Международный секретариат G-Global г.Нур-Султан, ул.Темирказык, 65, офис 116 тел.: 7(7172) 278903

Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті

Әлемге аты әйгілі ұлы ұстаз Әбу Насыр Әл-Фараби атымен аталған Қазақ Ұлттық университеті -  әлем елдері мойындаған, еліміздегі білім көшбасшысы, сапалы білімнің қайнар көзі және де білікті кадрларды даярлайтын терең білім мен өнегелі тәрбие ордасы саналады. Мен өз университетімді «Алатау бөктеріндегі - білім қалашығы» атап кеттім. Бұлай атауымның басты себебі 80 жылдық тарихы бар ауқымды білім ордамыз бүгінгі күні еліміздегі қоғам өмірі мен білімі, ғылым саласының қалыптасуы мен дамуы кезеңдерінің куәгері болып, Алатау сыңды таудай биік белестерді бағындыруда. Осындай білім ордамызда болашақтың іргетасын берік қалайтын білікті де білімді, жан-жақты мамандар даярланып келеді. Қара шаңырақтың қол астына жиылған жиырма мыңға жуық ізденушінің талабын тауға қарай домалатар жағдайдың барлығы да жасалған. Бүгінгі таңда университет қабырғасында 13 факультетте 30 мыңға жуық болашақ кадрлар дәріс алып келеді.

1994 жылдан бастап  Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық Университеті, Философия және саясаттану факультетінде Мәдениеттану мамандығы оқу үрдісіне енген. Мәдениеттану — мәдениет туралы ғылым, сонымен қатар философиялық ілім, өйткені ол философияның басты саласы, мәдениет философиясын қамтиды. Бұл мамандық жас болса да өзінің ерекшелігімен университет шыңында тұр. Біз өзімізді қазақ қоғамында мәдениетсіз елестете алмаймыз. Себебі мәдениет– ең біріншіден қоғамның қозғаушы күші болып саналады, сонымен қатар әрбір адамның рухани және материалдық құндылығын, ұлттық сана сезімін оятуда мәдениеттің орны ерекше екені белгілі. Мәдениеттің алға басуы адам үшін, оның мүдделері мен өзіндік мақсаттары бағытында толыққанды ашылуы болып табылады.

Қоғамның негізгі тірегі - азаттық рухы мен бабалар өнегесін бойына сіңірген, білімге деген талпынысы жоғары, алдына биік мақсаттар қоя білетін жалынды жастар. Мәдениеттану - бұл студенттердің қоғамдық-саяси, мәдени-көпшілік, тілдік және ғылыми қызығушылықтарын арттыруға бағытталған қоғамдық пән болып табылады.

«Исламтану» мамандығының бүгінгі таңдағы қажеттілігі өзінен өзі туындайды, оны тек гуманитарлық ғылымдар саласына ғана емес, жалпы теоретикалық пәндер қатарына жатқызуға болады, өйткені ол адамзат баласының рухани өміріндегі сан алуан құбылыстарды жүйелі түрде қарастырады. Исламтану мамандығы ислам дінінің тарихымен қатар, қазіргі қоғамда таралуын зерттейді. Діннің дұрыс бағытта берілуін және қоғамның қалай қабылдануына дейін зерттейді.

Талай түлектің арманына айналған Қазақ Ұлттық университеті атына заты сай әсем қалашық өз білімі мен дарынына сенетін көңілді де ізденімпаз жастардың ордасы екені көзге көрініп-ақ тұр. Осыған байланысты біздің таңдаған мамандығымыз болашақта интеллектуалды, креативті және рухани жағынан байыған маман даярлауға өз септігін тигізеді деген сенімдеміз.

Университет және ондағы білікті ұстаздар болашаққа нық қадам бастырар саналы ғұмырдың бір айғағы сынды. Кез келген адам өмірде қандай із қалды­рамын деген ойды есте берік ұстауы керек. Елімізде өсіп келе жатқан жастардың осындай мақсаттарын жүзеге асыру, тиісті деңгейде білім алу әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің рөлі өте зор!

Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университеті,

Философия және саясаттану факультеті,

Исламтану мамандығы, 2 курс студенті,

Батырхан Шапағат

 

Партнеры G Global