Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

ӘОЖ 342.5(574)

САРСЕМБЕКҰЛЫ Р., ДОМАЛАТОВ Е.Б.

С.Аманжолов атындағы ШҚМУ, Өскемен қаласы

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНДАҒЫ МЕМЛЕКЕТТІК БИЛІК ОРГАНДАРЫНЫҢ ЖҮЙЕСІ

Саясаттың негізгі мәселесі билік болғандықтан, саясатты билік теориясы үлкен орын алады. Билік саясаттың саяси институттар мен барлық саяси әлемнің мінін түсініп білуге көмектеседі. Шығыстың көрнекті ойшылы Ибн-Халдун (1332-1406) адамның басқа жан-жануарлардан ерекшелігі – ол билік үшін күреседі деген екен. Ағылшын философы, қоғам қайраткері Бертран Рассель (1872-1970) физикада басты ұғым энергия болса, қоғамдық ғылымдарда негізгі ұғым билік болып табылады деген. Американың әйгілі әлеуметтанушысы Талкотт Парсонс (1902-1979) экономикалық жүйеде ақша қандай орын алса, саяси жүйеде билік те соншалықты орын алады деп тұжырымдаған [1].

Билік туралы мынандай тұжырымдамалар бар: теологиялық, бихевиористік, инструменталистік, структуралистік, конфликтілік. Сонымен билік деп белгілі бір әлеуметтік одақтардың (рудың, таптың, халықтың) немесе жеке тұлғаның түрлі әдістерді, соның ішінде мәжбүрлеу әдістерін пайдалана отырып, адамдардың өз еркіне бағындыру қабілетін қамтамасыз ететін ұйымдастырылған күш. Алғашқы қауымдық құрылыс кезеңінде билік қоғамдық сипатта болды. Мұнда қауым болып тайпаларды басқарды. Құл иеленушілік құрылыста құл иеленушілер және құлдар пайда болып, теңсіздік туды. Бір таптың екінші бір тапты бағындыру қажеттілігі туды. Осылай билік аппараты дүниеге келді, адамдарды еркінен тыс, ықтиярсыз еркіне көндірген мекемелер пайда болды.

Әйгілі неміс социологы, философ, тарихшы және саяси экономист Макс Вебер (1864-1920) биліктің көздерін келесідей жіктеп көрсеткен [2]:

Күш көрсету (физикалық күш, қару-жарақ, ұйымдастырылған топ, күш қолдану қатері)

Бедел (отбасылық және әлеуметтік байланыстар, харизм, сараптамалық (арнайы) білім, сенім)

Құқық (ереже және өкілеттілік, ресурстарды бақылау, әдет-ғұрып және дәстүр)

Түрлі ғылыми еңбектерде «Билік» сөзі әр мағынада қолданылады. дегенмен оны ықпал ету бағыты мен объектісіне байланысты жалпылама түрде келесідей жіктеуге болады:

Рахат 1

Сурет 1. Билік классификациясы мен түрлері

Бірақ биліктің толық мағынасы мемлекеттік-саяси салада ғана айқындалады. Сондықтан саяси билік биліктің ең негізгі түріне жатады.

Биліктің басқа түрлерімен салыстырғанда саяси биліктің мынадай ерекшеліктері бар оның өктемдік сипаты, оның бүкіл қоғамның атынан билік жүргізуі, басқарумен кәсіби айналысатын адамдардың мүддесін қорғауы, басқа мекемелерге қарағанда билік органдарының тәуелсіздігі, қоғам өмірінің жұмыс тәртібін белгілеуде жеке-дара құқығы, мемлекет шеңберінде ашық күш қолдана алуы, т.с.с. Саяси билік бар жерде теңсіздік бар. Мұнда біреулер билеуге құқықты да, екіншілері оларға бағынуға міндетті болып келеді.

Бірақ Қазақстан Республикасы Конституциясына сәйкес мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық және билікті тікелей республикалық референдум және еркін сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билігін жүзеге асыруды мемлекеттік органдарға береді деп көрсетілген [3]. Сондай-ақ халық пен мемлекет атынан билік жүргізуге Республика Президентінің, сондай-ақ өзінің конституциялық өкілеттігі шегінде Парламенттің құқығы бар. Республика Үкіметі мен өзге де мемлекеттік органдар мемлекет атынан оларға берілген өкілеттіктері шегінде ғана билік жүргізеді. Конституцияның  3-бабының 4 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасында мемлекеттік билік біртұтас және заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтары болып бөлінеді.

Республика Призиденті мемлекеттік аппаратта ерекше орын алады, ол үш биліктің біріне де жатпайды. Ол мемлекет билігінің барлық тармағының келісіп жұмыс жасауын және өкімет органдарының халық алдындағы жауапкершілігін қамтамасыз етеді. Президент – мемлекеттің басшысы, мемлекеттің ішкі және сыртқы саясатының негізгі бағыттарын айқындайтын, ел ішінде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкілдік ететін жоғары лауазымды тұлға. Президент халық пен мемлекеттік билік бірлігінің, Конституцияның мызғымастығының адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының  нышаны әрі кепілі.

Заң шығарушы билік органдары

Жоғарғы өкілеттік органдарды халық сайлайды. Парламент – заң шығару функциясын жүзеге асыратын Республиканың ең жоғарғы өкілді органы. Парламент тұрақты негізде жұмыс  істейтін екі палатадан: Сенат және Мәжілістен тұрады. Сенат облыстардан, республикалық маңызы бар қаладан және  астанасынан екі адамнан тиісінше барлық өкілді органдары депутаттарының бірлескен отырысында сайланатын депутаттардан тұрады. Жеті депутатты Президент тағайындайды. Мәжіліс Республиканың әкімшілік-аумақтық бөлінісі ескеріле отырып, құрылатын және сайлаушылар саны шамамен тең бір мандатты аумақтық сайлау округтері бойынша сайланатын алпыс жеті депутаттардан тұрады. Негізінде заң шығару тек парламенттің құзыреті, бірақ кейде басқа жоғарғы органдар осы жұмысқа кіріседі. Парламент кейбір заңдарды қабылдау құқығын Президентке береді, оны делегаттық  заңдылық деп атайды. Қазақстан тарихында екі палаталық парламент 1995 жылғы Конституциясында жарияланған. Бұл Парламенттің қабылдаған заңдарының сапасын көтеруге, парламентті біршама тұрақты және орнықты органға айналдыру үшін қолданған шара. Қазақстанның сайлау жүйесі мажоритарлық типке жатады, сайлауға депутаттар жиырма   бес жасқа толуы керек.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 54-бабына сәйкес, Парламент палаталарының бөлек отырысында мәселелерді әуелі Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы [3]:

1) заңдар қабылдайды;

2) республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есептерді, бюджетке енгізілетін өзгертулер мен толықтыруларды талқылайды, мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды;

3) Қазақстан Республикасының әкімшілік-аумақтық құрылысының мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;

4) мемлекеттік наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметті, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік рәміздерін белгілейді;

5) мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;

6) азаматтарға рақымшылық жасау туралы актілер шығарады;

7) Республиканың халықаралық шарттарын бекітеді және олардың күшін жояды.

Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық Заңының 9-бабына сәйкес [4], Палаталарды мемлекеттік тілді еркін меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжіліс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат Төрағасының қызметіне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президенті ұсынады. Мәжіліс Төрағасының қызметіне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады. Палаталар әр Палатада саны жетіден аспайтын тұрақты комитеттер құрады. Палаталардың бірлескен қызметіне қатысты мәселелерді шешу үшін Сенат пен мәжіліс тепе-тең негізде бірлескен комиссиялар құруға хақылы. Комитеттер мен комиссиялар өз құзырындағы мәселелер бойынша қаулылар шығарады. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкілеттігі және қызметін ұйымдастыру тәртібі заңмен белгіленеді. Парламент Республиканың бүкіл аумағында міндетті күші бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттің қаулылары, Сенат пен Мәжілістің қаулылары түрінде заң актілерін қабылдайды. Республиканың заңдары Республика Президенті қол қойғаннан кейін күшіне енеді.

Атқарушы билік органдары

Атқару билігі Үкіметтің қолында болады. Президенттік республикаларда үкімет саяси және ұйымдық тұрғыдан Президент қамтитын атқарушы билік тармағына жатады. Парламенттің қатысуымен Президент басқарады әрі құрады, оның дербес құзыретті алқалы шешуші органы. Кабинет мүшелері бүкіл халық сайлаған  Президент алдында дербес жауап береді. Үкіметтің нақты егеменділігі нақты мемлекет басшысының субъективтік пікіріне тікелей тәуелді. Қазақстан Республикасының үкіметі – атқарушы билікті жүзеге асыратын, атқарушы органдардың жүйесін басқаратын және олардың қызметіне басшылық ететін мемлекеттік орган. Оның заңдық ауқым  тұрғысынан – Конституцияда және қолданылып жүрген заңдарда белгіленген. «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңның 1-бабына сәйкес [5], Үкімет Қазақстан Республикасының атқарушы билігін жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесін басқарады және олардың қызметіне басшылық жасайды.

Үкіметті Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі, орынбасарлары, Республика Үкіметінің аппаратының басшысы, Республика министрлері, мемлекеттік комитеттердің төрағалары құрамында Республика Президенті құрады.

 «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Конституциялық Заңның 4-бабына сәйкес, Республика Үкіметінің өкілеттік мерзімі төмендегідей: Республика Үкіметі Президенттің өкілеттік мерзімі біткенше іс-қимыл жасайды және жаңадан сайланған Республика Президенті алдында өзінің өкілеттіктерін доғарады. Республика Үкіметінің жаңа құрамы бекітілгенге дейін Республика үкіметі өз міндеттерін атқара береді.

Қазақстан Республикасының Конституциясының 60-бабында Үкіметтің келесідей құзыреті берілген. Оларға қысқаша сипаттама беріп өтелік [3]:

1) мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабілетінің, қауіпсіздігінің, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етудің негізгі бағыттарын әзірлейді және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;

2)Парламентке республикалық бюджетті және оның атқарылуы туралы есепті әзірлеп ұсынады, бюджеттің атқарылуын қамтамасыз етеді;

3)Мәжіліске заң жобаларын енгізеді және заңдардың орындалуын қамтамасыз етеді;

4) Мемлекеттік меншікті басқаруды ұйымдастырады;

5) Республиканың сыртқы саясатын жүргізу жөнінде шаралар әзірлейді;

6) Министрліктердің, мемлекеттік комитеттердің, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдардың қызметіне басшылық жасайды;

7) Республиканың министрліктері, мемлекеттік комитеттері, өзге де орталық және жергілікті атқарушы органдары актілерінің қолданылуын толық не бір бөлігінде жояды немесе тоқтата тұрады;

8)Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;

9) Конституциямен, заңдармен және Президент актілерімен өзіне жүктелген өзге де қызметтерді орындайды.

Үкімет құрылымы төмендегідей: Премьер-Министр, оның орынбасарлары, Үкімет аппаратының басшысы, 14 министрлік және 11 мемлекеттік комитет. Олар өздерінің құзыреті бойынша бұйрық және инструкция қабылдайды. Үкімет өзінің бүкіл қызметіне Конституцияда және Республика Президентінің алдында жауапты. Премъер – Министр және оның орынбасарлары, Үкімет аппаратының басшысы Төралқаның құрамына кіреді. Премьер-Министр өзінің өкімімен Төралқа құрамына Үкіметтің басқа да мүшелерін кіргізуге хақылы. Министрлік тиісті мемлекеттік басқару саласына басшылықты, сондай-ақ заңдармен көзделген шекті-салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Республика орталық атқарушы органы болып  табылады.

Республика Премьер-Министрі Үкіметтің жұмысын ұйымдастырады және Үкімет мүшелерінің арасындағы қызметтік  міндеттерді бөледі; Республика Президентімен, Парламентпен, Конституциялық Кеңеспен, Жоғарғы Сотпен, Бас прокуратурамен, басқа мемлекеттік органдармен қарым-қатынаста Үкіметтің атынан өкілдік етеді немесе Үкімет атынан өкілдік етуді тапсырады; халықаралық қатынастарда Үкімет атынан өкілдік етуді тапсырады; Үкімет мүшелерінің орталық және жергілікті атқарушы органдар басшыларының есебін тыңдап отырады; заңмен қарастырылған өзге де өкілеттіктерді атқарады.

Сот билігі

Қазақстандағы сот билігі біртұтас мемлекеттік биліктің дербес тармағы болып табылады. Ол Республика атынан жүзеге асырылады. Сот билігі өзіне азаматтардың, олардың бірлестіктерінің құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерін, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың құқықтармен заңды мүдделерін қорғауды, Қазақстан Республикасы Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтык актілерінің, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етуді мақсат етіп қояды. Сот билігі Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтік-құқықтық актілерінің, халықаралық шарттарының негізінде туындайтын барлық істер мен дауларды шешуде қолданылады. Соттар шешімдерінің, үкімдері мен өзге де қаулыларының бүкіл Қазақстан аумағында міндетті күші болады.

«Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132 Конституциялық заңының 3-бабына сәйкес сот жүйесi келесіден тұрады [6]:

1) Қазақстан Республикасының Жоғарғы соты

2) Жергiлiктi соттарға мыналар жатады: облыстық және оларға теңестiрiлген соттар (Республика астанасының қалалық соты, республикалық маңызы бар қалалардың қалалық соттары); аудандық және оларға теңестірілген соттар (қалалық сот, ауданаралық сот).

3) Мамандандырылған (әскери, қаржылық, экономикалық, әкiмшiлiк, кәмелетке толмағандардың iстерi жөнiндегi және басқа) соттар.

Қазақстан Республикасының сот жүйесіне кірмейтін «Астана» халықаралық қаржы орталығы сотының ерекше мәртебесі бар.

Жоғарыдағы айтылғандарды қорытындылай келе біз Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік жүйесінің келесідей сызбасын жасай аламыз (сурет 2):

Рахат 2

Сурет 2. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттік билік жүйесі

Биліктің кең тарихи жолына қарамастан, бүгінгі таңда Қазақстан Республикасында қалыптасқан биліктің үш тармағы да еліміздің Ата заңына және халықаралық деклорацияларға сәйкес қызметін атқарған жағдайда, Қазақстан Республикасы Ұлт мақсатына айналған «Дамыған 30 елдің қатарына енетіні» сөзсіз. Себебі кез-келген билік жүйесі ол ҚР Конституциясы мен қазақстан халқының мүддесін қорғауы тиіс. Билік органдары бір қарағанда өзара байланыссыз болғанымен, ел ішіндегі тұрақтылық, экономиканың дамуы және өзге де әлеуметтік-экономикалық, құқықтық мәселелердің барлығы аталған билік тармақтары жүйесіндегі мемлекеттік басқару органдарына байланысты. Мәселен, ҚР Үкіметі мен Парламенті бірлесе белгілі бір бағдарламаны ойлап тапса, оны жүзеге асырылуын аталған билік тармақтары бірыңғай организм ретінде қадағалауы тиіс.

ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

  1. Саяси билік. О.Бөкей атындағы қалалық кітапхана. [Электронный ресурс]. URL.: https://kitaphana.kz/ka/downloads/referatu-na-kazakskom/238-sayasattanu/3275-saiasi-bilik.html (дата обращения 14.11.2019)
  2. Власть. Свободная энциклопедия Википедия [Электронный ресурс]. URL.:https://ru.wikipedia.org/wiki/%D0%92%D0%BB%D0%B0%D1%81%D1%82%D1%8C (дата обращения 14.11.2019)
  3. Қазақстан Республикасының Конституциясы (1995 жылы 30 тамызда республикалық референдумда қабылданды). [Электронный ресурс]. : http://adilet.zan.kz/kaz/docs/K950001000_ (дата обращения 14.11.2019)
  4. «Қазақстан Республикасының Парламенті және оның депутаттарының мәртебесі туралы» 1995 жылғы 16 қазандағы № 2529 Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңы (2017.15.06. берілген өзгерістер мен толықтыруларымен) [Электронный ресурс]. URL.: https://online.zakon.kz
  5. «Қазақстан Республикасының Үкіметі туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 18 желтоқсандағы N 2688 Конституциялық заңы. [Электронный ресурс]. URL.: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z950002688_ (дата обращения 14.11.2019)
  6. «Қазақстан Республикасының сот жүйесі мен судьяларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 25 желтоқсандағы N 132 Конституциялық заңы. [Электронный ресурс]. URL.: http://adilet.zan.kz/kaz/docs/Z000000132_ (дата обращения 14.11.2019)

Партнеры G Global