріктіру. Мақсаты - өзінің cоңынан жастарды тартып, қабілетті, мықты және абыройлы саяси жастар ұйымын құру.

Негізгі мақсаттар мен міндеттерді орындау үшін «Жас Отан» ЖҚ негізгі жұмыс бағытын айқындайтын кезек күттірмес міндеттерді жүзеге асырады [4]:

  1. Мемлекет басшысының саясатын қолдап, жастарды біріктіру. Аталған міндет жастар арасында еліміздің Президентінің беделін нығайту мен «Нұр Отан» ХДП-на жастардың сенімін көтеру бойынша кешенді шаралар әзірлеп, мемлекеттік-патриоттық негізде еліміздегі жастарды біріктіру.
  2. Жастардың құқықтары мен мүдделерін қорғау – жастар үшін мемлекеттік кепіл мен құқықтарының қорғалуы қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарастырылған.
  3. «Жас Отан» ЖҚ қызметінде жастардың көп бөлігін тарту арқылы «Нұр Отан» ХДП әлеуметтік базасын кеңейту. Жастар қанатында партияның мүшелерін көбейту бойынша механизмдер әзірленуде, сондай-ақ, «Жас Отан» Жастар қанатына басқа да жастар ұйымдары мен қауымдастықтар тартылуда.
  4. Міндет партия мен мемлекеттік органдарға кадрлар резервін қалыптастыру. «Нұр Отан» ХДП мен биліктің мемлекеттік органдарында кадрды толықтыратын жас көшбасшыларды дайындайтын және айқындайтын жүйені құруды көздейді.

Аталған міндеттерге сәйкес еліміздегі барлық университеттерде «Жас Отан» ЖҚ-ның бөлімшелері жұмыс істеп, өзінің алдына келесі міндеттерді қояды:

- Жастардың бойында қазақстандық патриотизм сезімін және жауапты азаматтық ұстанымын, Республиканың мемлекеттік рәміздеріне, Қазақстан халқының мәдени мұрасына, тіліне және дәстүрлеріне құрметпен қарауды қалыптастыру;

- Жастарды демократиялық, әлеуметтік әділ қоғам құру процестеріне тарту;

- Қазақстан Республикасының мемлекеттік жастар саясатын іске асыруға жәрдемдесу;

- Жастардың саяси экономикалық, әлеуметтік және өзге де құқықтарын қорғау жөніндегі қызметтерге қатысу;

- Жастар мәдениетін қалыптастыруға, жастардың білім, зияткерлік және кәсіби деңгейін арттыруға жәрдемдесу;

- Жастардың кәсіпкерлігін дамытуға жәрдемдесу, университеттің студенттерін жұмысқа орналастыруға көмектесу;

- Жастардың әлеуметтік маңызды бастамаларына қолдау көрсету және оларды іске асыру;

- Жастарды аға буынға деген құрмет, қамқорлық және мейірімділік рухта тәрбиелеу;

- «Нұр Отан» партиясы мен «Жас Отан» ЖҚ-ның бағдарламалық құжаттарында белгіленген міндеттерді халыққа насихаттау және түсіндіру, «Жас Отан» ЖҚ-ның мақсаттары мен міндеттеріне қолдау көрсетуші жастарды өзінің қатарына тарту;

- Жастар ұйымдарымен және басқа да елдердің азаматтық қоғам институттарымен ынтымақтастық орнатып, тиісті келісімдер жасау.

Қазақстан Республикасында жастар саясаты аясында жастарды қолдау және отансүйгіштік пен белсенді азаматтық позициясын қалыптастыру мақсатында келесі жобалар мен бағдарламалар жүзеге асырылуда:

1) «Жасыл ел». 2018 жылы «Жасыл ел» жобасы бойынша жетім, жұмыссыз және басқа санаттағы 24 мыңнан астам жастар бар. «Жасыл ел» жобасын іске асырудың тиімділігін арттыру мақсатында 2017 жылдан бастап жастар еңбек жасақтарын дамытуға (еңбекақыға қосымша ақы, киім-кешек тігу) 895 375 мың теңге мөлшерінде қаражат өңірлерге трансферттермен берілді [2].

2) «Дипломмен-ауылға!». ҚР Ұлттық экономика министрлігінің деректері бойынша «Дипломмен ауылға» жобасын іске асыру кезеңінде 60 мыңнан астам маман 15,3 млрд.теңге сомасына көтерме жәрдемақы алды, ал 27,5 мыңнан астам маман тұрғын үй сатып алу немесе салу үшін 70,6 млрд. теңге сомасында бюджеттік кредиттер алды.

3) «Мәңгілік ел жастары – индустрияға» (Серпін) жобасы. Қазіргі уақытта «Серпін» жобасы бойынша 26 ЖОО-да 16 472 адам білім алуда. Оқыту педагогикалық, техникалық және ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша жүргізіледі. 2018 жылы университеттерде «Серпін 2050» бағдарламасы бойынша оқуға 5089 грант бөлінді. 2017 жылмен салыстырғанда бұл 1376 грантқа артық. Студенттерге 350-ден астам мамандық ұсынылды, оның ішінде 195-техникалық, 91-педагогикалық және 64-ауыл шаруашылығына грант бөлінді. Бағдарлама 14 облысты қамтиды, оның 9-ы қабылдаушы, ал 5-і жіберуші өңірлер болып табылады. Қазақстанда 15 мыңға жуық жас 2018 жылы «Серпін 2050» бағдарламасына қатысуға қабылданды.

4) «Жастар практикасы». Бұл бағдарлама жастардың алған мамандығы бойынша алғашқы жұмыс тәжірибесін алу мақсатымен жүргізілетін оқу орындарының түлектерін уақытша жұмысқа орналастыру. Жастар практикасына соңғы үш жылдың түлектері, жұмыссыз ретінде тіркелгендер және олардың жасы 29-дан аспағандар жолдана алады. Жұмыс беруші жұмыссызды жұмысқа алу туралы шешім қабылдаған жағдайда, жұмыс беруші онымен Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексіне сәйкес еңбек келісімшартына отырады. Жастар практикасының ұзақтығы 6 айдан аспайды.

5) «Жастардың кадрлық резервтері». Осы жоба барынша даярланған және тәжірибелі жастар үшін мемлекеттік басқару және квазимемлекеттік сектор жүйесінде басшылық қызметке тұруға бірегей мүмкіндік ашады деп көзделіп отыр. Жоғары әкімшілік және саяси лауазымдарға бос орындар пайда болған жағдайда Президенттік жастар кадр резервінде тұрған тұлғалардың кандидатуралары қаралатын болады. Бұл ретте Президенттік жастар кадр резервіне қабылданған тұлғалар резервте тұрған кезеңде лауазымға міндетті түрде тағайындалуы шарт болып табылмайды. Резервте тұрған тұлғалар ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясында және оның филиалдарында одан әрі кәсіби және тұлғалық даму үшін оқыту курстары мен тренингтерден өту мүмкіндігіне ие болады.

6) «Мемлекеттік қызмет мектебі». Мемлекеттік қызмет мектебі жас көшбасшыларды оқыту, мемлекеттік органдарда тағылымдамадан өткізу арқылы мемлекеттік қызметтің іс жүзіндегі дағдыларын үйренуге мүмкіндік береді. Мемлекеттік қызмет мектебіне жоғары оқу орындарының 3-4 курс студенттері қабылданады. Бұл бағдарламаның негізгі мақсаты – келешегін мемлекеттік қызметке арнағысы келетін жас маманның ЖОО дипломымен бірге мемлекеттік қызметтің талап-дағдыларын да қоса меңгеріп шығуына көмектесу.

7) «Жастар Отанға!». Бұл бағдарлама жастарды табысты келешекке жетелейтін иделогиялық бағдар болып табылады. Бағдарламадағы барлық мақсаттар мен міндеттер еліміздің «Қазақстан-2050» Стратегиясының идеясына арқа сүйеген және оны табысты іске асыруға бағытталған. Бағдарламаның басты ерекшелігі, міндеттерді тізіп шығу емес, оны іске асырудағы жаңа тұжырымдама болып табылады. Жастар тек игілікті алушылар ғана емес, оның бастамашысы және аталған бастаманың тікелей орындаушылары да болады. Жастардың мұндай кешендік нақты шаралары, партия мен «Жас Отанның» қайта жүктеу үдерісіне сәйкес келеді.

Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бастамасымен 2019 жыл Қазақстан Республкасында «Жастар жылы» деп аталған болатын. Осыған орай 2019 жылға келесі негізгі жобалар мен іс-шараларды жүзеге асыру көзделген болатын: Қазақстан-Ресей жастар ынтымақтастығы форумын өткізу; «ZEREN 2019» республикалық білім беру жастар лагерін өткізу; Шымкент қаласында еңбек жастарының форумын өткізу; ҚР Президенті жанындағы жастар саясаты жөніндегі кеңестің кеңейтілген отырысын өткізу; Мемлекеттік тапсырма аясында Жастар саясаты саласында 4 әлеуметтік зерттеу, сондай-ақ жыл сайынғы «Қазақстан жастары» ұлттық баяндамасын дайындау.

Сондай-ақ, жастар жылын өткізу бойынша жол картасы шеңберінде 4 блок (тірек іс-шаралар, жаңа бастамалар, ҮЕҰ гранттық қолдау, мемлекеттік органдардың іс-шаралары) және бес бағыт көзделген [3]:

Бірінші. Жастарды, оның ішінде жұмыс істейтіндерді тұрғын үймен қамтамасыз ету.  Жұмыс істейтін жастар (жас мамандар) үшін жыл сайын үш қалаға (Нұр-сұлтан, Алматы, Шымкент) кемінде бір мың жалдамалы пәтер салу жоспарлануда.

Екінші. Жастарды еңбекпен қамту. «Жас кәсіпкер» бағдарламасын әзірлеу, жас кәсіпкерлерді қолдау, оқыту, жаңа бизнес жобаларды іске асыру үшін мемлекеттік гранттар ұсыну қарастырылған.

Үшінші. Білім беру мен волонтерлікті дамыту. «Жас маман» бағдарламасын әзірлеу көзделген.  Барлық жоғары оқу орындары мен колледждерді Ашық университет жобасына қосу.

Төртінші. Жастардың әлеуметтік белсенділігін дамыту. «Жасыл Ел» қозғалысы негізінде «Жасыл қала - Жасыл ауыл» жалпыұлттық жобасын іске асыру көзделген. Құрылыс компанияларында Студенттік құрылыс отрядтары үшін квота бөлу. 2025 жылға дейін әскери-патриоттық тәрбие беру бағдарламасын әзірлеу және басқалар.

Бесінші. Жас отбасын, денсаулықты және әлеуметтік инклюзивтілікті қолдау. Өңірлік жастар чемпионаттары мен студенттік универсиадаларды өткізу тәжірибесін жаңарту жоспарлануда.

Жастар жылы аясында елімізде келесідей өзгерістер күтілуде деп жоспарланған болатын:

1) Жастар ресурстық орталықтарын жастарға қызмет көрсету орталықтарына айналдыру;

2) Жастарға мейірімді мекен «Жастарды дамыту индексін енгізу»;

3) «Қазақстан жастары 2019» ұлттық баяндамасын дайындау;

4) жастар туралы ақпараттық ресурстар қызметін автоматтандыру;

5) NEET жастар үлесін төмендету;

6) халықаралық рейтингтерде Қазақстан жастарының жағдайын жақсарту;

7) «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының ақшалай сыйақы мөлшерін 1 млн. теңгеге дейін ұлғайту мүмкіндігін қарау.

Қазақ жастары - елдің болашағы. Қай кезде де халқымыз өзінің болашағы-жастар тәрбиесіне көңіл бөліп отырған. Ұлт пен ұлыстың аманатын арқалаған жас өскінді тәрбиелеудің жолдары мен амалдары да сан тарау. Солардың ішін-де шешуші рөл атқаратын тәлімі мен тәрбиенің бір түрі - жастарды патриотизм үлгісінде тәрбиелеу маңызды іс саналады. Қазіргі кезде жастарымыздың арасында Отанды қорғауға деген саналы көзқарастың болмауы салдарынан әскер қатарында қилы келеңсіздіктер жиі кездесіп қалады. Сондықтан да балабақшадан бастап, мектепте, ЖОО-да және өзге де мекемелерде патриоттық тәрбие беруді қолға алудың қажеттігі айқын байқалуда. Тәрбиенің бұл түрі жас ұрпақты елін қорғауға, ұлттық әскер сапында адал қызмет атқаруға, азаматтық қасиеттерге баулиды.

Жастар саясаты - ел ертеңін айқындайтын басым бағыт. Жастар саясаты жастардың білім, еңбек және жұмыспен қамту, денсаулық сақтау саласындағы әлеуметтік құқықтарын қамтамасыз етуге, шығармашылық әлеуетін дамытуға, жастарды ауқымды әлеуметтендіру және патриотизм құндылықтарын қалыптастыру үшін жағдай жасауға бағытталған. Мемлекеттік жастар саясатының басты мақсаттарының бірі - еліміздің әлеуметтік, экономикалық, мәдени дамуына үлес қосуға, ұлттық қауіпсіздікті нығайтуға тәрбиелеу. «Мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндік беруі тиіс. Ол жастар өмірдегі өзінің жеке табысын іздей отырып, жақындары, өз халқы және Отаны үшін жағдай туғызатын азаматтар болуы тиіс. Мен біздің жастарға сенемін», - деген Н.Назарбаевтың үмітін жастар әрқашан ақтар.

Әбу Насыр әл-Фарабиден бір әмірші өз елінің болашағы туралы сұрағанда: «Сен алдымен жастарыңды көрсет, сонда мемлекетіңнің болашағын барлау қиынға соқпайды», – деген екен. Қай кезеңде де елдің ертеңі, мемлекеттің тірегі – жастар. Тәуелсіздіктің тұғырлы, мемлекет мәртебесінің биік болуы да – болашаққа бет бұрған жалынды жастардың қолында. Сондықтан да, жас буынға қолдау көрсету тек бір жылмен ғана шектелмейді. Жылдан-жылға жалғаса береді…

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Назарбаев Н.Ә. «Әлеуметтік экономикалық жаңғырту – Қазақстан дамуының басты бағыты» Қазақстан Халқына Жолдауы// Егемен Қазақстан 27 қаңтар 2012 жыл
  2. Усенова Г. «Жұмыспен қамту және экономикалық өсу» Ақиқат № 2, 2009
  3. «Жұмыспен қамту -2020» бағдарламасы
  4. «Жас Отан» Жастар қанатының төрағалығы [Электронды ресурс] https://www.inform.kz/kz/jas-otan-zhana-toragasy-kyzmetin-natizheli-atkarady-dep-senemin-maulen-ashimbaev_a3523280
  5. Назарбаев предлагает провести весной съезд «Жас Отан». Gazeta.kz. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2011.
  6. Глава государства Нурсултан Назарбаев принял участие в работе первого съезда Молодежного крыла «Жас Отан». [Электронды ресурс] Akorda.kz. Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 тамыз 2011. Тексерілді, 10 қараша 2011.
  7. В Астане состоялся I Съезд молодежного крыла «Жас Отан». Аккольский акимат. [Электронды ресурс] Басты дереккөзінен мұрағатталған 15 тамыз 2011.Тексерілді, 10 қараша 2011.

Партнеры G Global